
Жалағаш ауданы бойынша 17 мәдениет ұйымдары жұмыс жасайды. Мәдениет және өнерді дамыту орталығы, 1 аудандық, 6 ауылдық мәдениет үйі мен 9 ауылдық клуб кәсіпорындары, 4 халықтық ұжым, №1 және №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешені халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
2026 жылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени тәрбиесін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған үйірмелермен қамту бағытында 109 көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс жасап, оған тартылған өнерпаздар саны - 1200-ге артты. Оның ішінде 6-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын үйірме -81, қатысушылар саны - 867.
Үйірме қатысушылар 2026 жылдың I тоқсанында 1 - халықаралық, 5 - республикалық, 8 - облыстық, 1 - аудандық байқауға қатысып жүлделі орындар иеленді.
«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасына сәйкес ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен қамтуға бағытталған түрлі форматтағы 374 іс-шаралар: оның ішінде театр қойылымдары, шығармашылық конкурстар, фестивальдер, көрмелер, сұхбаттар, акциялар ұйымдастырылды. Оған 40 980 көрермен тартылды.
Биыл жыл басынан бастап "Алтын-Арай" халық ән-би ансамблінің аудан тұрғындарына арналған жаңа бағыттағы “Біздің концерт” атты шығармашылық кеші, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының студенті, халықаралық, республикалық дәстүрлі әншілер байқауларының жүлдегері Д.Аңсағанмен кездесу кеші, «Нәзік жанды агроном» атты облысқа танымал бас агроном, туған жеріміздің мақтанышы «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Асқарова Ханбибі Дуланқызымен кездесу кеші, жас ақын Дидар Өмірзақтың «Ақ бұлттарды алақанға қондырып» атты жыр кітабының тұсаукесер рәсімі, қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай, «Соғады жүрек...» атты әдеби-сазды кеші, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Руханият орталығында аудан әкімінің қабылдауы, аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде концерттік бағдарлама өткізілді.
Сонымен қатар наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні орталық алаңда аудан әкімі А.Ибраимовтың қатысуымен 14 наурыз күні – «Амал» мерекесіне орай арналған «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен қауышу» атты театрландырылған қойылым, мерекелік концерт өткізілді, іс-шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, наурыз көже мен ыстық бауырсақтар әзірленіп аудан тұрғындарына таратылса, жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. 15 наурыз қайырымдылық күні - қарсаңында «Наурыз шапағаты» атты қайырымдылық акциясына аудан тұрғындары, кәсіпкерлер мен еркітілер тартылып тұрмысы төмен отбасылар және көпбалалы жалғызбасты аналарға азық-түлік себеттері таратылды. 16 наурыз мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні - Жалағаш кентінің орталығында ауылдық мәдениет үйлері мен клубатырының қатысуымен «Көне дәуір күмбезі» атты III дәстүрлі ұлттық өнер фестивалі ұйымдастырылды. 17 наурыз шаңырақ күні - Руханият орталығында аудан көлемінде бірлігі мен берекесі жарасқан, көпке үлгі болып отырған «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді. Сонымен қатар Руханият орталығында аудан ардагерлері арасында "Баталы елге бақ қонар" атты аудандық бата беру байқауы өткізілді. 18 наурыз ұлттық киім күні - Руханият орталығында «Әсем қадам» атты қазақ халқының ұлттық, сәндік киімдерін көрсетуден аудандық фестивалі ұйымдастырылды. 19 наурыз жаңару күні - «Наурыз – жаңару» атты Жалағаш кентінде және барлық елді мекендерде көркейту-көгалдандыру жұмыстары, орталық стадионда аудан әкімі А.Ибраимов және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен тал егу акциясы өткізілді. 20 наурыз ұлттық спорт күні - аудан әкімі А.Ибраимов және аудан ардагерлері мен қызметкерлерінің қатысуымен ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды, Жалағаш кенті Әйтеке би көшесінен бастау алған ұлттық киімдер шеруі А.Ізтілеуова көшесіндегі спорт кешені ауласындағы ұлттық спорттық сайыстарды тамашалады. 21 наурыз ынтымақ күні - Жалағаш ауданына қарасты ауылдық округтерде «Береке басы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. 22 наурыз жыл басы күні - Жалағаш кентіндегі орталық стадионда қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағамдар көрмесі және наурыз көже қатары орналасып тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Іс-шара барысында киіз үйлер қатары бой көтеріп, ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Іс-шара аясында "Нұр себеле, Әз Наурыз" атты театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
КІТАПХАНА ІСІ
Жүйе бойынша 354 мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, оған 8845 оқырман қамтылған. Кітап қоры – 378534, мемлекеттік тілде – 235610.Оқырман саны – 4 999, кітап берілімі – 92 132, келушілер саны – 40 045.
Аудан кітапханаларында кітап басылымдарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Аудандық кітапхана қорындағы 917 дана жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары мен 2512 дана жергілікті мерзімді басылымның электрондық көшірмелерін санды форматқа көшіріп, бүгінгі күнге 456 оқырманның пайдалануына мүмкіндік берілді.
Сондай-ақ, цифрлық кітапханаларға тегін қол жеткізуін қамтамасыз ету бағытында «Руханият» орталығында электронды залдың мүмкіндігі жоғары. Оқырмандар Қазақстандағы кітапханалардың жиынтық электрондық каталогына, "kazneb.kz" мобильді қосымшасында тиімді пайдалануда. Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудандық кітапхана түнгі мезгілде жұмыс жасауда.
Жалағаш ауданы бойынша тарихи-мәдени объектІ саны - 58, оның ішінде республикалық маңызы бар - 1, жергілікті маңызы бар ескерткіштер - 54, алдын ала есепке алынған - 3. Қазіргі таңда 54 ескерткіштің жер құқығын растайтын құжаттары рәсімделген.
Облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның қортындысымен 2026 жылдың 1 ақпанына жаңадан 3 ескерткіш қосылды. Қазіргі таңда аталған 3 ескерткіш бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. (Аққыр елді мекеніне Байбақты мұнарасы, Ешмұхаммед молда мешіті, Қаракеткен елді мекенінде Шәмпі мұнарасы ескерткіші қосылған).
Мемлекеттік органдардағы тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік тілдегі шығыс құжатының үлесі 100 пайызды құрап отыр.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарының сақталуына қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 12 кәсіпкерлік субъектілеріне (дүкендер, жарнама агенттігі, мейрамхана, сән салондары, т.б.) мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аудандағы шағын және орта бизнес өкілдеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау және реттеу мақсатында whatsapp, телеграмм әлеуметтік желілері арқылы әдістемелік көмек көрсету ұсынылған.