
Жалағаш ауданындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 14 пен 35 жас аралығында 10 816 (30,1%) жас тіркелген, оның ішінде 5885 - ер азаматтар, 4931 - әйел.
Жалағаш ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылы құрылған. Штат саны – 7 (директор – 1, кеңесші – 6). Қазіргі таңда «Руханият орталығы» ғимаратында орналасқан.
Жалағаш ауданындағы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 24135.0 мың.теңге және жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 10671.0 мың.теңге қаржы бөлінді.
2025 жылдың 9 айы бойынша жастар ресурстық орталығы және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 144 шара өткізіліп, оған 4100-ге жуық жас қатыстырылды.
Жобалар мен айдарлар:
«Сұхбат-time» – табысты жастармен сұхбаттар (мысалы, IQanat жеңімпаздары, өнер иелері).
«КәсіпLife» – жас кәсіпкерлерді, табысты бастамаларды насихаттау (балмұздақ, асхана, массаж орталығы, қой шаруашылығы, би студиясы, кондитерлік бизнес).
«Кинотайм» – тегін кино көрсетілімдері.
Ұлттық домбыра күні
Ұлттық домбыра күніне орай Жастар ресурстық орталығы мен Мәдениет және өнерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Dombyra Party» атты әсерлі мәдени шара өтті.
Жастар күні онкүндігі
12 тамыз – Халықаралық жастар күнінде тазалық акциясы, медициналық тексерулер, форумдар, «Muz Live» караоке, гала-концерт, неке қию рәсімі, құқықтық және мәдени шаралар он күн бойы өткізілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.
Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында ауданымызда аудан жастарының қатысуымен тазалық жұмыстары жыл басынан бері өз жалғасын тауып келеді.
«Жемқорлықсыз әлем» сурет байқауы.
Ақтерек сауықтыру лагерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Жемқорлықсыз әлем» атты сурет байқауы өтті.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік құндылықтарын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша көзқарасын шығармашылық тұрғыда жеткізу. Байқауға қатысушылар өз туындылары арқылы әділетті қоғамға деген көзқарасын, ұстанымын көркем түрде бейнеледі.
«Зияткер» білім бәйгесі
Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы мен әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жоғары сынып оқушылары арасында интеллектуалды сайыс өтті.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Оқушылар өз білімін, ой ұшқырлығын және ізденімпаздығын сынап, үздіктер анықталды.
Жеңімпаздарға дипломдар, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
«Нашақорлық пен есірткінің зардабы»
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен студенттер мен мектеп оқушылары арасында “Нашақорлық пен есірткінің зардабы” тақырыбында еркін форматтағы ашық сұхбат өтті.
Шара барысында “Ар-Рахим” мешітінің имамы Мадиев Айбек жастарға есірткінің адам денсаулығына, отбасына және қоғамға тигізер орасан зор зияны туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Әскерге шақыру жиыны – жастардың отансүйгіштігін арттыру.
Руханият орталығында еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған аса маңызды шара – азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру мәселесіне арналған жиын өтті.
Шара Жалағаш ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Суицидтің алдын алу бейнероликтері, жасөспірімдер арасында рейдтік шаралар.
Жалағаш ауданы жастарының қатысуымен суицидтің алдын алуға бағытталған бейнеролик әзірленіп, қоғам назарына ұсынылды. Бұл бейнеролик – өмірдің мәнін ұғындыру, қиын сәттерде қолдау көрсету және әр жанның өмірге қайта ғашық болуына жол ашу мақсатында дайындалды.
Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта заңбұзушылық әрекеттерге жол бермеу мақсатында кешкі рейдтік жұмыстар жыл басынан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Рейд барысында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі және басқа да құқыққа қайшы әрекеттері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Пробация есебіндегі жастармен кездесу.
Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті.
Кездесу барысында сала мамандарының қатысуымен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, пробация талаптарын сақтау мен қайта қылмыстың салдары түсіндірілді. Азаматтарға заң аясында өмір сүрудің маңызы, қоғамға пайдалы мүше болудың жолдары көрсетілді.
Жалағаштың мақтанышы — “ДӘУІМБАЙ” құрамасы!
Алматы қаласында өткен Республикалық “Jaidarman JUNIOR” 1/2 ширек финалдық сайысында “Дәуімбай” құрамасы тамаша өнер көрсетіп, топ жарды!
Құрама өз тобының үздігі атанып, 1-орын иеленіп, ФИНАЛҒА жолдама алды!
Тереңөзек ауданында өткен «Жайдарман» ойындарының жартылай финалында тартысты дода орын алды. Ойынға қатысқан үздік құрамалардың арасында Жалағаш ауданынан келген "Дәуімбай" құрамасы да өнер көрсетіп, финалдық кезеңге жолдама алды!