
Мемлекеттік ақпараттық саясат
Жалағаш ауданы бойынша 6884 отбасы саны бар. Оның 6578 немесе 95% OTAU TV Ұлттық цифрлық телехабар құрылғысымен ("Қазтелерадио"АҚ анықтамасына сәйкес) қамтылған.
Жалағаш ауданы туралы БАҚ және интернет кеңістігінде 2023 жылдың басынан шыққан мақалалар саны- 301. Оның ішінде;
- республикалық, облыстық, аудандық газеттерге, интернет газеттерге шыққан мақалалар саны-11;
- республикалық, облыстық, аудандық сайттарға, әлеуметтік желілерге шыққан мақалалар, посттар саны -281 ;
- республикалық, облыстық телеарналарға шыққан материалдар саны-9.
Аудан жаңалықтары негізінен аудан әкімі аппаратының ресми сайтына, Facebook, Instagram, Youtube әлеуметтік желілеріндегі «Жалағаш ауданының әкімдігі» парақшасына, республикалық сайттарға, облыстық «Qyzylorda» телеарнасына, республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық», облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттеріне және басылым сайттарына, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне және газет сайтына тұрақты түрде жарияланып келеді.
Жалағаш ауданы көлемінде жұмыс жасайтын БАҚ туралы ақпарат
Ауданның медиа кеңістігінде қазіргі таңда 1 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, атап айтқанда «Сыр Медиа» ЖШС-не қарасты аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті жұмыс жасауда.
Интернет желісінде 1 БАҚ-тың веб-нұсқасы бар («Жалағаш жаршысы» газеті).
Жалағаш ауданы бойынша қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайын ақпараттандыру бойынша 1 газет жұмыс жасайды. 2023 жылдың 1 маусымына «Жалағаш жаршысы» газетінің 3097 дана таралымы бар.
Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс
Жалағаш ауданы бойынша әділет органдарында тіркелген 26 үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде қоғамдық қор 12, қоғамдық бірлестіктер 14.
Олардың ішінде белсенді жұмыс жасап тұрғаны 6 қоғамдық бірлестік және 1 қоғамдық қор, атап айтқанда “Жалағаш ауданы ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш аудандық Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігі, Жалағаш ауданы жастарының “Темірқазық” қоғамдық бірлестігі, «Туған жерім, тірегім» қоғамдық бірлестігі , “Жалағаш Даму” қоғамдық қоры.
Бүгінгі күнге 14 қоғамдық бірлестіктің 11-і және 5 қоғамдық қор 2023 жылдың 31 наурызына дейін ҮЕҰ Дерекқорлар базасына енгізілді. 7 қоғамдық қор және 1 қоғамдық бірлестік жұмысын уақытша тоқтатқан.
2 қоғамдық бірлестік Халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Жалағаш аудандық филиалдары облыстан енгізілген.
2023 жылдың 9 айында Жалағаш ауданы бойынша үкіметтік емес ұйымдармен барлығы 67 іс-шара өткізіліп, оларға барлығы 3000-ға жуық аудан тұрғындары қатыстырылды.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл
2023 жылдың есепті мерізіміндегі жағдай бойынша Жалағаш ауданында діни ахуал тұрақты. Ауданда діни ахуал тұрақтылығын сақтау мақсатында аудандық ақпараттық түсіндірме тобы, Жалағаш ауданының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия және ҚМДБ қарасты аудан көлемінде 15 мешіт жұмыс атқаруда. Демеушілер арқылы барлық мешіттердің жағдайларын қалыпты ұстап отыру мүмкіндектері қарастырылған.
Ауданда діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тұрғындарға дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру шеңберінде жастар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері арасында ақпараттық - түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық түсіндірме тобының мүшелерімен түрлі бағытта 56 шара өткізілді.
Этносаралық қатынастар туралы
Жалағаш ауданында этносаралық ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталуды. Этникалық белгілеріне сәйкес кикілжіңдер тіркелген жоқ.
Аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты бақылауда, этносаралық қатынастарға мониторинг жасалуда.
Аудан халқының 99,3% - қазақ, 0,7% - этностық топтан құралған адам саны-254. Жалағаш ауданы бойынша 99 этнос отбасы бар, барлығы - 254 адам. 0-14 жас аралығы-48, 14 жасқа дейін – 28, 14-29 жас аралығында – 48, 29-35 жас аралығында – 21, 35 жастан жоғары - 137 тұрғын бар.
І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар "Қоғамдық келісім" КММ-нің Жалағаш ауданы бойынша этносаралық сарапшысының және «Жалағаш Достық мекені» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен 7 шара ұйымдастырылып, 42-ден аса этнос өкілдері қамтылды.
Жастар саясаты
Жалағаш ауданындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 14 пен 35 жас аралығында 10 845 жас тіркелген, оның ішінде 5891 - ер азаматтар, 4954 - әйел.
Жалағаш ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2017 жылы құрылған. Штат саны – 7 (директор – 1, кеңесші – 6).
Жалағаш ауданындағы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 18 млн.теңге (2022 ж. 14,4 млн. теңге) және жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 4,2 млн.теңге (2022 ж. 4,5 млн. теңге) қаржы бөлінді.
«Жалағаш ауданындағы жұмыссыз (NEET) санатындағы жастарға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі. Жүзеге асырушы ұйым - Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі.
«Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру» әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру кызметі». Жүзеге асырушы ұйым - Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі.
«Жастар форумы және жастар сыйлығына байқау ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі. Аталған жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда жеңімпаз анықталуда.
2023 жылдың 9 айында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 150 шара өткізіліп, оған 5000- ға жуық жас қатыстырылған.
Жыл басында аудандық кітапханамен бірлесіп «Leaders» жас оқырмандар клубы құрылды, қазіргі таңда оқырмандар клубына қосылып жатқан жастар саны артып келеді.