

Жалағаш аудандық ауруханасы денсаулық сақтау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Тұрғындарға «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесі бойынша медициналық көмек көрсетіп, денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыстары мен ақылы қызметтерді жүргізіп келеді.
Құрамында – 150 төсектік аудандық орталық аурухана, 250 орындық қабылдауы бар құрамында 130 төсек орындық күндізгі стационар бөлімі бар аудандық емхана, 2 ауылдық аурухана (Мәдениет, Аққұм), 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік - акушерлік бекет, 2 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетеді.
Айта кету керек, 2019 жылға дейін Жалағаш аудандық ауруханасы ғимаратының жағдайы апатты болды, өйткені нысан 1997 жылы "асар" жолымен салынған болатын.
2019 жылдың мамырында типтік жобадағы жаңа аурухананың құрылысы басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Ғимарат аудандық емхананың жанында тұрғызылды, бұл халыққа келуге ыңғайлы. Мердігер мекеме "Әбу-СЕР" ЖШС -і. Жобаның құны 4 млрд теңгені құрады. Нысанның жалпы ауданы-3,6 гектар. Аурухана 1 терапевтік, 1 хирургиялық, 1 реанимациялық, 1 перзентхана-гинекологиялық, 1 балалар бөлімшесі, 1 асхана, 2 операциялық блогы бар үш қабаттан тұрады.
Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдың аяғында Аламесек ауылдық округінің Есет батыр ауылы мен Мырзабай Ахун ауылдық округіне қарасты Мырзабай ахун ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру институтын енгізуге байланысты, сапасыз медициналық көмек алып, денсаулыққа және өмірге зиян келген жағдайда, өтініш берушілер алғашқы кезеңде медициналық көмек көрсеткен денсаулық сақтау субъектісіне шағымдана алады.
Денсаулық сақтау субъектісінің науқастарды қолдау және ішкі сараптама қызметі (әрі қарай - Қызмет) 20 жұмыс күні ішінде шағымды қарастырып, егер медициналық көмек көрсету барысында бұзушылықтар анықталса, тәуелсіз сараптамалық комиссия (ТСК) құрады.
ТСК денсаулық сақтау субъектісінің басшысының бұйрығымен әр мамандық бойынша кемінде 3 профильді маман мен сақтандыру ұйымының өкілінен, біріккен сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы ұйымның өкілінен құралады және Қызметтен шағым түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде құрылуы тиіс.
ТСК медициналық қызмет көрсету нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгенін (немесе келтірілмегенін) анықтап, қорытынды шығару үшін 5 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды, қажет болған жағдайда мерзімін 2 айға дейін ұзартуға болады.
Егер денсаулыққа немесе өмірге зиян келтірілгені анықталса, сақтандыру төлемі төленеді.