

Ауданның жалпы жер қоры – 2873640 гектарды құрайды. Осы көлемінің ішінен 11149 гектар жерді Байқоңыр ғарыш кешені үшін Ресей Федерациясы жалға алып пайдалануда және 591563 гектар Қарағанды облысынан ұзақ мерзімге пайдалануға алынған жерлер. Аудан бойынша барлық жер пайдаланушылары жер санаттары 2019 жылдың 1 қарашасындағы жер есебі бойынша: ауылшаруашылығы жерлері–313290 гектар, елді-мекен жерлер і– 42760 гектар, өнеркәсіп, көлік, қорғаныс, байланыс және басқа бағыттағы жерлер – 15374.5 гектар, орман қорының жері – 769482 гектар, су қорының жері – 14874.5 гектар, мемлекеттік қордағы жерлер – 1717855 гектар болып бөлінді.
Қазақстан Респуликасы Жер кодексінің 43-1 және 48 баптарында көзделген тәртіппен, яғни аудан әкімдігі мен аудандық жер қатынастары бөлімімен ұйымдастырылған, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысып жер учаскелерін алуға мүмкіндігіңіз бар.
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44-2 бабының 19-тармағында Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеусіз жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.
Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу ретінде сараланады және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылықты көздейді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 136-бабына сәйкес, мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау – жеке тұлғаларға – жетпіс бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 164-1 бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 35-ші бабына сәйкес, уақытша жер пайдалану құқығы:
Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.
Арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компанияларына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне беріледі.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша жер пайдалану құқығы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компанияларына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының индустриялық аймақ құру туралы шешімінде айқындалған мерзімге, бірақ кемінде 20 жылға беріледі.
Елді мекен шегінде объектілер салу үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы кемінде үш жыл мерзімге беріледі.
5. Жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару жасалған жер учаскесін жалдау шартына немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану шартына сәйкес жүзеге асырылады.