Тұрмыстық қатты қалдықтар саласы бойынша:
Облыс аумағындағы полигондарды экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2015-2017 жылдары облысқа қарасты 145 қала, аудан, кент және ауылдық округтерге облыс әкімдігінің қаулыларымен «өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыруға» барлығы 422,27 гектар жер учаскелері белгіленді.
Бүгінгі күні облыста 145 полигон болса, оның 6 экологиялық талаптарға сәйкестендірілген.
Полигондарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде 2017-2018 жылдары жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ТҚҚ орналастыруға арналған полигонның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды (Сырдария ауданының Тереңөзек кентіне – 218,140 млн.тг).
Жалағаш, Шиелі аудандары тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптайтын полигон құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде (Анықтама ретінде: Шиелі кенті – 10,0 млн.тг, Жалағаш кенті – 5,0 млн.тг).
Жаңақорған кентінде қалдықтарды орналастыру полигоны мен сұрыптау кешеніне арналған жер учаскесі белгіленді.
Сондай-ақ, 2020 жылы іске асырылып жатқан жобалар:
Арал қаласындағы полигон құрылысына 156,9 млн.теңге қаржы облыстық бюджеттен бөлінді (2019 ж.-46,7 млн. теңге, 2020 ж.-110,2 млн. теңге). Полигонның қуаттылығы жылына 37,8 мың тонна. Жер учаскесінің көлемі: 6,2 гектар. Арал қаласынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайыз жұмысы орындалған, 110,1 млн. теңге қаржысы игерілді. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысының жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд.теңге. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырымда орналасқан, көлемі 20,0 га. Кешеннің қуаттылығы: Жылына 60 мың тонна қалдық сұрыпталады. Қосымша жұмыс орнымен - 40 адам қамтылады. Полигон іске қосылды.
2020 жылдың 9 айында жинақталған 87,7 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 15,7 мың тоннасы өңделді. Пайыздық үлесі 17,9 % құрады.
2020 жылы Қызылорда қаласының радиусы 50 шақырым аумағында 11 заңсыз қалдықтар орындары (Қызылорда қаласының аумағында - 3, Сырдария ауданының аумағында - 8) анықталып, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдармен 11 заңсыз қалдықтар орындарына тазарту жұмыстары жүргізілген. Анықтау жұмыстарын жүргізу нәтижесімен Геопорталға заңсыз қалдықтар орындарының тазартылғандығы жөнінде мәліметтер енгізілді.
Сонымен қатар, стихиялық қоқыс орындарын болдырмау үшін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан «WhatsApp» мессенджерінде «ЭКО - ПАТРУЛЬ ҚЫЗЫЛОРДА» жобасы жұмыс жасауда.
«ЭКО-ПАТРУЛЬ ҚЫЗЫЛОРДА» «WhatsApp» мессенджері +7 707 160 53 66 нөмірі арқылы жұмыс жасайды.
Өңіріміздің санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін аймақтары туралы ақпараттар (видео - фото түсірілімдер мен нақты мекен-жайын) мен ұсыныстарын (тек «Whatsapp» хабарламалар) жоғарыда көрсетілген нөмірге жолдау арқылы жүргізіледі.
2020 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 106 хабарлама түсіп, құзырлы органдардың назарына жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданды.
Бұдан басқа, «2020 - Еріктілер жылы» аясында іс-шара жоспарында бектілген «Қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, тққ сұрыптауға үйрету жөніндегі Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы барысында облысымызда 62 экологиялық акциялар мен шаралар өткізілді.