Су шаруашылығы бойынша
2025 жылдың 7 қазандағы жағдайы бойынша Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында (Тоқтағұл, Қайраққұм, Әндіжан, Шарбақ, Шардара су қоймалары) жинақталған су көлемі 15,6 млрд. текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 млрд. текше метрге кем.
Бүгінгі күні, Шардара су қоймасындағы су көлемі 510 млн. текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 649 млн. текше метрге кем. Оның Сырдария өзенінің төменгі ағысына 30 текше метрі жіберілуде.
Мемлекет Басшысының Жолдауында «Ирригация жүйелері жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу, көктемгі қарқын суды жинап, оны дихандардың қажетіне жарату мақсатында гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту» қажеттігін тапсырды. Бұл бағытта, облыста бірқатар жұмыстар атқарылды.
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №694 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» облыстан жалпы соммасы 148,3 млрд. теңге болатын 112 жоба ұсынылды.
Оның ішінде су жинау көлемі 775 млн. м3 болатын «Қараөзек» су қоймасын салу мәселесін Ислам Даму Банкі есебінен қаржыландыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде (жоба құны 3,8 млрд.теңге).
Сонымен қатар, Ислам Даму Банкі есебінен қаржыландыруға облыс бойынша бірінші кезекте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс 4,914 млрд. теңге болатын 8 жоба ұсынылды.
«Қызылорда қаласының жағалау аймақтарын абаттандыру мақсатында, Қызылорда қаласы аумағындағы Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Сырдария өзені жағалауынан топырақ алушы қаланың 12 мердігер мекемелер Ынтымақтастық туралы Меморандумға отырды және «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандарымен Сырдария өзенінің сол жағалауына қайтадан түсірілім жасалып, бұрынғы жобаға өзгерістер енгізілді.
Бұл ретте, «Арна» КММ арқылы 24,4 млн.теңгеге Жаңақорған ауданы М. Нәлібаев ауылдық округінде орнасқан жалпы ұзындығы 7,5 шақырым болатын «К-2-6-1» және «К-2-6-2-1» қашыртқыларына толық тазалау жұмыстары және Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылындағы «Қарақ» учаскесінде орналасқан 5 көзді су тоспаға күрделі жөндеу жүргізілді.
Сондай-ақ, Жалағаш ауданы «Макпалкөл» ауылдық округіндегі «Мәмбет аша» каналының 1,6 шақырымына жалпы құны 5,1 млн. теңгеге механикалық тазалау жұмыстары атқарылды.
Қазіргі таңда, Жалағаш ауданын Аламесек ауылдық округіндегі «Ақарық» каналы 1,6 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.