
Өздеріңізге мәлім, мемлекеттік органдар ұйымдастыру жұмысының сапасын арттыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарда №4 Үлгілік базалық бағыты іске қосылды.
Осы ретте, Үлгілік базалық бағытты аудан аумағында іске асыру мақсатында Жобалық карта бекітілген («Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру жобалық картасы).
Жобалық карта 4 жобаны құрайды.
1) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;
2) Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау;
3) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау;
4) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс.
Жобалық картаға сәйкес ағымдағы жылдың 9 айда аудан әкімінің аппараты мен аудан әкімдігіне қарасты 9 дербес бөлімдерге және 16 квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі талдау жүргізіліп, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін барлығы 26 тәуекел анықталды. Жүргізілген ішкі талдауда мемлекеттік органның қызмет сапасына теріс ықпалын тигізуі мүмкін елеулі тәуекелдер анықталған жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
Ағымдағы жылдың 9 айында аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, жауапты мекеме басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстары тыңдалды. Нәтижесімен 36 хаттамалық тапсырма беріліп, орындалуы тұрақты бақылауға алынды.
Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілдің төрағалығымен Сырдария ауданы әкімдігіне қарасты кент, ауылдық округ әкімідіктері мен дербес бөлімдердің мемлекеттік қызметшілері арасында Әдеп кодексінің және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өткізілген іс шаралар «Тіршілік тынысы» газетінің сайтына жариялануда.
Сонымен қатар, аудандық қоғамдық даму бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жеңімпаз атанған «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры техникалық ерекшелікке сәйкес 2 акция, 1 дебат сайысы, 2 дөңгелек үстелі ұйымдастырылып, сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы 2 видеоролик облыстық телеарналарда трансляцияланып, көпшілікке ұсынылды.
Аудандық қоғамдық даму бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 8 айында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 іс шара өткізілді. Барлық кент және ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы билбордтар ілінген.
Сондай ақ, Сырдария ауданына қарасты кент және ауылдық округі әкімі аппараттары ай сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық оқулар, баннерлер, брошюралар, әлеуметтік желілеріне видеороликтар жариялап отыр.
Сырдария ауданы бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қабылдаған шаралары туралы авторлық мақалаларын бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау кестесіне сәйкес ағымдағы жылдың 9 айында (Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті, А.Тоқмағанбетов, Бесарық, Айдарлы, Аманкелді, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Жетікөл, Шіркейлі, Қалжан ахун, С.Сейфуллин Шаған, Ақжарма) 14 аудан, ауылдық округі әкімідерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы авторлық мақалалары жарияланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау жобасы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Есепті кезеңде мемлекеттік органдармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтамау фактілері орын алған жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс аясында аудан әкімдігіне қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс офицерлеріне аудан әкімдігінің мәжіліс залында құқықтық-оқу семинары ұйымдастырылып, біршама тапсырмалар берілді.
Комплаенс офицерлерімен ағымдағы жылғы 9 айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша барлығы 82 семинар, құқықтық оқыту шаралары ұйымдастырылды.
Азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыс, аудан прокуратурасы, аудандық полиция бөлімі мамандары, мемлекеттік органдардың басшылары, әлеуметтік саласының қызметкерлері, аудан бойынша пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өткізілді.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша тергеп тексеру департаментінің бастамасымен алаяқтардан зардап шегу қаупі жоғары осал топтар үшін, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында аудан тұрғындарымен ашық диалог, Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен «Заң керуені» акциясы ұйымдастырылды.
Осы орайда, Сырдария ауданы әкімдігі мен Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы арасында меморандумға қол қойылып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығынан адвокаттар кабинеті ашылды.
Сонымен қатар барлық елді мекендерде халықтың құқықтық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық кабинеттер» ашылып, қызмет көрсетуде.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес шаралар өз деңгейінде жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудың маңызды құралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының аталған саладағы өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелерінде үйлестіруші ретінде өз міндеттерін бұдан әрі де жалғастыратын болады.