
Құрметті жерлестер!
Сіздерді ұлтымыздың ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 32 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, егемендігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы» деп атап көрсетті. Сондықтан егемендігіміздің түпкі негізі – мемлекеттің біртұтастығына тікелей байланысты.
Алашқа ана болған қасиетті мекеніміз – Сыр елі, оның ішінде құт қонып, бақ дарыған Сырдария ауданы кемел келешекке, өрлеу мен өркендеуге бет бұрды. Арайлы Азаттық пен бекем бірліктің арқасында жарқын жұмыстар атқарылуда. Өңірді дамытудағы мұндай жұмыстарды Сіздермен бірге жалғастыра беретін боламыз. Ең бастысы, біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздік тұғырын баянды ету.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бірлік, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын!