GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Қазақстан әлеуметтік қолдауды күшейтеді: қандай жәрдемақылар отбасының санатына қарамастан беріледі?

Мемлекет мұқтаждықты бағалаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде кейбір азаматтарға берілетін жәрдемақыларға қатысты нақты ерекшеліктерді заңмен бекіткен. Мысалы, отбасының әл-ауқаты қандай санатқа жататынына қарамастан, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға тиісті мемлекеттік жәрдемақылар тағайындала береді.

Осындай ерекшеліктер ата-анасынан айырылған жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындауға, сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапатталған және жасына байланысты зейнетақы алып отырған көпбалалы аналарға да қатысты. Яғни отбасы әл-ауқаты жоғары А немесе ауқатты В санатына жатқызылса да, бұл қолдау түрлері сақталады.

Ал басқа да кейбір жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Олардың қатарында еңбекке қабілетсіз адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін төлемдер де бар. Сондықтан әр жәрдемақының шарттарын жеке қарастырған жөн. Мүгедектікке немесе отбасын қолдауға байланысты төлемдердің барлығы бірдей еш өзгеріссіз сақталады деп айту дұрыс емес.

21 октября 2026
eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылды

eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды.

Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі. Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.

Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.

14 октября 2026
Отбасының цифрлық картасы әл-ауқат деңгейін қалай анықтайды?

Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтары мен отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға арналған.

Осы мәліметтер негізінде мемлекеттік қолдау шараларын проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазір ОЦК-да 6,2 млн отбасын құрайтын 20,6 млн азамат туралы мәліметтер бар.

Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді.

Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі халықаралық тәсілдер негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.

Кешенді бағалау нәтижесінде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай бес санаттың біріне жатқызылады:

  • А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
  • В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
  • С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.

Отбасының санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Бағалау 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

Оларға мыналар жатады:

  • қаржылық жағдайы;
  • мүлкі мен активтері;
  • тұрғын үй жағдайы;
  • жеңіл автокөлігі мен коммерциялық көлігінің болуы;
  • жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
  • жұмыспен қамтылуы;
  • несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
  • кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.

Сондықтан отбасының санатын анықтағанда табысы, үйі немесе көлігі ғана есепке алынбайды.

Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық дерек ескеріледі.

Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Бұл санаттың өлшемдерінің бірі отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп соманы құрайды.

Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы мүмкін.

Коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай- көліктері де ескеріледі.

Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп тұрады. Осылайша, отбасының жағдайы туралы мәліметтер үнемі жаңартылады.

Демек, Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, олар картаға автоматты түрде жаңартылып отырады.

Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе басқа да ескерілетін жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.

Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Мамандар Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды әрі мәселені шешуге көмектеседі.

Қате мәлімет бастапқы дереккөзде түзетілген соң, ол Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты да келесі бағалау кезінде қайта анықталады.

Қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Отбасының әл-ауқат деңгейін ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындағанда оның нақты жағдайын дұрыс бағалауға көмектеседі. Бұл әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді.

Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік қорғау жүйесіндегі заманауи құрал. Оның көмегімен мемлекет отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, азаматтарға қандай қолдау алуға болатынын алдын ала хабарлайды. Сондай-ақ көмек әр отбасының нақты жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетіледі.

14 октября 2026
Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі

Елімізде қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі. Бұл күн әр адамға тең мүмкіндік берудің, қолжетімді орта қалыптастырудың және әркімнің өз қабілетін дамытуына, өз бетінше шешім қабылдауына, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңызын еске салады.

Қазақстанда мүгедектігі бар 756 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішінде 120 мыңы – бала, 636 мыңы – ересек адам. Олардың әрқайсысының өз арманы, таланты, кәсіби мақсаты мен жетістігі бар.

Мүгедектігі бар жандар еліміздің қоғамдық және кәсіби өміріне белсенді араласып жүр. Олар кәсіпкерлікпен айналысады, қоғамдық жұмыстарға қатысады, саясатта, спортта, өнерде және басқа да салаларда жетістікке жетіп келеді.

Осы ретте мүгедектігі бар адамдардың өз өміріне тікелей қатысты шешімдерді талқылап, оларды әзірлеуге қатысуы маңызды. Олардың сараптамалық пікірі азаматтардың шынайы қажеттіліктерін ескеріп, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болады.

Бүгінде мемлекет бұл бағытта әлеуметтік төлемдер тағайындаудан бастап, оңалту қызметтерін ұсынуға, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге дейінгі шараларды жүзеге асырып келеді. Аталған жұмыстың негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясатының тұжырымдамасында белгіленген. Тұжырымдама әр адамның тең құқықтарын қамтамасыз етуге, өз бетінше өмір сүруіне және шешім қабылдауға қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ білім алуға, жұмысқа орналасуға, инфрақұрылымға, ақпаратқа және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікке ерекше көңіл бөлінеді.

Азаматтардың өзіне қажетті қызметтерді таңдау мүмкіндігін кеңейтетін құралдардың бірі – Әлеуметтік қызметтер порталы. Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес азаматтар қажетті техникалық оңалту құралдарын, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтерін, сондай-ақ санаторий-курорттық емделу орындарын өздері таңдай алады. Бұл әр адамның жеке қажеттілігін ескеріп, қолдауды нақты бағытта көрсетуге мүмкіндік береді.

Мүгедектікті белгілеу рәсімдерін цифрландыру жұмысы да жалғасып жатыр. Белгіленген жағдайларда азаматқа медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті. Қажетті құжаттар электронды түрде жолданып, мамандар оларды медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне бармай-ақ қарайды. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін қолайлы. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай тәртіппен 83,4 мыңнан астам өтінім қаралды. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін тәуелсіз сарапшылар тізіліміне 79 маман енгізілді.

Оңалту қызметтерінің қолжетімділігі де артып келеді. 2023-2026 жылдары Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау және Астана қалаларында алты жаңа оңалту орталығы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, еліміздің тағы 12 өңірінде ірі оңалту орталықтарын ашу көзделген. Заманауи орталықтар азаматтардың кешенді оңалуына және қоғамға бейімделуіне қосымша жағдай жасайды.

Балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. «Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңі аясында 10 қалада аутизм спектрінің бұзылыстары және басқа да психикалық даму ерекшеліктері бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары жұмыс істейді. Олардың жалпы жобалық қуаты – 1 395 орын. Қазір бұл орталықтар кемінде 1 131 баланы қамтып отыр.

Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жұмысы да жалғасуда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 621 ұйым лицензия алды. Оның 455-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 166-сы – үкіметтік емес ұйым. Лицензиялау қызмет көрсету талаптарының сақталуын, ғимараттардың қолжетімділігін және мамандардың біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мансап орталықтарына 29,5 мың адам жүгінген. Олардың 17,9 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысты. Нәтижесінде 10,5 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 5 022 адам тұрақты жұмыс тапты. Азаматтарға бос жұмыс орындарын іздеу, кәсіби оқудан өту және субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламаларына қатысу бойынша көмек көрсетіледі.

Жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және кәсіпкерлік қабілетті дамытуға да жағдай жасалып келеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан 243 адам өтті. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 629 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды, оның 2 349-ы сертификат алды. Ал Skills Enbek платформасында онлайн оқудан 2 951 адам өткен болатын.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халыққа көрсетілетін қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру, оларды заманауи талаптарға сай жетілдіру және әр азаматтың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Негізгі мақсат азаматтардың қажетті көмекті алуына, қызметтерді өз бетінше таңдауына, кәсіби қабілетін дамытуына, жұмыс істеуіне, жеке кәсібін ашуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

Мүгедектігі бар адамдар күні – әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударып қана қоймай, еңбегімен, кәсібилігімен, талантымен және белсенді өмірлік ұстанымымен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың жетістіктерін атап өтуге де мүмкіндік беретін күн.

Тең мүмкіндіктер жасау, қолжетімді ортаны дамыту және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып саналады. Басты міндет әр адамның денсаулық жағдайына қарамастан, өз қабілетін іске асыруына, дербес өмір сүруіне және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау.

01 октября 2026
Қазақстанда аға буынды қолдау және белсенді өмір сүруіне жағдай жасау шаралары дамып келеді

Жыл сайын 1 қазан күні әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Елімізде жасы бойынша зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. Мемлекет тарапынан аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға артты. Сонымен қатар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері де ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып келеді. Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 110%-дан 118%-ға дейін жеткізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, олардың белсенді өмір сүруіне және қоғам өміріне араласуына да ерекше көңіл бөледі. Бүгінде елімізде 132 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттарында қызмет көрсетеді. Мұнда қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалған. Атап айтқанда, йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар ұйымдастырылады.

Қарттар күніне орай Астана қаласындағы, Ұлытау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы зейнетақысы ең төменгі мөлшерде және одан төменгі мөлшерде алушыларға, Маңғыстау облысындағы және Шымкент қаласындағы 70 жастан асқан адамдарға, Қарағанды облысындағы 75 жастан асқан адамдарға, Түркістан облысындағы үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызбасты қарт адамдарға жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайтын, 274,2 мың адамды қамтитын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. 

Жалпы, 2026 жылы шамамен 120 мың қарт азаматты әлеуметтік қолдауға 6,6 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Қаражат қатты отын сатып алуға, тұрмыстық және коммуналдық шығындарын өтеуге, дәрі-дәрмек алуға, емделуге, сауықтыруға, санаторий-курорттық ем алуға және басқа да әлеуметтік көмек түрлеріне жұмсалады.

Қарт адамдарды қолдау – әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты бағыттарының бірі. Бұл жұмыс зейнетақымен қамсыздандырумен шектелмей, аға буын өкілдерінің тұрмыс сапасын жақсартуға, денсаулығын сақтауға, белсенді өмір сүруіне және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.

Анықтама үшін: Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 14 желтоқсандағы 45-сессиясында жарияланды. Бұл күн қарт адамдардың қоғамға қосқан үлесіне құрмет көрсетуге, олардың құқықтары мен қажеттіліктеріне назар аударуға және аға буынға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызын атап өтуге арналған.

 
01 октября 2026
Қызылордалықтар республикалық форумда марапатталды

Астанадағы Президент орталығында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» атты республикалық форум өтті.
Еске салайық, елімізде Еңбек күні 2013 жылдан бері атаулы күндер қатарында. 
Бұл форум түрлі салада ел игілігіне адал қызмет етіп, өнегелі ісімен көпке үлгі болып жүрген еңбек адамдарын кеңінен насихаттауға бағытталады. 
Аталған шараға Сыр өңірінің делегациясы да қатысып, арнайы номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясын қызылордалық Абдрахмановтар әулеті алды. Бұл әулеттің төрт буыны теміржол саласында еңбек етіп келеді, жалпы еңбек өтілі 318 жыл. Салаға сіңірген еңбек жоғары бағаланып, әр жылдары әулет мүшелері «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек даңқы» ордендеріне, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен қырық жылдан
астам «Жаңа жол» ЖШС механизаторы болып еңбек еткен Талғат Байымбетов, 31 жыл бойы «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-ның тас қалаушысы Мырза Малкенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

01 октября 2026
Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттарды мерекемен құттықтады.
«Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, қарттықты қадірлеу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан озық дәстүр.
Бұл – өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына. Сондықтан қазыналы қарияларымызды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Аймақ ардагерлерін әлеуметтік қолдау – менің назарымдағы басты мәселе. Сіздерге көрсетілетін қамқорлық әрі қарай да жалғаса береді.
Біз Сіздерге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсетуге қашан да дайынбыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы орталық ғимаратының алдындағы киіз үйде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеге қызмет алушылардың өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдары қойылған.
Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық қарт тұрады. Оның 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына биыл 843,8 млн теңге қаржы бөлінді. 
Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту, оңалту үшін қолайлы жағдай жасалды. Материалдық-техникалық базаны толықтыру әлі де жалғасады.
Сонымен қатар Талсуат елді мекеніндегі 150 орынға арналған оңалту орталығында, Қызылорда қаласындағы 50 орындық жартылай стационарда зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

02 сентября 2026
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы бірлесіп, мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асырып келеді.

Жоба бүгінде Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында және Шымкент қаласында іске асырылуда.

Басты мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту көмегін үй жағдайында ұйымдастыру. Бұл ретте заманауи және инновациялық оңалту құралдары пайдаланылады.

Жоба баланың күнделікті өміріне бейімделген түрде жүргізіледі. Алдымен оның оңалтуға қажеттілігі бағаланады. Мамандар баланың функционалдық жағдайын, қимыл-қозғалыс мүмкіндігін және үйдегі ортасын ескереді.

Одан кейін бірнеше маманнан тұратын топ баланың жеке қажеттілігін анықтайды. Медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдері ескеріліп, қандай оңалту құралы қажет екені белгіленеді. Көпфункциялы кресло-арбалар, вертикализаторлар, жүруді үйретуге арналған құрылғылар, арнайы тренажерлер және басқа да заманауи оңалту құралдары қолданылады.

Бұл құралдар әр балаға жеке қажеттілігіне қарай таңдалады. Олар оңалту курсы кезінде баланың пайдалануына тегін әрі уақытша беріледі.

Үй жағдайында оңалтудың басты артықшылығы – баланың өзіне таныс ортада қажетті жаттығуларды орындауы. Бұл оңалту шараларын жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді. Ата-ана баламен күнделікті жаттығулар жасайды. Ал реабилитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және басқа да бейінді мамандар баланың нәтижесін бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағытын өзгертеді.

Мұнда ата-ананың белсенді қатысуы маңызды. Себебі мамандардың берген тапсырмалары мен ұсыныстары күнделікті үй жағдайында жалғасып отырады.

Сонымен бірге жоба аясында цифрлық оңалту күнделігі қолданылады. Ата-ана баламен орындалған жаттығулар мен оның нәтижелері туралы ақпаратты күнделікке енгізеді. Мамандар бұл мәліметтерді қашықтан бақылап, оңалту барысын бағалай алады.

Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде Қызылорда облысында жобаға 184 бала қатысады. Балалар үшін 95 инновациялық оңалту құралы пайдаланылуда.

Қазірдің өзінде 138 баладан оң динамика байқалған. Яғни оларда оңалту шараларының нәтижесінде белгілі бір өзгерістер мен жақсарулар бар.

Жоба Қызылорда облысында жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту көмегін үй жағдайында қолжетімді ету, олардың мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасау және қоғам өміріне араласуына қолдау көрсету.

26 августа 2026
«Жастар практикасы» жас мамандарға еңбек жолын бастауға мүмкіндік береді

Жоғары оқу орнын немесе колледжді бітірген жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болатын негізгі мәселелердің бірі еңбек тәжірибесінің болмауы. Дипломы болғанымен, жұмыс берушілер көбіне тәжірибесі бар қызметкерді іздейді. Осы мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жастар практикасы» бағдарламасын іске асырып келеді.

Бағдарлама түлектерге өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға, оқу кезінде алған білімін іс жүзінде қолдануға және жұмыс берушінің талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді. Осылайша олар еңбек нарығына араласып, таңдаған кәсібі бойынша тәжірибе жинай бастайды.

«Жастар практикасына» техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Олар оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған және алған мамандығы бойынша еңбек өтілі болмауы керек. Бағдарламаға қатысу үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

Жастар практикасы түлектің алған мамандығы бойынша ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Бағдарламаға қатысушы ресми түрде жұмысқа орналасып, жалақы алады. 2026 жылы ай сайынғы жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, яғни 129 750 теңгені құрайды. Жалақы бюджет қаражаты есебінен төленеді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға жағдай жасау. Қатысушы жұмыс берушінің талаптарына бейімделіп, алған білімін іс жүзінде қолданады әрі кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл оның кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.

Жұмыс беруші жас маманға тәжірибелі қызметкерді тәлімгер етіп бекітеді. Тәлімгер оған жұмыстың қыр-сырын үйретіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін бөліседі. Бұл еңбек жолын енді бастап жатқан түлектер үшін маңызды.

Биыл «Жастар практикасына» 25 мың қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың 8,5 мыңға жуығы бағдарламаға қатысуға жолданған.

«Жастар практикасына» қатысу үшін алдымен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығына барып, бағдарламаға қатысу тәртібі туралы кеңес алуға да болады.

26 августа 2026
Семинар кеңесі өтті

Мемлекеттік қызмет көрсету талаптары бойынша семинар өткізілді 2026 жылғы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық цифрлық технологиялар басқармасы өкілдерінің қатысуымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарын сақтау, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттарды беру және ұзарту, корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттары бойынша семинар өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін жетілдіру.

Социальные сети
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы