
Шиелі ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі бойынша 2026 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Шиелі ауданында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, спортшылардың кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ туризм саласының әлеуетін дамыту бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 38 111 адам айналысады, бұл аудан халқының 44,5 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта ауданда 28 спорт түрі дамытылуда. Оның ішінде: 13 олимпиадалық спорт түрі: ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, велоспорт, гандбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, таэквондо, үстел теннисі және футбол; 5 ұлттық спорт түрі: асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ және көкпар; 10 олимпиадалық емес спорт түрі: белбеу күресі, грэпплинг, дойбы, қол күресі, гір спорты, панкратион, қоян-қолтық ұрыс, футзал, шахмат және кикбоксинг.
Ауданда спорт саласында №9 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі, №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Шиелі аудандық спорт клубы және Балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубы тұрақты жұмыс атқаруда. Аталған мекемелерде 4 395 жасөспірім спорттың әртүрлі түрлерімен жүйелі түрде шұғылданып, тәжірибелі жаттықтырушылардан тәлім алуда. Спорт мектептерінде дарынды спортшыларды анықтау, оларды облыстық және республикалық жарыстарға дайындау бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданда 1 стадион, 13 спорт кешені, 73 спорт залы, 99 жазықтық спорт құрылысы және 36 жасанды жабындысы бар спорт алаңы халық игілігіне қызмет көрсетуде. Оның ішінде 5 спорт кешені мемлекеттік, 5 спорт кешені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, ал 3 спорт кешені («Береке Арена», «Барыс Арена», «Бақыт Арена») жекеменшік негізде жұмыс істейді.
Спорт нысандарын жаңғырту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда Шиелі кенті, Абай көшесінде орналасқан спорт кешеніне 243 млн теңге көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазан айының соңына дейін қалған жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін спорт кешені толықтай заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, тұрғындардың пайдалануына беріледі. Сонымен қатар, 597 млн теңге болатын Жөлек ауылындағы жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Сонымен қатар Бәйтерек ауылдық округінде «КазАтомӨнеркәсіп» қолдауымен құны 622 млн теңге болатын заманауи спорт кешені кешенін салуға демеушілік жасайтын болды. Бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге оң септігін тигізетін болады.
Бұқаралық спортты дамыту және ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мақсатында 2026 жылға аудандық бюджеттен спорт нұсқаушыларын қаржыландыруға 23 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта аудан бойынша барлық ауылдық округтер мен Шиелі кентінде 32 спорт нұсқаушысы халықпен тұрақты жұмыс жүргізіп, спорттық үйірмелер ұйымдастыруда және бұқаралық жарыстар өткізуде.
2026 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес түрлі деңгейдегі жарыстар мен спорттық акциялар өткізілуде. Барлық іс-шаралар салауатты өмір салтын қалыптастыруға, тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға, жастар арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жыл басынан бері ауданда 65 аудандық, 20 облыстық және 6 республикалық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, мыңдаған аудан тұрғындары спорттық жарыстарға тартылды.
2026 жыл Шиелі ауданының спортшылары үшін айтулы жетістіктерге толы жыл болды. Аудан спортшылары республикалық, облыстық, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді, республикалық жарыстардан 45 алтын, 62 күміс, 68 қола медаль иеленді. Сонымен қатар, жыл басынан бері 45 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалды.
Шиелі ауданының спортшысы Жандос Әбубәкіров 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алыш күресінен 60 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Бұл – Шиелі спортының халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің бірі! Ал «Алтын күз» облыстық спартакиадасында Шиелі ауданының спортшылары соңғы жылдары жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Шиелі ауданы құрамасы 2023, 2024 және 2025 жылдары қатарынан үш рет «Алтын күз» облыстық спартакиадасының жеңімпазы атанды! «Алтын күз-2026» 8-13 қазан аралығында Жалағаш ауданында өтеді. Шиелі ауданынан 16 спорт түрінен 168 спортшылар қатысқалы отыр. Өткен жылдардағы жеңісті дәстүрді жалғастырып, Шиелі ауданының спортшылары биік белестерді тағы жаплғастырады деген сенімдеміз.
Туризм саласы
Шиелі ауданында туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраларды насихаттау және ішкі туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 3 мәдени-тарихи нысан, 2 діни-тарихи нысан, 2 демалыс орны және 15 қонақ үй туристерге қызмет көрсетуде. 2026 жылға арналған нысаналы индикаторларға сәйкес ауданға 12 000 ішкі турист және 1 050 сыртқы турист тарту жоспарланған. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша ауданға 5 966 ішкі турист және 420 сыртқы турист келген. Туристік маусымның негізгі кезеңі жаз және күз айларына сәйкес келетіндіктен, жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштер толық орындалады деп күтілуде. Шиелі ауданының басты туристік бағыттарының бірі – Еңбекші ауылдық округіндегі Қаратау жотасында орналасқан «Бала Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтер. Бұл тарихи-мәдени мұра нысаны еліміздің ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудыратын ерекше орындардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан «Оқшы ата» кесенесі тарихи және рухани туризмнің маңызды нысаны ретінде жыл сайын мыңдаған зияратшыларды қабылдайды. Кесенеге келушілер саны жылдан-жылға артып келеді.Жазғы туристік маусымда Бәйгеқұм ауылдық округіндегі «Ханқожа» көлінің жағалауында орналасқан демалыс орындары аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуде. Мұнда жеке кәсіпкерлер тарапынан туристерге 58 жағажай орны, 6 катер, 32 қайық және 25 шағын катамаран ұсынылып, судағы демалысты ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде ауданның ішкі туризмін дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізуде.Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында тарихи-мәдени және табиғи нысандарды кеңінен насихаттау, жол бойындағы туристік инфрақұрылымды жетілдіру, ақпараттық көрсеткіштерді жаңарту және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта дене шынықтыру, спорт және туризм салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасатын болады. Негізгі мақсат – тұрғындардың спортпен жүйелі айналысу үлесін арттыру, халықаралық стандарттарға сай спорттық инфрақұрылымды қалыптастыру, жас спортшылардың жетістіктерін көбейту, сондай-ақ ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамыту болып табылады.