КӨПШІЛІК ТЫҢДАУ ӨТКІЗУДІҢ ХАТТАМАСЫ

КӨПШІЛІК ТЫҢДАУ ӨТКІЗУДІҢ ХАТТАМАСЫ

Шиелі кенті                                                                                  12 наурыз 2026 жыл

Төрағалық еткен:  А. Алдабергенов - Шиелі ауданының әкімінің орынбасары

    Ғ. Ергазина     -    Шиелі ауданының экономика                                                        және қаржы бөлімінің бас маманы,                                              хатшысы;

Көпшілік тыңдаудың тақырыбы:
Шиелі ауданының коммуналдық меншігіндегі мүліктерді жекешелендіру туралы

Қатысушылар:
Шиелі аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы;
Дербес бөлім басшылары;

Кент және ауылдық округ әкімдері;

Ұйымдар және Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері;

КҮН ТӘРТІБІ:

Шиелі ауданының коммуналдық меншігіндегі мүліктерді

жекешелендіру туралы

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Шиелі ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы М.Жұмаділ баяндама жасады.

Баяндама барысында Шиелі ауданының коммуналдық меншігіндегі және «Шиелі ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұрған Шиелі кенті, Көкшоқы мөлтек ауданы,
ГРП-2 көшесі, №31 және №13 құрылыс мекенжайларында орналасқан ескі
№127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ғимараттарын жекешелендіру мәселесі қаралып отырғаны айтылды.

Сонымен қатар, жекешелендіру Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 18-бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген «Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Аталған қағидаларға сәйкес коммуналдық мүлікті жекешелендіру көпшілік тыңдаулар өткізу арқылы жүзеге асырылады.

Тыңдау барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.

Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы К. Есенбаев сұрақ қойды: Ұсынылып отырған ғимараттардың қазіргі техникалық жағдайы қандай? Жауап: М. Жұмаділ аталған ғимараттардың қазіргі уақытта пайдаланылмай тұрғанын, олардың ескіруіне байланысты күрделі жөндеуді қажет ететінін және ұзақ уақыт бос тұрғанын атап өтті.

Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Т. Жәрімбетов сұрақ қойды: Жекешелендіру процесінің ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі?

Жауап: М.Жұмаділ жекешелендіру рәсімдері электрондық сауда алаңдары арқылы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашық және жария түрде өткізілетінін айтты. Сонымен қатар, жекешелендіру жұмыстары «Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларының» 41-тармағына сәйкес: бірінші аукцион – бағаны көтеру әдісімен, екінші аукцион – бағаны төмендету әдісімен, бастапқы бағаның
70% деңгейінде, үшінші аукцион – 50% деңгейінде, төртінші аукцион –
30% деңгейінде өткізіледі. Әрбір келесі сауда-саттық алдыңғы аукционнан кейін
30 күннен кешіктірілмей ұйымдастырылады. Бесінші және одан кейінгі сатылымдарда ең төменгі баға кепілдік жарна мөлшерінен төмен болмауы тиіс екендігі айтылды.

Шиелі аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы
Д. Досмаганбетов сұрақ қойды:
Аталған нысандарды жекешелендірудің негізгі мақсаты қандай? Жауап: М.Жұмаділ жекешелендірудің негізгі мақсаты коммуналдық меншіктегі пайдаланылмай тұрған мүліктерді тиімді айналымға енгізу, кәсіпкерлік қызметті дамытуға мүмкіндік жасау және жергілікті бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету екенін түсіндірді.

Тыңдау барысында қатысушылар тарапынан жекешелендірудің мақсаттары, объектілердің қазіргі жай-күйі және оларды одан әрі пайдалану бағыттары бойынша сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе ШЕШІМ ЕТТІ:

  1. «Шиелі ауданының коммуналдық меншігіндегі мүліктерді жекешелендіру туралы» ұсыныс көпшілік тыңдауға қатысушылар тарапынан мақұлдансын.
  2. Ұсынылған коммуналдық меншік объектілерінің тізбесі ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жекешелендіруге жіберілсін.
  3. Аталған мәселе бойынша шешімін қабылдап, келісім алу үшін құжаттар топтамасын Шиелі аудандық мәслихатының сессиясының қарауына енгізілсін.
  4. Шиелі аудандық мәслихатынан аталған мәселе бойынша келісім алынсын.
  5. Жекешелендіру рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу Шиелі ауданының экономика және қаржы бөліміне жүктелсін.
  6. Осы хаттама Шиелі ауданы әкімдігіне тиісті шаралар қабылдау үшін жолдансын.

 

 

Төрағалық етуші                                                 А. Алдабергенов

   Хатшы                                                                    Ғ. Ергазина

 

 

 

Хаттама
Дата публикации
16 марта 2026