Шиелі ауданының 2023–2026 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасының іске асырылуы туралы
Шиелі ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) басқару жүйесін жетілдіру, санитарлық-экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында 2023–2026 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Аудан аумағында орналасқан «Сасқұм» тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру полигоны Шиелі кенті әкімі аппаратының теңгерімінде болып табылады. Полигон Шиелі кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан, жалпы жер көлемі 25 гектарды құрайды. Полигон аумағы толықтай темір сым қоршаумен қоршалған, бақылау-өткізу пункті (КПП) ғимаратымен, бейнебақылау камераларымен, жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022 жылы жалпы ұзындығы 2005 метр темір сым қоршау орнатылып, «Жолшы» ЖШС тарапынан 28,0 млн теңге көлемінде қаржыға абаттандыру және қоршау жұмыстары жүргізілді, трансформатор орнатылды.
«Сасқұм» тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру полигоны 2002 жылы құрылған. 2020 жылғы 23 шілдеде №157994 электрондық тендер нәтижесімен ЖК «Женсикбаев Ербол Якулаевичке» сенімгерлік басқаруға беріліп, 2023 жылғы 25 наурызда келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылды.
2023 жылғы 21 тамызда полигонды кейіннен сатып алу құқығынсыз 3 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы №1146-ДУ шарт «Өрлеу KZ» ЖШС-мен жасалып, алайда 2024 жылғы 28 наурызда тараптардың өзара келісімімен шарт бұзылды. 2023 жылы аталған серіктестікпен 2218 тұрғын және 520 заңды тұлғамен келісімшарт жасалып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Кент бойынша ТҚҚ-ға арналған контейнерлер саны 189 бірлікті құрады, аудан аумағында сынапты шамдарға арналған 74 контейнер орнатылды. Аудан бойынша түзілген қалдық көлемі 12 850 м³ топырақ аралас қалдықтарды қамтып, 1101 тонна қалдық тасымалданды.
Шиелі ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі №97-қ қаулысына сәйкес, «Сасқұм» полигонын кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру мақсатында 2024 жылғы 22 сәуірде конкурс жарияланып, 2024 жылғы 14 мамырда өткен тендер қорытындысы бойынша «Формула Безопасности-Астана» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Осыған орай, 2024 жылғы 14 мамырда «Шиелі кенті әкімі аппараты» КММ мен аталған серіктестік арасында полигонды 16 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы №147-2 ДУ келісімшарты жасалды. Сонымен қатар, 2024 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінен I санаттағы экологиялық келісім алынды.
Шиелі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешіміне сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері бекітіліп, абоненттермен келісімшарттар жасалуда. 2024 жылдың басынан бері шығарылған ТҚҚ көлемі 5100 тоннаны құрап, келісімшартқа отырған абоненттер саны 1642-ге жетті.
2025 жылы санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілді. Нәтижесінде, үш аймақ бойынша «Формула Безопасности-Астана» ЖШС-мен жалпы сомасы 99 млн 997 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Мердігер мекеме тарапынан 13 арнайы техника мен 4 жүк мотоциклі, 45 жұмысшы жұмылдырылып, көшелерді санитарлық тазалау, қоқыс шығару, су себу, жолдарды күтіп ұстау, қысқы тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда көшелерге су себу жұмыстары күшейтіліп, екі бағыт бойынша күнделікті тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, мердігер мекеме тарапынан 30 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылып, 800 дана ағаш балақталып, 3210 м³ қордаланған қоқыстар тазартылды. Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне 1608 абонент келісімшартқа отырған.
Аталған шаралар Шиелі ауданында санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.