Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарын іске асыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде
Шиелі ауданында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және тіл мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы І жартыжылдығында аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында Тілдер мерекесіне арналған онкүндіктер арнайы жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, байқаулар және өзге де танымдық іс-шаралар өткізілді. Аудандағы 37 мектепте тіл тақырыбындағы түрлі іс-шаралар белсенді ұйымдастырылып, олардың барысы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандырылды.
Сонымен қатар, Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығында тілдің ұлт болмысын айқындайтын, халықты бірлік пен татулыққа ұйыстыратын құндылық ретіндегі маңызын насихаттауға бағытталған танымдық шара өткізілді. Іс-шара барысында тіл жанашырлары мен мәдени шараларға белсене қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. «Қазақ тілі қоғамы» Қызылорда облысы Шиелі ауданы бойынша қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Сағындық Досмаханұлы құттықтау сөз сөйлеп, ана тілін ардақтау мен өзге тілдерді құрметтеудің ел бірлігі мен қоғамдық татулықты нығайтудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ, №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейі мен №46 А.С. Пушкин атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі пәні мұғалімдері танымдық баяндамалар жасап, өскелең ұрпақ арасында тілге деген құрмет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ой-пікірлерін ортаға салды. Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімі мамандарының қатысуымен бірқатар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аралау барысында аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы безендірілуі мен көрнекі ақпараттарының талаптарға сәйкестігі зерделенді. Кәсіп иелеріне сыртқы безендіру талаптарын сақтау, көрнекі ақпараттарды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру және жарықтандыру жүйелерін күшейту жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Аталған жұмыстар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, оның қоғамдық қолданыс аясын кеңейтуге, өскелең ұрпақ арасында тілге деген құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл шаралар тоқсан сайын жалғасыр отырады.