GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Басқарма туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
21 октября 2026
Қызылордада энергия жинақтау жүйесі бар күн электр станциясының құрылысы басталды

Республика күні қарсаңында Қызылорда қаласында «Orda Power» компаниясының жаңа күн электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті. Жобаның басты ерекшелігі - өндірілген электр энергиясын жинақтап, кейін пайдалануға мүмкіндік беретін энергия сақтау жүйесінің болуы. Алдағы уақытта станцияның қуаттылығын 50 МВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жаңа нысанның құрылысы Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр энергиясын өндіру қуаттарын арттыру және энергетика саласына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі болмақ.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу, «Orda Power» компаниясының бас директоры Гүлтекин Йигит, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жаңа станция электр энергиясын өндіріп қана қоймай, оны жинақтай алады

Жобаның негізгі технологиялық ерекшелігі - күн панельдері арқылы өндірілген электр энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін энергия жинақтау жүйесін қолдану.

Дәстүрлі күн электр станцияларында өндірілетін энергия көлемі күн сәулесінің қарқындылығына тікелей байланысты. Ал жаңа кешен өндірілген электр энергиясының бір бөлігін арнайы жинақтау жүйесінде сақтап, кейін пайдалануға мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Атап айтқанда, мұндай жүйелер күн сәулесі мол уақытта өндірілген артық электр энергиясын жинақтап, күн энергиясының өндірілуі төмендеген кезеңдерде пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл технология күн электр станциясының жұмысын икемді басқаруға, желіге берілетін қуаттың ауытқуын азайтуға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта жаңа энергетикалық нысанның қуаттылығын 50 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген.

Жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетика саласына заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және күн энергетикасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасайды.

Қызылорда облысында ірі энергетикалық жобалар жүзеге асырылуда

Құрылыс басталуына арналған рәсімде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа инвестициялық жобалардың өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен облыста электр энергиясын өндіру қуаттарын арттыру, энергетикалық нысандарды дамыту және ықтимал энергия тапшылығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, 2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы пайдалануға берілді. Жобаны түркиялық «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асырды. Бұл өңірдің энергетика саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналды.

Облыс басшысының айтуынша, жаңа энергетикалық нысанның іске қосылуы өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және оның бір бөлігін еліміздің басқа облыстарына жеткізуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар оңтүстік өңірлердің энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында қуаттылығы 1 100 МВт болатын бу-газ қондырғысын жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мәлімделген құны 1,5 трлн теңгені құрайды.

Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және жаңа электр энергиясын өндіретін нысандардың құрылысына инвестиция тартуға да ерекше көңіл бөлінуде.

Өңірде қуаттылығы 225 МВт-тан асатын жаңа күн электр станцияларын салу жоспарланған

Қызылорда облысында күн энергетикасы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Алдағы уақытта жалпы қуаттылығы 225 МВт-тан асатын тағы жеті күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, Арал және Жаңақорған аудандарында әрқайсысының қуаттылығы 30 МВт болатын екі күн электр станциясының құрылысы басталды.

Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңартылатын энергия көздерін пайдалану аясын кеңейтуге, электр энергиясын өндіру қуаттарын арттыруға және өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.

Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі - өндірілген күн энергиясын тиімді пайдалануға және оны жалпы энергетикалық жүйеге кіріктіруге мүмкіндік беретін заманауи энергия жинақтау технологияларын енгізу.

Қызылорда қаласында «Orda Power» компаниясының энергия жинақтау жүйесі бар жаңа күн электр станциясының құрылысы жаңартылатын энергетиканы дамытуға, озық технологиялық шешімдерді енгізуге және облыстың энергетикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған жұмыстың кезекті кезеңі болмақ.

21 октября 2026
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА ЖАСТАР ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫМЕН ТАНЫСЫП, ҚАМЫСТЫБАС КӨЛІНІҢ ЖАҒАСЫНДА КЕЗДЕСТІ

Сыр өңірінде өтіп жатқан «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында қатысушылар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде кездесті.

          19 қазаннан бастау алған халықаралық волонтерлер апталығы табиғатты сақтау мен экожүйені қорғауға, экологиялық волонтерлікті дамытуға және жастар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Іс-шараға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер мен облыстың белсенді ерікті жастары қатысуда.

Апталық аясында волонтерлер Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхат жасап, түркі әлеміне ортақ ұлы ойшыл, қобызшы әрі жырау Қорқыт атаның өмірі мен рухани мұрасына арналған музейді аралады. Қатысушылар тарихи жәдігерлермен танысып, мемориалдық кешеннің сәулеттік ерекшеліктерін көрді. Танымдық сапар жастарға қазақ халқының бай рухани мұрасын тереңірек танып, ұлттық құндылықтар мен тарихи ескерткіштердің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Халықаралық апталықтың келесі шаралары Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. Көгілдір көлдің жағасында ұйымдастырылған еркін форматтағы кездесу волонтерлер қозғалысын дамытуға, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау ісіндегі ортақ жауапкершілікті нығайтуға арналды.

Басқосу барысында қатысушыларға қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, тағамдары, тарихи жәдігерлері мен мәдени мұрасы таныстырылды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, шараның мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, пікір бөлісуіне және жаңа бастамалар жөнінде ой түюіне мүмкіндік беретін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, халықаралық волонтерлер апталығының маңызына тоқталды.

Ол еріктілік қызметтің қоғамды ізгілікке ұйыстырудағы рөлін атап өтіп, жастардың табиғатты қорғау мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ ортақ мақсат жолында біріккен қатысушыларға сәттілік тілеп, бастаманың нәтижелі болуына ізгі ниетін білдірді.

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық волонтерлер апталығы жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, экологиялық бастамаларды қолдауға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналмақ.

Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің міндеті ғана емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Осы жолда бас қосқан волонтерлердің бірлескен жұмысы экологиялық мәдениетті дамытуға, қоршаған ортаны сақтауға және ізгі бастамалардың аясын кеңейтуге үлес қосады.

20 октября 2026
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026»: АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМА

Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.

Жиынның ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген                          100 волонтер және облыстағы 500-ден астам белсенді студенттер мен ерікті жастар қатысты.

Сондай-ақ, аймақтағы волонтерлік қозғалыстың өркендеуіне үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова сөз сөйлеп, волонтерлер бастамаларын қолдаудың маңызын атап өтті.

Ал, «Ұлттық волонтерлік желі» төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Мұнан кейін  «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слетіне қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Президент саябағында тал егу тал егу шарасына қатысты.

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырылған экологиялық шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өтті.

Бастаманың негізгі мақсаты – табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, әрбір азаматтың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Игі бастамаға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер қатысты.

Акция аясында қатысушылар Президент саябағына тал көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға және оның жасыл желегін молайтуға үлес қосты.

Іс-шара табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға, волонтерлерді ортақ игі іске жұмылдыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.

Экологиялық акциядан кейін слетке қатысушылар Қызылорда қаласының көрікті орындарын аралады.

Атап айтқанда, волонтерлер Ботаникалық бақта болып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларымен танысты және «Қайсар Арена» стадионын тамашалады.

Танымдық экскурсия қатысушыларға Сыр өңірінің табиғи және мәдени мұрасымен танысып, қаланың сәулеттік келбеті мен заманауи инфрақұрылымын көруге мүмкіндік берді.

20 қазан күні халықаралық волонтерлер апталығына қатысушылар Арал ауданына аттанады. Жолай Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне зиярат етіп, рухани мұраға тағзым жасайды. Бұдан кейін Қамыстыбас ауылдық округінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

21 қазанда экология және волонтерлік қызмет бағыттарын қамтитын екі бөлімнен тұратын секциялық жұмыстар ұйымдастырылады. Кездесу барысында тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланады. Бағдарлама аясында Қамбаш тынығу лагерінің аумағына тал көшеттері отырғызылады.

22 қазанда Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары жүргізіледі. Экологиялық акция теңіз табанын көгалдандыруға, табиғи ортаны қалпына келтіруге және қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамдық қолдау көрсетуге бағытталған.

23 қазанда қатысушылар Шижаға ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысу көзделген. Арал қаласында аудандық балықшылар музейіне, Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне және «Руханият орталығына» экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар балық өнімдері, қолөнер бұйымдары мен жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтеді. Халықаралық волонтерлер апталығының қорытынды жиыны «Руханият орталығында» ұйымдастырылып, салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Ауқымды бастама экологиялық жауапкершілікті арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Табиғатты қорғауға жұмылған ортақ күш Арал өңірінің экологиялық болашағына үлес қосып, игі істердің маңызын айқындай түседі.

16 октября 2026
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АЙДЫНДЫ АРАЛ ӨЛКЕСІНДЕ ЖАС ҰРПАҚ ТАБИҒАТТЫ АЯЛАУҒА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Сыр бойының шежірелі өлкесі, айдынды Аралдың жағасындағы қасиетті мекендердің бірі – Сексеуіл кентінде туған жердің тазалығын сақтау мен табиғатты аялауға бағытталған игі бастама жалғасын тапты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында №294 орта мектепте оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға арналған танымдық сабақ ұйымдастырылды.

Табиғат – ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жалғасатын ортақ байлығымыз. Оны қорғау мен келер буынға көркем күйінде жеткізу әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Осыны өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат еткен шара қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың, туған жердің тазалығына үлес қосудың маңызын насихаттауға арналды.

Танымдық сабақ барысында білім алушыларға экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және жасыл желекті көбейтудің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар тақырыпқа қатысты практикалық тапсырмалар орындалып, оқушылардың алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануына мүмкіндік берілді.

Тағылымды сабақтың жалғасы игі іспен өрнектелді. Мектеп оқушылары ата-аналарымен бірге білім ордасының ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Бұл бастама үлкендер мен жас буынды ортақ мақсатқа біріктіріп, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің нақты әрекеттен басталатынын көрсетті.

Қуаңшылықтың қыр-сырын жақсы білетін Арал өңірі үшін әрбір талдың тамыр жаюы, әрбір көшеттің көктеп өсуі айрықша мәнге ие. Сондықтан мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы зор. Бүгінгі еңбек – ертеңгі саялы бақтың бастауы, ал жасыл желекке толы орта – келер ұрпаққа қалатын құнды мұра.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында осындай бастамалар елді мекендердің көркеюіне ықпал етіп қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Әсіресе, балалардың ата-аналарымен бірге ортақ іске қатысуы туған жерге жанашырлық танытудың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Туған жердің көркі – табиғаттың тазалығында, елдің еңсесі – ұрпақтың жауапкершілігінде. Сыр өңірінде қолға алынған осындай игі істер қоршаған ортаны қорғауға деген ортақ ұмтылысты нығайтып, жасыл болашаққа бастар жолды айқындай түседі.

 

#ТазаҚазақстан
#тұрақтыдаму
#экология
#TazaChallenge
#TazaQazaqstan

БАҚ және интернет ресурстармен жұмыс жасау бөлімі
18 сентября 2026
Қызылордада «Таза Қазақстан» жобасы аясында экологиялық сабақтар өтті

Қызылорда қаласындағы №295 мектепте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ашық сабақтар мен тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру, табиғатқа жанашырлықпен қарау және экологиялық жауапкершілікті арттыру.

9-сынып оқушылары үшін «Таза Қазақстан: Экологиялық жауапкершілік және болашақ» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақ барысында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершіліктің қоғам мен болашақ үшін маңызы талқыланды.

Бұдан бөлек, 3-сынып оқушыларына «Таза Қазақстан – Заманауи технологиялар табиғатты қорғауда» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Оқушылар табиғатты қорғауда заманауи технологиялардың рөлімен танысып, қоршаған ортаны сақтауға бағытталған қарапайым әрі тиімді әрекеттер туралы ой бөлісті.

Танымдық шарада оқушылар гүл көшеттерін отырғызып, алған білімдерін іс жүзінде бекітті.

Мұндай жұмыстар жас ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, экологиялық мәдениетті күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.

 

 

#ТазаҚазақстан

#тұрақтыдаму

#экология

#TazaChallenge

#TazaQazaqstan

21 августа 2026
Жаңақорған ауданында «Таза Қазақстан» аясында тазалық акциясы өтті

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Жаңақорған–Шалқия автожолы бойында «Таза өлке – ортақ жауапкершілік» атты тазалық акциясы ұйымдастырылды.

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру және аудан аумағын көркейту.

Тазалық жұмыстарына 50-ге жуық белсенді жас пен «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымының мүшелері қатысып, ауданға кіреберіс саналатын Жаңақорған–Шалқия автожолында айналаны ретке келтіру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында жастар тазалық пен тәртіпті сақтау – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты. Белсенді жастар қоршаған ортаға жанашырлық танытып, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысудың маңыздылығын көрсетті.

Мұндай шаралар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Таза орта – елдің көркі. Туған жерге жанашырлық тазалықтан басталады!

 

 

#ТазаҚазақстан

#тұрақтыдаму

#экология

#TazaChallenge

#TazaQazaqstan

10 августа 2026
Абай күніне орай «Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы» атты облыстық байқау өтті
Қызылорда облысында 10 тамыз – Абай күніне орай «Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы» атты облыстық байқау өтті.
Шара барысында қатысушылар мен қонақтар «Адамзаттың Абайы» атты көрме-инсталляциямен танысты. Көрмеде ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, философиялық ойлары мен рухани мұрасы кеңінен таныстырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы Нұртай байқауға қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақын мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі және ұлттық руханиятты дамытудағы маңызына тоқталды. 
Байқауға Қызылорда қаласы мен облыс аудандарынан жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарының студенттері мен жастарынан құралған 8 команда қатысты.
Атап айтқанда:
«ЗЕРТТЕУШІЛЕР» тобы – Қызылорда қаласы;
«КІТАП ҚҰРТТАРЫ» тобы – Қызылорда қаласы;
«СЫР ЗЕРЕКТЕРІ» тобы – Қазалы ауданы;
«ХӘКІМ ЖОЛЫ» тобы – Қармақшы ауданы;
«ЖЕҢІС» тобы – Жалағаш ауданы;
«ӘДІЛЕТ» тобы – Сырдария ауданы;
«МҰРАГЕР» тобы – Шиелі ауданы;
«ЖАЛЫН» тобы – Жаңақорған ауданы.
Қатысушылар Абайдың қара сөздерін мәнерлеп айту, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру, «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша қойылым көрсету және Абай әндерін орындау кезеңдерінде өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынға салды.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орын – Қазалы ауданының «СЫР ЗЕРЕКТЕРІ» тобы;
ІІ орын – Жалағаш ауданының «ЖЕҢІС» тобы;
ІІІ орын – Жаңақорған ауданының «ЖАЛЫН» тобы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Абай күніне орай облыс көлемінде ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеуге және шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.
 
#АБАЙКҮНІ
#AbaiDAY
24 июля 2026
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбында ауқымды акция өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Шиелі ауданындағы «Ы. Жақаев» саябағында жастардың қатысуымен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Акция барысында саябақ аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, айнала ретке келтірілді. Жастар қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін іс жүзінде көрсетіп, туған жердің тазалығына өз үлестерін қосты.

Тазалық жұмыстары басталар алдында Шиелі ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Ержан Әбдешов сөз сөйлеп, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалықты сақтауға және «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді атсалысуға шақырды.

          Акция соңында қатысушылар тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салты болуы тиіс екенін атап өтіп, ауданның тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.

          Таза табиғат – ұлттың ортақ байлығы. Тазалық әрқайсымыздан басталады!

#ТазаҚазақстан
#тұрақтыдаму
#экология
#TazaChallenge
#TazaQazaqstan

17 июля 2026
Арал ауданындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Арал ауданына жұмыс сапары барысында мотоцикл құрастыру зауытының жұмысымен танысты.

«Тоғыс-Аралотын» ЖШС бұл жобаға 1 млрд теңге бағыттаған. Жылына 20 мың компонент шығаруды жоспарлауда. Зауытта өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа шығарылады, қалған 50 пайызы шетелге экспортталады.

Өндірістік жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және экспорттық әлеуетті арттырудағы маңызы зор.

Бұдан кейін облыс әкімі «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы автомобиль жолының құрылысына қатысты мәселелерді пысықтады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтай отырысында «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысын жеделдетуді тапсырған болатын.

Осыған сәйкес қазіргі уақытта салалық министрлік жобаны қаржыландыру көздерін айқындап, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жол құрылысына 780 млрд 285 млн теңге қаржы бөлінеді. Жалпы ұзындығы 559 шақырым, Қызылорда облысына 189 шақырымы тиесілі. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін Еуропа – Кавказ – Азия халықаралық көлік дәлізі бойындағы бағыт шамамен 900 шақырымға, Қытай мен Ақтау арасындағы жүк жеткізу мерзімі екі тәулікке қысқарады.

Бұл жол өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға және теміржол бойындағы елді мекендердің дамуына оң әсерін тигізеді.

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Беларан елді мекендеріне қатынайтын автомобиль жолының мәселесі түбегейлі шешіледі.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне жұмыс сапасы мен мерзіміне қатысты талаптарды басты назарда ұстауды тапсырды.

15 июля 2026
«Конституция – азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы» тақырыбында облыстық форум өтті

«Достық үйінде» облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, басқарма және департамент басшылары, жастар ұйымдары, азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен «Конституция – азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы» тақырыбында облыстық азаматтық форум өтті.

Форумда жаңа Конституция аясында азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы әріптестікті нығайту және қоғамдық диалог мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.

«Халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға кеңінен тарту – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын әрі қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатын озық тәжірибе.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап өткен болатын.

Өңіріміздегі азаматтық қоғам институттары мемлекеттік бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысып, халықтың мүддесін қорғауға, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосып келеді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақта мыңға жуық қоғамдық ұйым тіркелген, 2023-2026 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 555 әлеуметтік жоба жүзеге асты. Облыстық, аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 200-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілі бар.

Форумда «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов, «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зейнар Тәжиева, «Ел-Арай» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Байдәулетов және «Жас толқын» еріктілер жасағының жетекшісі Әнуар Тоқтамысов баяндама жасап, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Конституцияның жаңа редакциядағы арнайы басылымы табысталды. Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері облыс әкімінің Алғыс хатымен және арнайы қаржылай сыйақы сертификатымен марапатталды.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы