Қызылорда облысында дін мәселесі жөнінде 177 адамнан құралған 9 ақпараттық-түсіндіру тобы (1-облыстық, 1-қалалық, 7-аудандық) жұмыс жасайды.
Ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен ағымдағы жыл басынан бері түрлі форматта 235 шара өтіп, 6 970 адам қамтылды. Оның ішінде, деструктивті діни ағымды ұстанушы азаматтарды оңалту мақсатында 64 адрестік кездесу өткізілсе, ДДА идеологиясының қауіптілігі туралы халықты ақпараттандыру мақсатында адам көп шоғырланатын орындарда 9 акция ұйымдастырылып (244 адам), тұрғындарға 129 ақпараттық-танымдық материал таратылды.
2020 жылғы 7 қаңтарда христиандық «Рождество» мейрамына орай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшылығы «Шымкент Епархиясы Қызылорда қаласы Қазан Құдай Ана Иконасы храмының приходы» православие шіркеуінің настоятелі В.А. Ивашининге облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге, аталған шіркеудегі «шоқыну» рәсіміне (крещение) 500 тұрғын, ал Сырдария өзеніне 17 адам барып қатысқан. Бұл құлшылық рәсімдерін жүргізу барысы жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылауға алынып, оқыс оқиғалар орын алмады.
22 қаңтар күні ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен өңірдегі барлық имамдармен кездесу өтті. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері Е. Есов, Ш. Назаров қатысып, биылғы жылы мешіт имамдарының профилактикалық жұмыстарын жүзеге асыру барысы талқыланды.
23 қаңтарда облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері Е. Есов, Ш. Назаров, Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары А. Боранбаев және Н. Ниязбекова Сириядан оралған қызылордалық 2 азаматшамен кездесу өткізіп, зайырлы мемлекеттің құндылықтары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
2020 жылғы 3 ақпанда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т. Маханов, ҚР ҰҚК департаментінің қызметкерлері және ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Б. Абуовтің қатысуымен мешіт қызметкерлерімен кездесу өтіп (шараға 200 имам қамтылды), имамдардың қызметін жетілдіру мәселесі талқыланды.
7 ақпанда Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Б. Оспанов облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен «Ислам дінінде адамзатқа қойылған талаптар мен шектеулер, дін мәселелері және экстремизмнен қалай арыламыз?» тақырыбында сұхбат жүргізді.
7 ақпанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «30 игі шара» акциясы аясында «Достық» үйінде «Жарасымды жанұя» тренингі өтті. Шараға 350 тұрғын қамтылып, 3 кезең бойынша ұйымдастырылған «сұрақ-жауап» ойынында ұтып шыққан жеңімпаздар Кіші қажылыққа жолдамамен және басқа да арнайы сыйлықтармен марапатталды.
14-15 ақпан аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Абдуғаппар Сманов Қызылорда қаласындағы мешіт жамағатымен және Сырдария ауданының тұрғындарымен кездесіп, «Ислам дініндегі ата-ананың қадірі» тақырыбында сұхбат жүргізді.
17-18 ақпан аралығында дін саласы мамандарының біліктілігін арттыру бағытында «Ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды.
20 ақпанда өңіраралық тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының сала мамандарымен «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өткізіліп, шарада «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің теологы Рүстем Сыздықов, «Парасат» кеңес беру әдістемелік орталығының директоры Индира Беркімбаева тақырып аясында баяндама жасады.
2020 жылғы 24-28 ақпан аралығында Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары А. Боранбаев, Н. Тәшімов, Б. Оспанов, Ш. Тобжанов, Қ. Кеңесбеков Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын түсіндіру мақсатында Қызылорда қаласындағы жоғары және орта оқу орындарының жастарымен кездесу өткізіп, шараға 415 адам қамтылды. Кездесу барысында жастардың рухани құндылықтары, діни сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Облыстық АТТ құрамындағы теолог мамандар әр аптаның жұма күндері мешіттердегі діни рәсімдерге және күнделікті кешкілік уақытта (шам және құптан намаздары аралығында) мешіт жамағытымен кездесіп, зайырлы құндылықтар бойынша сұхбат жүргізіп тұрады. Бақылау, зерделеу шаралары барысында туындаған мәселелерге қатысты Терроризмге қарсы комиссия аппаратына ұсыныс беріледі.
Сондай-ақ, аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында әзірленген «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында діни ортада кездесулер өткізу және түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру», «Түзету мекемелеріндегі дәстүрлі емес діни ағымдар жетегіне кеткен азаматтарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру» және «Облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобалары бойынша мемлекеттік сатып алу процесі жүргізілуде.
Есепті мерзімде Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің түзеу мекемелеріндегі экстремизм және терроризм бабымен сотталған тұлғаларды радикалды көзқарасынан қайтару мақсатында теолог мамандар 22 жеке кездесу өткізсе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабымен пробациялық есепке тіркелген ДДА ұстанушылармен 7 мақсатты кездесу ұйымдастырылды.
Әлеуметтік желілерде діни салада жарияланған ақпараттарды бақылау және талдау жұмыстары жүргізіліп, күмәнді деп танылған 40 сілтеме дінтану сараптамасын жүргізу үшін ҚР Дін істері комитетіне жолданды.
Аймақ тұрғындарын деструктивті діни ағым идеологиясынан сақтандыру мақсатында БАҚ-та жалпы 246 материал жарияланған (интернет ресурстарда - 213, баспа құралдарында - 33 материал).