Қызылорда облысында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2019 жылы орындалуы бойынша ақпарат
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2019 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 73 млн. теңге қаржы бөлінді.
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Есепті мерзімде тіл орталығы арқылы барлығы 2604 адам, оның ішінде 1049 адам мемлекеттік тілді, 704 адам орыс тілін, 851 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 300 мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері диагностикалық, 200 қызметкер сертификаттық тестілеуден өтті.
Тілдік ахуалды зерделеу нәтижесімен 2019 жылдың қорытындысы бойынша шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда 99,6%, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде 98,6 %-ды көрсетті.
Облыста тілдерді дамыту бағытында «Үштілділікті насихаттау», «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру» мемлекеттік әлеуметтік жобалары аясында түрлі форматта барлығы 22 іс-шара өткізіліп, оған 1310 адам қатыстырылды.
«Үштілділікті насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында үштілділік саясатын түсіндіру мақсатында облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, Қызылорда қаласы мен аудандарда «Тілдерді меңгеру – заман талабы» тақырыбында көшпелі семинарлар, өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесін байыту, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты ақын-жазушылармен кездесу кеші, қазақ тілінде білім алатын жастардың орыс әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, үш тілді жоғары деңгейде меңгерген жастарды анықтау және ынталандыру мақсатында «Үш тілді білу – заман талабы» облыстық сайысы, аударма жасаудың негізгі мәселелерін талқылау және қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру мақсатында «Аударма мәселелері» тақырыбында семинар, жергілікті жерлерде ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын талқылау мақсатында «Тілдерді дамытудың өзекті мәселелері» облыстық семинары және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, жастардың тіл шұрайлылығын, қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесін байыту мақсатында ақын Елубай Әуезовпен «Сырдан бір Күн келеді көтеріліп...» атты кездесу кеші өткізілді.
«Аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, жастардың тіл мәдениетін дамыту және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттау мақсатында «Текті сөздің төресі - терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы және үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында «Тілдарын - 2019» облыстық олимпиадасы, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген этнос жастарын анықтау және мемлекеттік тілді қолданылуын арттыру мақсатында «Тіл-парасат» облыстық байқауы өткізілді.
5 қыркүйек – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, 2019 жылдың 5 қыркүйегі күні Қазақстан халқы тілдерінің күнін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру және ұлттар достастығының үлгісін паш ету мақсатында «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті.
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай облыс бойынша 600-ден аса шара өткізіліп, оған 23 000-ға жуық адам қатысты.
Басқарманың тапсырысымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасынан жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны мен халық арасында жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін түсіндіру және осы бағытта атқарылған жұмыстар барысымен таныстыру мақсатында «Тілтаным» телебағдарламасы тоқсан сайын көрсетілуде.
2019 жылдың 20-28 тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында латын графикасында әзірленген клавиатураларды апробациядан өткізу жұмыстары жүргізілді. Апробация жұмысына мемлекеттік қызметшілер және түрлі салалық ұйымдардың қызметкерлерінен 503 адам қатысты.