Дін саласында атқарылған жұмыстардың есебі 2019 жыл
Қызылорда облысында 185 діни ұйым (11 жергілікті діни бірлестік, 174 филиал) қызмет атқарады.
Ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен жыл басынан бері түрлі форматта 2 017 шара өтіп, 64 646 адам қамтылды. Оның ішінде адам көп шоғырланатын орындарда (автобекет, базарлар, сауда үйлері т.б.) 184 акция өткізіліп (9 105 адам), тұрғындарға 5900 ақпараттық материал таратылды.
2019 жылғы 21-22 ақпан аралығында аймақтағы діни кадрларды қамтамасыз ету мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) басшысы Т.Маханов, Басқарманың бөлім басшысы Е.Есов және Дін мәселелерін зерттеу орталығының (бұдан әрі – Орталық) директоры Б.Камалов іс-сапармен Алматы қаласында болып, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде (бұдан әрі – «Нұр-Мүбарак» университеті) оқып жатқан қызылордалық студенттермен кездесу өткізді.
23 ақпан күні өңіраралық тәжірибе алмасу мақсатында Басқарма басшысы Т.Маханов, Орталықтың директоры Б.Камалов Маңғыстау облысына барып, Дін істері басқармасының жұмыс барысымен танысты.
26 ақпанда орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қыздар жамағаты арасында «Деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
12 наурызда «Терроризмді бақылау комитеті» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Оразбаев, «Шаңырақ» дін мәселелері бойынша оңалту орталығының директоры М. Мадияров, ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі А. Ұтысқанұлы және ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Б. Абуовтың қатысуымен мешіт имамдарының білімін жетілдіру бағытында семинар-тренинг өткізілді.
25 наурыз күні «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры А. Сабдин аймақта болып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі діни экстремизм бабымен сотталған тұлғалармен кездесу өткізді.
26 наурызда ҚМДБ найб мүфтиі А. Әділбаев, «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры А. Сабдин және Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы дін саласына жауапты мамандардың қатысуымен «Деструктивті діни ағымдардан жапа шеккен тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеуді жетілдіру жолдары мен тәсілдері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
10 сәуірде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Т.Талғат, Қызылорда қаласы білім бөлімінің теолог маманы Н.Даулеталиев, облыстық «Сыр Дидары» газетінің бас редакторы С.Алдашбаев, Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Ә.Жаппасбаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Ж.Тасабаев, Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Ж.Қарғабаевтың қатысуымен «Жастар арасындағы діни радикализм тәуекелдерінің алдын алу мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
26-28 сәуір күндері республикалық ақпараттық түсіндіру тобы (бұдан әрі – РАТТ) мүшесі, «Нұр-Мүбарак» университетінің PhD докторы А. Әкімханов аймағымызда болып, Жалағаш ауданындағы мешіт имамдарының білімін жетілдіру бағытында оқыту-семинарын өткізді.
14-16 маусым аралығында Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық деңгейдегі теолог маман, исламтанушы ғалым, «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығының қызметкері Ризабек Батталұлы аймағымызда болып, «Деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы тұру және алдын алу шаралары» тақырыбында білім саласы мамандарымен, жастармен, мешіт жамағатымен кездесу өткізді.
19 маусым күні облыстық АТТ мүшелерінің қатысуымен «Шешендік өнер: сөйлеу мәдениеті мен технологиясы» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Шараға «Ritorix» шеберлік өнер мектебінің негізін қалаушы Г. Битанова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің доценті А. Айтбаева және Бизнес инкубатор орталығының директоры Ж. Оразбақов қатысып, ораторлық өнер мен сөйлеу технологиясы бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
26-27 шілде күндері РАТТ мүшесі, «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығының қызметкері, исламтанушы Ризабек Батталұлы Қазалы ауданында болып, мешіт жамағатымен сұхбат жүргізді.
19-22 тамыз күндері РАТТ мүшелері дінтанушы мамандар Ж. Ахан, Е. Оңғаров және психолог маман Г. Раздыкова аймақта болып, ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің біліктіліктерін арттыру бағытында 4 күндік оқыту семинарын өткізді. Сонымен бірге, Г. Раздыкова және облыстық АТТ мүшесі Н. Ниязбекова Қызылорда қаласындағы деструктивті діни ағымды ұстанушы әйел жамағатымен жеке кездесулер ұйымдастырды.
12 қыркүйек күні Қорқыт ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында «Дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясын алдын алу жолдары» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Семинарда ҚМДБ-ның РАТТ мүшесі, Шымкент қаласы «Әл-Біләл» мешітінің бас имамы Е. Қарақұлов баяндама жасады. Шараға «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, кент және ауыл әкімдері, АТТ мүшелері және мешіт имамдары қатысты.
17-18 қыркүйек күндері Жалағаш ауданына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Дінтану сараптамасы орталығының» бөлім басшысы, РАТТ мүшесі, білікті теолог Ж.Ахан іс-сапармен келіп, кент және ауыл имамдарына, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдеріне, аудан жастары мен АТТ мүшелеріне «Діни экстремизм мен терроризмнің идеялық негіздеріне қарсы күресу жолдары» тақырыбында 2 күндік семинар өткізді.
19-20 қыркүйек күндері елімізге белгілі теолог, ҚМДБ жанындағы РАТТ мүшесі А. Сманов Шиелі ауданына келіп, аудандық мәдениет үйінде және «Оқшы ата» мешітінде «Қазақ зиялылары және ислам», «Дін мен дәстүр» тақырыптарында кездесу өткізді. Кездесуге аудан тұрғындары, мешіттің жамағаты қатысты.
24 қыркүйек күні Жаңақорған ауданында «Зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің рөлі мен маңызы» тақырыбында мектеп мұғалімдеріне және «Зайырлылық және дін – біртұтас қоғам» тақырыбында аудан көлеміндегі мешіт имамдарына арналған 6 сағаттық оқыту семинарлары өтті. Оқыту семинарларына Түркістан қаласынан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының оқытушысы, дінтанушы С. Оразбай және Түркістан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының міндетін атқарушы, дінтанушы М. Халықов келіп дәріс оқыды.
18-қазан – Рухани келісім күніне орай, облыс әкімімен бекітілген «Руханият және дәстүр» тақырыбында айлық жоспар бекітіліп (03.10.2019 ж. № 03/1-6/5697), тиісті іс-шаралар жүзеге асырылды.
Жоспарға сәйкес, 19 қазанда облыстық ішкі саясат басқармасы облыстағы ҚМДБ өкілдерімен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы қорымдарда тазалық акциясы ұйымдастырылды.
22 қазан күні облыс әкімінің орынбасары Н. Байқадамов аймақтағы этно-мәдени және діни бірлестік жетекшілермен, Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, облыстық АТТ мүшелерімен ашық кездесу сағатын өткізді.
21-25 қазан аралығында облыстық АТТ мүшелері, Орталық директоры Б. Камалов және осы Орталықтың бөлім басшысы Ж. Дәрібаев барлық аудандарда болып, мектеп мұғалімдерімен «Мемлекеттің зайырлылық принциптерін түсіндірудегі «Зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің рөлі» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
28 қазанда жергілікті діни бірлестік жетекшілерінің қатысуымен «Рухани келісім – бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі» атты ағаш отырғызу рәсімі өтті.
3 қараша күні мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, Басқарма басшысы Т. Маханов жүлделі болған командаларды алғыс хатпен марапаттады.
7 қарашада облыс әкімі Қ.Д. Ысқақов жергілікті діни бірлестік өкілдерімен кездесіп, аймақтағы дінаралық, конфессияаралық келісімді нығайту бағытында қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдірді.
13 қараша күні Басқарма басшысы Т. Махановтың төрағалығымен «Мемлекеттің дін саясатын жүргізудегі БАҚ-тың рөлі» тақырыбында аймақтағы БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілді. Шара барысында облыстық АТТ мүшесі, «Сыр-Дидары» газетінің бас редакторы С. Алдашбаев, облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының шеф-редакторы А. Тұңғышбаева, Дін мәселелерін зерттеу орталығының Интернет және БАҚ-пен жұмыс бөлімінің басшысы Н. Тәшімов тақырып аясында баяндама жасады.
18 қарашада Басқарма басшысының орынбасары Е. Әбілдаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ. Жанұзақовтың қатысуымен «Жеті рухани қазық – жастар ұстанымы» тақырыбында облыстық жастар форумы ұйымдастырылды.
19 қараша күні облыс әкімінің орынбасары Н. Байқадамов, Басқарма басшысы Т. Маханов және ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Е. Оңғаровтың қатысуымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында аймақтық имамдар форумы өткізілді.
14 желтоқсанда «Шанс» жасөспірімдерге әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек көрсету орталығының басшысы Тоқтағұл Зейнеп Ермекқызы және Психология ғылымының халықаралық академиясының мүшесі Фесенко Наталья Федоровнаның қатысуымен «Деструктивті діни ұйымдардан зардап шеккендермен жұмыс» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Діни ахуалға объективті баға беру үшін тұрғындардың пікірін білу маңызды. Осыған байланысты, Орталық тарапынан тұрғындар арасында тоқсан сайын сауалнама жүргізіліп тұрады. Діни ортада жүргізілген соңғы сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 91% облыстағы діни ахуалды «тұрақты» деп бағалаған.
Қылмыстық-атқару жүйесі депаратментімен бірлесіп, түзеу мекемелеріндегі радикалды көзқарастағы азаматтарды оңалту мақсатында теолог мамандардың қатысуымен 130 мақсатты кездесу өткізілсе, оның ішінде пробациялық есепке тіркелген ДДА өкілдерімен 35 жеке кездесу және мәдени-ағартушылық бағытында 15 шара ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, аймақ тұрғындарын деструктивті діни идеологиядан сақтандыру мақсатында ағымдағы жыл басынан бері БАҚ-та жалпы 1 039 материал жарық көрді (интернет ресурстарда - 571, баспа құралдарында – 392, телеарнада – 76 сюжет).
Жыл басынан бері күмән келтірген 554 сайт анықталып, дінтану сараптамасын жүргізу үшін Дін істері комитетіне жолданып, оның 245-і бұғатталды.