Қызылорда облысында 2020 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 82 млн. теңге қаржы бөлінді.
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Есепті мерзімде тіл орталығы арқылы барлығы 1103 адам, оның ішінде 508 адам мемлекеттік тілді, 258 адам орыс тілін, 337 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 6 наурыздағы № 179 қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қызылорда облысының іс-шаралар жоспары» бекітілді.
Басқарманың тапсырысымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасынан жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны мен халық арасында жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін түсіндіру және осы бағытта атқарылған жұмыстар барысымен таныстыру мақсатында «Тілтаным» телебағдарламасы тоқсан сайын көрсетілуде.
Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы өткізілді.
Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, 2020 жылдың 4 қыркүйегі күні Қазақстан халқы тілдерінің күнін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру және ұлттар достастығының үлгісін паш ету мақсатында «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Тіл мерекесі қарсаңында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, бүлдіршіндердің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру мақсатында Қызылорда қаласындағы бірқатар балабақшаларда «Тілді сүю-талбесіктен» акциясы ұйымдастырылды.