2023 жылдың 16-20 қазан аралығында 18 жасқа толған 1000 тұрғынның қатысуымен мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуына тұрғындардың көзқарасын білу мақсатында әлеуметтанулық зерттеу жүргізілді. Сауалнаманың іріктемелік жиынтығы (1000 респондент) тиісті әлеуметтанулық қағидаларға сәйкес жасалды және сауалнама face to face тәсілімен өткізілді.
Әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 97,0% қазақ тілін күнделікті қолданатын болып шықты. Сондай-ақ, қазақ тілін арасында қолданамын дегендер 2,7% құраса, өте сирек қолданамын дегендердің үлесі өте аз екені, яғни 0,3% құрайтыны анықталды.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан аймақ тұрғындарының 78,2% мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін «жоғары» деп бағалаған.
Сонымен қатар, әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесінде, респонденттердің 98,9% қазақ тілін жақсы меңгергені, еркін сөйлей алатыны, оқып және жаза білетіні белгілі болып отыр.
Ал орыс тілін жақсы білемін деп есептейтіндердің бөлігі (еркін сөйлеймін, оқимын және жазамын) 33,7% құраса, орыс тілін түсінемін, респонденттердің 26,1% орыс тілін түсінемін, сөйлесе аламын, бірақ жаза алмаймын десе, олардың 2,2% орыс тілін мүлдем білмеймін деп жауап берген. Ал, ағылшын тілін жақсы меңгергенмін деп жауап бергендердің үлесі 6,9% ғана құрап отыр.
Сонымен бірге, респонденттердің 56,9% соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесі мен беделі артып келеді деген пікірде.
Сондай-ақ, сұрауға қатысқандардың басым бөлігі, яғни 97,8% мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға («қанағаттанарлық» және «жақсы» жауап нұсқаларын қоса есептегенде) оң баға берген.
Сонымен қатар, респонденттердің 50,8% басқа тілдерді үйренуге ақылы немесе тегін оқыту курстары тиімді тәсіл деп жауап берсе, респонденттердің 25,9% басқа тілдерді өз еркіне сәйкес үйренген дұрыс деп ойлайды. Ал, олардың 12,3% ғаламтордағы онлайн сабақтар арқылы үйренгенді тиімді деп санайды.
Әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 79,5% кітаптарды қазақ тілінде оқитынын айтса, олардың 15,1% кітаптарды қазақ және орыс тілінде оқитындарын жеткізген.Ал, респонденттердің 5,4% кітапты тек орыс тілінде оқиды.
Сонымен қатар, респонденттердің басым көпшілігі,яғни 90,3% телебағдарламаларды қазақ тілінде көретіні анықталса,олардың 9,3% аталғандай бағдарламаларды орыс тілінде көретіні айқындалды.
Сонымен қатар, сұрауға қатысқан респонденттердің жартысына жуығы, яғни 55,4% ғаламтордан ақпараттарды алу үшін қазақ тілін қолданатындарын жеткізсе, олардың 33,9% интернет ресурстардағы ақпараттарға қол жеткізу үшін қазақ және орыс тілдерін пайдаланатындарын айтқан.Ал, ғаламтордан қажетті мәліметтерді табу үшін тек қана орыс тілін қолданамыз дегендер үлесі 5,9% болып отыр.
Сонымен қатар, әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінде респонденттердің 41,6% әрқайсысымыз мемлекеттік тілді дамытуға деген жауапкершілігімізді арттыру арқылы қазақ тілінің қолданылу деңгейін жоғарылата аламыз деген көзқараста болып шықты.
Бұдан бөлек, сұрауға қатысқан респонденттердің 94,0% терминдердің қазақ тіліне аударылуына көңілдері толатын («ішінара көңілім толады» және «толығымен көңілім толады» жауап нұсқаларын қоса есептегенде) болып отыр.
Аталған әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесінде респонденттердің 93,6% тұрғылықты жерлерінде көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларда көбінесе қазақ тілінде жазылатындығын айтқан.
Ал, орыс тілі басым қолданылады дегендердің үлесі 5,6% құраса, респонденттердің 0,8% сыртқы жарнамаларда ағылшын тілдері қатар жүреді деп белгілеген.