МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ

Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.

       2025 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен   155,8  млн. теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 143 млн 822 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 11 млн 993 мың теңге).

      Есепті кезеңде Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы        барлығы 2029 адам, оның ішінде  1050-і мемлекеттік тілді, 425-і орыс тілін, 553-і ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.

         Тіл орталығының оқытушылары әзірлеген «Қазақтілді кәсіпкер» оқу құралының хабаршы нұсқасы республикалық сараптамалық комиссияға ұсынылды. Орталық  жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде орыс тілінің оқытушылары әзірлеген «Русский язык в деловой сфере» оқу құралының тұсауы кесілді.

       Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобалары іске асырылды.

         5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік шара өткізіліп, онда тіл жанашырлары, сала мамандары және мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетіп жүрген түрлі сала өкілдері арнайы марапаттарға ие болды.

        «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес, «Көрнекі ақпарат мәселелері» атты республикалық семинар, «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» атты облыстық семинар-тренинг, мемлекеттік қызметшілер арасында «Этно Quiz», «Тіл – қылыштан да өткір» жайдарман сайыстары, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын...» полиглоттар сайысы, сондай-ақ «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты байқаулары өткізілді.

            Республикалық байқауларға қатысқан Сыр өңірінің өкілдері зор жетістіктерге жетті:

            Атап айтқанда, Қарағанды қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы “Үздік оқытушы – 2025” байқауында тіл орталығының оқытушысы Г.Сембиева – І орын, Түркістан қаласында өткен «Тіл шебері» байқауында облыстық дін басқармасының бөлім басшысы Н.Бердібек – ІІ орын, Шымкент қаласында өткен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауында әскери құрылым ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаментінің әскери қызметшісі  В.Шегай – ІІІ орынды иеленді.

            Жалпы, мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту    мақсатында түрлі форматта барлығы 176 шара өткізіліп, оған 9000-ға жуық адам қамтылды.

            2025 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесімен мемлекеттік тілді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 95,7 % құрады.

            Облыс әкімдігі бойынша 2025 жылдың қорытындысымен мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 99,6% құрады.

        Ономастика саласы бойынша 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес  барлығы 37 көше атауы өзгертілді.

        Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай облыс көшелеріне 146 ардагердің есімі берілді.

       Ономастика саласы бойынша «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы аясында облыстағы кейбір өзгеріске түскен елді мекен атауларын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстардың ғылыми негіздемелері ұсынылған монография баспадан шығарылды.

Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Дата публикации
01 апреля 2026