Аймақ тұрғындарының мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуына көзқарастарын білу мақсатында жүргізілген сауалнама қорытындысы

2025 жылғы 3-25 қараша аралығында аймақ тұрғындарының мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуына көзқарастарын білу мақсатында «face to face» әдісімен әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді. Зерттеуге 18 жастан асқан 1000 облыс тұрғыны қатысты.

Сұрау нәтижесінде, сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 95,7%-ы «қазақ тілін» ана тілім деп есептейтіні анықталды.

Ал, сұралғандардың 3,8%-ы «орыс тілін» ана тілім деп көрсетсе, 0,5% респондент «басқа» жауап нұсқасын таңдаған. Орыс және басқа тілді ана тілім деп жауап бергендер аталған этностардың өкілдері болып табылады.

 

Облыс тұрғындарының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейі

Сауалнамаға қатысқан аймақ тұрғындарының 12,1%-ы ғана үш тілді толық білетіндері белгілі болды. Сұралғандардың басым бөлігі, яғни 57,4%-ы қазақ және орыс тілін жақсы біледі екен. Ал, тек қазақ тілін білетіндер  (орыс және ағылшын тілін білмейтіндер) 28,4%-ды құрап отыр.

Зерттеу нәтижесінде, өңір тұрғындарының 92,0%-ы қазақ тілін толық білетіндерін айтқан. Ал, респонденттердің 2,4%-ы қазақ тілінде «еркін сөйлейтінін, оқитынын, бірақ жаза алмайтынын» жеткізсе, сұралғандардың 2,1%-ы мемлекеттік тілді «түсінемін және түсіндіре аламын» деп жауап берген. Аталған жауап нұсқаларын басқа этнос өкілдері белгілеген.

Аймақ тұрғындарының орыс тілін меңгеру деңгейіне тоқталсақ. Респонденттердің 54,7%-ы орыс тілін «жақсы» білетіндерін мәлім еткен .

Сондай-ақ, сұралғандардың 32%-ы орыс тілін меңгеру деңгейін «орташа» деп көрсеткен. Бұған қоса, 13,3% респондент орыс тілін «төмен» деңгейде білетіндерін айтқан.

Келесі кезекте, сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші облыс тұрғыны (26,1%) ағылшын тілін мүлдем білмейтіндерін мәлімдесе, сұралғандардың 41,5%-ы ағылшынша кейбір сөздерді ғана түсінетінін жеткізген. Бұл көрсеткіштер респонденттердің 67,6%-ының ағылшын тілін меңгеру деңгейі «төмен» екенін көрсетуде.

Сонымен қатар, ағылшын тілін «орташа» деңгейде меңгергендер 20,5% болса, «жақсы» білетіндер 11,9%-ды құрауда.

 

Аймақ тұрғындарының мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуына көзқарастары

 Зерттеуге қатысқан өңір тұрғындарының 56,2%-ы облыс көлемінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға «жақсы» деп баға берген. Ал, сұралғандардың 36,7%-ы аймақта мемлекеттік тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды «қанағаттанарлық» деп бағалаған. Бұл сауал бойынша «нашар» нұсқасын белгілегендердің үлесі 1,9% ғана.

Сұралғандардың 74,3%-ы соңғы 1 жыл көлемінде өңірде тілдерді дамытуға бағытталған қандай да бір іс-шараға қатыспаған . Олардың үлесі аудандардың барлығында жоғары болуда.Ал, соңғы 1 жылда аймақта тілдерді дамытуға бағытталған іс-шараларға қатысқандардың үлесі 25,7%-ды құраған.

Респонденттердің 60,4%-ы аймақта жыл көлемінде үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) тегін оқыту курстары өтетінінен хабарсыз болса, хабары бар тұрғындардың үлесі 39,6%-ды құрауда.

Аудандар бөлінісінде, салыстырмалы түрде Сырдария (100%), Жалағаш (81,8%), Жаңақорған (63%) аудандарында және Байқоңыр (86,4%), Қызылорда (74%) қалаларында жыл көлемінде тұрақты түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін тегін оқытатын курстар бар екенін білмейтін тұрғындардың пайыздық үлесі өте жоғары болуда .

Өңір тұрғындарының мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі бойынша пікірлері

Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің басым көпшілігі, яғни 77,4%-ы облыста мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін «жоғары» деп бағалаған . Ал, сұралғандардың 20,7%-ы өңірде мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін «орташа» деп көрсеткен. Аудандар бөлінісінде бұл жауапты белгілегендер Байқоңыр қаласында (50%) және Сырдария (45,7%), Қазалы (41,7%) аудандарында жоғары пайызбен тіркелген.

Респонденттердің басым көпшілігі, яғни 75,9%-ы интернеттен ақпаратты қазақ тілінде іздейтіндерін айтқан .

Сонымен бірге, 19,7% тұрғын ғаламтордан мәліметті орыс тілінде алатынын жеткізген. Қалған 3,9% респондент интернеттен ақпарат алу үшін басқа тілді қолданамын десе, 0,5% тұрғын ағылшын тілін пайдаланамын деп атап өткен.

Сұралғандардың 37,6%-ы қазақ тілінің қолданылу деңгейін жоғарылату үшін «әрбір азамат мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет» деп көрсетсе, 36% респондент «интернетте қазақ тіліндегі ақпараттар қатарын көбейту керек» екендігін атап өткен.

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан әрбір бесінші тұрғын (20,9%) қазақ тілінің қолданылу деңгейін жоғарылату үшін «барлық мекемелерде іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу қажет» екендігін жеткізуде.

 

 

Дата публикации
08 января 2026