Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ, жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
2025 жылғы ІІІ тоқсан бойынша Тіл орталығы арқылы барлығы 305 адам, оның ішінде 151 адам – мемлекеттік тіл, 120 адам – орыс тілі және 34 адам – ағылшын тілі курстарынан өтіп, сертификат алды.
Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Мен бір жұмбақ адаммын...» атты облыстық полиглоттар сайысы және «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты облыстық байқау өткізілді.
5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Достық үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік шара өтті.
Орталық пен республикалық «Білім кені» журналы бірлесіп, қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған мерейтойлық ғылыми жинақ шығаруды қолға алды.
3 қыркүйек күні Түркістан қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Тіл шебері» республикалық байқауында жерлесіміз облыстық дін басқармасының бөлім басшысы Н. Бердібек жүлделі II орынды иеленді.
19 қыркүйек Қарағанды қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы - 2025» республикалық байқауына Орталық оқытушысы Г. Сембиева қатысып, жүлделі 1 орын иеленді.
Жыл басынан бері 21 мекемеге оқу-әдістемелік құралдар таратылып, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда 11 мақала жарық көрді.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарының бірі – ономастика саласы. Жол картасына сәйкес облыс бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 37 көше атауын өзгерту жоспарланған (ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен).
2025 жылдың 3 сәуірінде 2024 жылға арналған Жол картасын іске асыру мақсатында облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, идеологиялық тұрғыдан ескірген 5 көшені қайта атау бойынша ұсыныстар қаралып, қолдау тапты.
Сонымен қатар, 2025 жылдың Жол картасына енгізілген 32 көшенің атауы кезең-кезең (16 сәуір 2025 ж, 16 маусым 2025 ж, 26 тамыз 2025 ж) облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, барлық ұсыныстар қолдау тапты.
Бүгінде комиссия қорытындысына сәйкес, кент және ауылдық округ әкімдерінің шешімдері шығарылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан (2025 жылдың 10 қаңтарында № 04-29/16 қбпү хат) Ұлы Жеңістің
80 жылдығына орай Кеңес Одағының Батырлары мен екінші Дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің есімдерін критерийлерге сәйкес көшелер мен даңғылдарға, білім беру мекемелеріне беру мүмкіндігін қарастыру туралы хаты басшылыққа алынып, облыс бойынша жинақталған ұсыныстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды (202 адам).
Нәтижесімен, ардагерлердің құжаттары, мәліметтері сарапталып, 146 ардагердің есімін көшеге беруге келісім берілді. Бүгінде келісілген тізім ономастика комиссия отырыстарында қаралып, барлығы қолдау тапты.
Нәтижесімен, 140 көшеге атау беру туралы шешімдер шығарылса, аудандық маңызы бар қалалардың 6 көшесіне келісім алу үшін Республикалық ономастика комиссия қарауына жолданды.
Биылғы жылы ономастика саласы бойынша «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы іске асырылуда.
Аталған жоба аясында облыстың елді мекен атауларының этномәдени негіздеріне, тарихына зерттеулер жүргізілуде. Жоба нәтижесімен облыстағы кейбір өзгеріске түскен елді мекен атауларын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстардың ғылыми негіздемелері ұсынылған монография баспадан шығарылатын болады.