Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылғы I тоқсанда атқарған жұмыстары туралы

2025 жылғы I тоқсанда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы түрлі форматта 116 іс-шара ұйымдастырып, оған 4700 адам қатысты. 2024 жылы аймақта өткен «Жасампаздық пен өрлеу жолындағы бірлік» тақырыбындағы ХХVI сессияда азаматтық қоғамның дамуына түрткі болатын бастамалар көтерілді. Бүгінде бұл жұмыстар тиімділігін көрсетті. Атап айтсақ, отбасындағы әке рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау талқыланған Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің бірнеше отырысы ұйымдастырылды. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлармен кездесулер өтті.

Аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ өңірдегі этносаралық ахуалды ғылыми тұрғыда талдап, мемлекеттік этносаясаттың жүйелі жүргізілуіне септігін тигізуде.

2025 жылы 18 ақпанда Қызылорда қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазіргі Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылық» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңесінің жетекшісі Айгүл Садвокасова (онлайн), Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Айтжан Оразбақов, Астана қаласы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Аскер Пириев (онлайн), М.О. Әуезов атындағы ОҚУ университетінің доценті, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісінің орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Саипжамал Қорғанова (онлайн), облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты Айгүл Мұсабаева, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылордадағы филиалының төрағасы Наталья Мишукова баяндама жасады.

Конференцияны «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Дәулет Омаров қорытындылап, бірлікті, татулықты берік сақтап, Қазақстанды бірге нығайтуға шақырды.

Жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастырған «Ассамблея жастары» өңірлік ұйымы түрлі шаралар мен акциялар ұйымдастырып келеді.

Қызылорда облысының әкімдігінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері, ардагерлері,  үкіметтік емес ұйым жетекшілері, саяси партиялардың облыстық филиал төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара Мемлекеттік Гимнмен басталып, облыс әкімінің бірінші орынбасары ел Президентінің құттықтауын оқыды, барша қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.

Іс-шарада облыстық Ассамблея ардагері Асылбек Жұмабаев және  «Ассамблея жастары» ұйымының белсенді мүшесі Бахар Милиярова сөз сөйледі.

Атаулы күні бірлік пен келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға  құрмет көрсетілді. ҚХА белсенділері және жұмысшы мамандық иелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарының мүшелері республикада жетістіктерге жетті. Міне, осының өзінен-ақ ауқымды істің жүзеге асқаны байқалады.

Атап айтар болсақ, 14 сәуірде облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Нәлібаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кеңейтілген кеңес өтті. Басқосуға жауапты сала басшылары, қала, аудан әкімдері мен зиялы қауым өкілдері, ҚХА мүшелері қатысты.

Отырыста облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Байрақтарова, Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Айтжан Оразбақов, ардагер Асылбек Жұмабаев сөз сөйлеп, аймақтағы жетістіктерді атап өтті.

Басқосуда Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль табысталды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді.

Татулық пен келісімнің киелі шаңырағына айналған «Достық үйінде» 11 этномәдени бірлестікке арналған кабинеттер қарастырылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Әрбір этно-мәдени бірлестіктің онкүндігі өткізіліп, ұлттық-мәдени құндылықтар насихатталады.

Этностар арасындағы қатынасты нығайту мақсатында этномәдени бірлестіктерді қолдай отырып, мәдени шаралары тұрақты ұйымдастырылуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қызылорда облыстық «Корей» этномәдени бірлестігінің және «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының 10 күндік шаралары ұйымдастырылды.

Анықтама үшін: Достық үйінде «Соллаль» – корей жаңа жылы өтті және Корей барабандарымен самульнори ойнаудан шеберлік сағаты, «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығының «Масленица» мерекесі, «Рождестволық көрме» және т.б. мәдени көпшілік іс-шаралар өткен.

Жыл аяғына дейін аймақтағы барлық этномәдени бірлестіктердің
10 күндіктері өткізілетін болады. 

Қала және аудан әкімдері облыстық ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда кемінде бір рет кездесудің жұмыс кестесі әзірленіп, жүзеге асып келеді. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен олардың белсенділерінің маңызды бастамаларын, жобаларын қолдау жалғасуда.

Жыл басынан бері тұрғындар арасында татулық пен келісімді насихаттау және жоғарыда көрсетілген әлеуметтік, мәдени, көпшілік іс-шараларды ақпараттандыру бағытында әлеуметтік желілерде
489 жарияланым, 321 бейнешолу мен бейнеролик, БАҚ пен интернет ресурстарда 202 материал жарияланды.

Дата публикации
15 июля 2025