Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің 2025 жылғы ІІ тоқсанда атқарған жұмыстары туралы

Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.

Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ, жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.

2025 жылғы ІІ тоқсан бойынша Тіл орталығы арқылы барлығы 432 адам, оның ішінде 178 адам – мемлекеттік тілді, 78 адам – орыс тілін, 176 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтіп, сертификат алды.

Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы өз жұмысын бастады. Жоба аясында ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2025» облыстық байқауы ұйымдастырылып, қорытындысымен Тіл орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Г. Сембиева байқаудың тамыз айында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алды.

ҚР Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» семинар-тренингі, «Тіл – қылыштан да өткір» тақырыбында облыстық жайдарман сайыстары ұйымдастырылып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қарсаңында қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен Орталық қызметкерлерінің ақпараттық-танымдық бейнематериалдары мекеменің әлеуметтік желі парақшасына орналастырылды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ жариялаған «Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату» ережесіне сәйкес Орталық оқытушылары әзірлеген «Қазақтілді кәсіпкер» оқу құралының хабаршы нұсқасы республикалық сараптамалық комиссияға ұсынылды.

Тілдерді оқыту орталығы жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде орыс тілінің оқытушылары әзірлеген «Русский язык в деловой сфере» оқу құралының тұсауы кесіліп, атаулы мерейтой иелеріне арналған ғылыми мақалалардың жоба нұсқасы таныстырылып, ғылыми бағытта өңдеуге кеңес берілді.

«2025 жылдың бірінші жартыжылдығына мерзімді тексеруді жүргізудің  жоспарын бекіту туралы» облыс әкімінің 2024 жылғы 28 қарашадағы №248-ө өкіміне сәйкес Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.

«2025 жылдың бірінші жартыжылдығына мерзімді тексеруді жүргізудің  жоспарын бекіту туралы» облыс әкімінің 2024 жылғы 28 қарашадағы №248-ө өкіміне сәйкес 5 мекемеде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жұмысы жүргізіліп, қорытындысымен анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар берілді.

Мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарының бірі – ономастика саласы. Қызылорда облысы бойынша көшеге атау берудің                        2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, барлығы                  37 көшенің атауын өзгерту жоспарланған.

2025 жылдың 3 сәуірінде өткен облыстық ономастика комиссиясының отырысында 2024 жылдың Жол картасына сәйкес  идеологиялық тұрғыдан ескірген кент, ауылдық округтердегі 5 көшені қайта атау бойынша ұсыныстар қаралып, қолдау тапты.

Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде өткен Республикалық ономастика комиссиясының отырысында 2025 жылдың Жол картасына сәйкес, Қызылорда қаласының 3 көшесіне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, қолдау тапты. Комиссия қорытындысы негізінде «Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» шешім жобасы әзірленіп, 2025 жылғы 20 мамырда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 20 маусымында  өткен Республикалық ономастика комиссиясының отырысында 2025 жылдың Жол картасына сәйкес Қызылорда қаласының 14 көшесіне атау беру және қайта атау, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 31 көшеге соғыс ардагерлерінің есімдерін беру бойынша ұсыныстар қаралып, қолдау тапты.         Биылғы жылы ономастика саласы бойынша «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы іске асырылуда.

Аталған жоба аясында облыстың елді мекен атауларының этномәдени негіздеріне, тарихына зерттеулер жүргізілуде. Жоба нәтижесімен облыстағы кейбір өзгеріске түскен елді мекен атауларын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстардың ғылыми негіздемелері ұсынылған монография баспадан шығарылатын болады.

 

Дата публикации
15 июля 2025