«Аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жұмыстары туралы» ақпараттық шолу

 

Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету  және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында жүргізіліп келеді.

Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ, жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.

2025 жылғы І жартыжылдығы бойынша Тіл орталығы арқылы барлығы 749 адам, оның ішінде 296 адам – мемлекеттік тілді, 203 адам – орыс тілін, 250 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтіп, сертификат алды.

Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы өз жұмысын бастады. Жоба аясында ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2025» облыстық байқауы ұйымдастырылып, қорытындысымен Тіл орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Сембиева Гүлбану Ғарифуллақызы байқаудың тамыз айында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алды.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» облыстық байқауларын, 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған «Тіл – татулық тірегі» атты салтанатты шарасын, көрнекі ақпарат мәселелері бойынша республикалық семинар, «Этно quiz» интеллектуалды сайысын өткізу жоспарлануда.

 «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғатын зерттеу арқылы деректер қорын жасау және тарихи атауларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба өңірлік ономастика саласының дамуына да тың серпін беріп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосады деген сенім бар.

ҚР Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» семинар-тренингі, «Кітап оқы да, сыйлықтар ұтып ал!», «Алғыс айту – парызым» тақырыбында этнос өкілдері арасында эссе жазу байқауы, «Тіл – қылыштан да өткір» тақырыбында облыстық жайдарман сайыстары ұйымдастырылып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қарсаңында қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен Орталық қызметкерлерінің ақпараттық-танымдық бейнематериалдары мекеменің әлеуметтік желі парақшасына орналастырылды.

Жалпы, мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткізілген түрлі форматтағы 167 іс-шараға 5000-ға жуық адам қатыстырылды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ жариялаған Мемлекеттік және ана тілдерін оқыту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, шығару және тарату ережесіне сәйкес Орталық оқытушылары әзірлеген «Қазақтілді кәсіпкер» оқу құралының хабаршы нұсқасы республикалық сараптамалық комиссияға ұсынылды.

Тілдерді оқыту орталығы жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде орыс тілінің оқытушылары әзірлеген «Русский язык в деловой сфере» оқу құралының тұсауы кесіліп, атаулы мерейтой иелеріне арналған ғылыми мақалалардың жоба нұсқасы таныстырылып, ғылыми бағытта өңдеуге кеңес берілді.

Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ағартушылық бағыттар бойынша «Трендтегі сленгтер», «Сөзтүзер», «Practical English», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?», «Тіл қазынасы», «Көнеден жеткен сөз-мұра», «Sing and Learn English», «Сөз орамдары», «Атақты тұлғалардың алтын сөздері», «Оқуға ұсынамыз!» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Одан бөлек, ел ішіндегі күнделікті жаңалықтар мен саяси-қоғамдық маңызы бар ақпараттар, қоғамдық даму, сауат ашу бағытындағы жаңалықтар мен Орталықтың жұмыс жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар, Орталық қызметкерлерінің жетістіктері тұрақты ақпараттандырылуда.

Жыл басынан бері Орталықтың әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттарына бағытталып жазылған пікірлердің 98,1 % – оң бағытта. Қалған 1,9 % – ұсыныс-пікір ретінде жазылған.

Қаңтар-маусым айлары аралығында Орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасына ақпараттық-танымдық, қоғамдық, ағартушылық сипаттағы 208 ақпараттық-танымдық посттар, постерлер, бейнеконтент және сілтемелер салынды. Жартыжылдық есеп бойынша 126328 қаралым жинаған.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және Қызылорда облысы әкімдігінің іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Дата публикации
27 июня 2025