МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
2025 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 155,8 млн. теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 143 млн 822 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 11 млн 993 мың теңге).
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
2025 жылғы І тоқсанда Тіл орталығы арқылы барлығы 230 адам, оның ішінде 128 мемлекеттік тілді, 74 орыс тілін, 28 ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы іске асырылатын болады.
Тіл оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи әдістемелермен таныстыру және тәжірибе алмасу мақсатында «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» семинар-тренингі, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырмандардың рухани дамуына ықпал ету мақсатында «Кітап оқы да, сыйлықтар ұтып ал!» Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» тақырыбында этнос өкілдері арасында эссе жазу байқаулары өткізілді.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.
Есепті мерзімде облыстық ономастика комиссиясының І отырысы өткізілді.
Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұлықтауға жоспарланған бір немесе одан да көп ордендері бар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тізімі келісім алу үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.
«Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» әлеуметтік жобасы бастау алды.