МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
2024 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 142,1 млн. теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 130 млн 151 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 11 млн 993 мың теңге).
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
2024 жылғы ІІ тоқсанда Тіл орталығы арқылы барлығы 567 адам, оның ішінде 346 мемлекеттік тілді, 136 орыс тілін, 85 ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Körneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда.
Есепті кезеңде «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушыларының арасында «Үздік оқытушы-2024», жергілікті журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқаулары өткізілді.
Жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында «Тіл – руханият өзегі» атты іс-шаралар жоспары бекітіліп, 2 сәуірден бастап тіл айлығы жарияланды. Іс-шаралар жоспарына сәйкес «Тіл тазалығы» акциясы, «Тіл - ұлттың жаны» тақырыбында студенттер арасында бейнеролик байқауы, «Тіл және жастар» дебат ойыны, «KAZAKH TIL QUIZ» интеллектуалды сайысы, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мақсатында ардагерлер мен жастар арасында «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы, «ЭТНО QUIZ» ұлттық - танымдық интеллектуалды сайысы, 15 сәуір – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне орай жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің қазақтың ұлттық киімін киюі, «Оян, қазақ!» кинофильмін жастар арасында талқылау, «Ұлттық рухтың негізі – ана тілі» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында қала, аудан әкімдіктерінің, облыстық, аумақтық мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру мәселелері» жөнінде кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті.
Мемлекет басшысының Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілді дамыту бағытында берген тапсырмасына сәйкес ғалымдардың, тіл жанашырларының, түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл: мәселеден замануи тәсілдер арқылы дамытуға дейін» тақырыбында ғылыми-сараптамалық талқылау өткізілді.
«Körneki» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда қаласындағы 290 кәсіпкерлік нысанның көрнекі ақпараты зерделеніп, 9 нысанда кемшілік анықталды. анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмектер көрсетілді.
Жалпы, есепті кезеңде облыс бойынша 360 кәсіпкерлік нысанның көрнекі ақпараттарында мемлекеттік тілдің қолданылуына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшілік анықталған 82 кәсіпкерлік нысан иесіне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, ұсынымдар берілді. Жергілікті телеарналардан «Көрнекі ақпарат және заң» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлерге бақылау-касса машиналарының тілін мемлекеттік тілге ауыстыру мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Ас мәзіріңіз қазақша ма?» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.
Есепті кезеңде тіл және ономастика мәселелері бойынша 19 өтінішке мерзімінде жауап берілді.
«Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 17 топонимикалық атау енгізілді.