МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
2024 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 142,1 млн. теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 130 млн 151 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 11 млн 993 мың теңге).
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Есепті кезеңде тіл орталығы арқылы барлығы 530 адам, оның ішінде 275 мемлекеттік тілді, 116 орыс тілін, 139 ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Körneki» әлеуметтік жобалары мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, қорытындысы шығарылуда.
2024 жылдың қаңтар айында Облыстық ономастика комиссиясының және Көрнекі ақпараттарда «Тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудің жұмыс жоспарлары бекітілді.
Мемлекеттік тіл оқытушыларының арасында «Қазақ тілін оқытудың озық әдістемесі» тақырыбында облыстық семинар, басқармаға қарасты мекемелер арасында «Этно Quiz» интеллектуалдық сайысы және Халықаралық Ана тілі күніне орай «Ана тілім – арда тіл» тақырыбында челлендж ұйымдастырылды.
1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында «Алғыс айту - парызым» тақырыбында облыстық эссе байқауы өтті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Қызылорда қаласындағы М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжімен бірлескен «ЭтноQuiz» интеллектуалды байқауы ұйымдастырылды.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ президенті Р. Кенжеханұлының қатысуымен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің тұсаукесері өтті.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында өткен Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесінің кезекті отырысында «Тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген өзгерістер қаралып, кәсіпкерлерге көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды жазып, орналастыруға қойылатын талаптар және көрсетілетін әдістемелік көмектер жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Есепті мерзімде көрнекі ақпараттарында тіл туралы заңнама талаптары сақталмай отырған 30 кәсіпкерлік нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен 20 нысан көрнекі ақпаратын заң талабына сәйкестендірді.
Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірлерінің мемлекеттік тілде жазылуын қамтамасыз ету бағытында былтырғы жоба аясында шығарылған «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам түрлері: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монографиялық-анықтамалық және «Тағам атаулары» сөздігі қала, аудан әкімдіктеріне, облыстық Кәсіпкерлік палатасына, кітапханаларға, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына таратылды.
Тіл орталығының әлеуметтік желі парақшаларында (фейсбук, инстаграмм, тік-ток) «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Кино Time» «Practical English» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері тіл және ономастика мәселелері бойынша 22 өтінішке мерзімінде жауап берілді.
«Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 21 топонимикалық атау енгізілді.