Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі бойынша 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы

2023 жылы Мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуы

2023 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 126 млн. 125 мың теңге қаржы бөлінді (Тілдерді оқыту орталығына – 106 млн.817 мың теңге, әлеуметтік жобаларға – 18 млн.149 мың теңге, «Қазтест» - сертификаттық тестілеуге – 1 млн.159 мың теңге бөлінді).
Тіл саясатын іске асыруда 3 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Олар: «Аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру», «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру», «Korneki».
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Есепті мерзімде тіл орталығы арқылы барлығы 2028 адам, оның ішінде 1050 адам мемлекеттік тілді, 425 адам орыс тілін, 553 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті. 140 адам «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеуден өтті.
Тіл орталығының үздік деп танылған «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» республика тарапынан шығарылып, барлық өңірлерге таратылды.
Тілдік ахуалды зерделеу бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесімен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,8%-ды құрады.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 57 іс-шара өткізіліп, оған 5000-ға жуық адам қамтылды.
Тіл орталығы оқытушыларының арасында дәстүрлі А.Байтұрсынұлы атындағы байқаудың облыстық кезеңі өткізіліп, Атырау қаласында өткен республикалық кезеңінен облыстан қатысушы Г.Дүзенова Бас жүлдені жеңіп алды. Астана қаласында өткен «Ең сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауына Қызылорда облысының «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің бөлім басшысы С.Байжанова қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
«Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Қызылорда қаласындағы 20 қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзірлерін мемлекеттік тілге аударды. Жоба аясында 18 бағыт бойынша аударма жұмысы жүргізіліп, монографиялық анықтамалық пен тағам атауларының сөздігі шығарылды.
Салық төлеушілердің бақылау-касса машиналарында мемлекеттік тілді пайдалану, БКМ жүйесін жаңа нұсқаға көшіру бағытында бірлескен шаралар ұйымдастыру мақсатында үш жақты өзара ынтымақтастық пен әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды.
Қаржылық ұйымдарындағы ісқағаздары мен көрнекі ақпараттарында тіл туралы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 28 ұйымға түсіндірме хат жолданды.
«Халықаралық» «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Р.Кенжеханұлының қатысуымен «Мемлекеттік тіл мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.
Бүгінде Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша «Дәстүрім - діңгегім», «Қатесіз жаз!», «Сөзтүзер», «Көненің көзі - көнерген» ақпараттық айдарлары жүргізілуде.
Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі қарсаңында мемлекеттік тілде сапалы қызметтер көрсетіп отырған түрлі сала бойынша үздіктер байқауы жарияланды. Қорытындысымен «Тіл-татулық тірегі» атты салтанатты шарада бірқатар тіл жанашырлары мен тіл заңнамасына сәйкес сапалы қызмет көрсетіп отырған әртүрлі сала ұжымдары 7 номинация бойынша марапатталды.
«Körneki» әлеуметтік жобасы аясында 1223 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшілік анықталған 138 нысан иесіне ұсыныс хат жолданды. Зерделеу нәтижесімен көрнекі ақпараттарында тіл туралы заңнамалардың бұзылуы анықталған кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде 77 кәсіпкерлік нысан анықталған кемшіліктерді түзетті. 124 кәсіпкерлік нысанның көрнекі ақпараты мемлекеттік тілге аударылып берілді.
Есепті мерзімде облыстық ономастика комиссиясының үш отырысы өткізіліп, ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қызылорда облысының 6 білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру туралы ұсыныстар жолданды.
«Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 37 топонимикалық атау енгізілді.

 

Дата публикации
11 января 2024