Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі бойынша 2023 жылдың IІІ тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ

 

2023 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен   126  млн. теңге қаржы бөлінді(Тілдерді оқыту орталығына – 107 млн. теңге, жобаларға – 19 млн. теңге қаралған).

Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.

ІІІ тоқсанда  Тіл орталығы арқылы барлығы 309 адам, оның ішінде  118-і мемлекеттік тілді, 81-і орыс тілін, 110-ы ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.

Тілдік ахуалды зерделеу бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесімен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,7%  құрады.

19-21 шілде аралығында  Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті,Медицианалық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облысы бойынша экология департаменттері ісқағаздарында тіл туралы заңнама талаптарының орындалуына зерделеу жұмыстары жүргізілді.

20 шілде күні кәсіпкерлерге  83 қызмет түрін көрсететін «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері» семинары өткізілді. Семнар барысында «Көрнекі ақпарат және заң» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен Заң талаптары түсіндірілді.

10 тамыз – Абай күніне орай ақынның  шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында «Өлең – сөздің патшасы»  тақырыбында челлендж ұйымдастырылды.

20-21 тамыз күндері Қызылорда қаласындағы бірқатар нотариустарға, атап айтқанда «Макжанова Айгуль Куанышбековна», «Тажиев Айбек Иванович», «Чилдебаева Акнур Жанатовна», «Бердалиева Мира», «Бимурзаев Абдулла», «Смайлова Гульнур Мейрхановна», «Сыздыкова Айзат Пиржановна» зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында сенімхат, келісімшарт, т.б. ісқағаздарының мемлекеттік тілде толтырылуына әдістемелік көмек көрсетіліп, түсіндірме берілді.

29 тамыз күні «Сырлы сұхбат» тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры А. Абасиловпен мемлекеттік тілдің Ата Заң аясындағы нормалары туралы сұхбат жүргізілді.

«Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» жобасы аясында 9 тамызда мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық  байқауы өтті. Қатысушылар өз өнерін көрсетуден, мақал-мәтелдер айтудан, берілген тақырыпта ой толғаудан, берілген сұрақтарға жауап беруден сынға түсті. Байқау қорытындысымен жүлделі І орынды облыстық ассамблея жанындағы «Мәміле» клубының жетекшісі Е. Пак  иеленді.

Қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында  16 тамызда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы өтті. Байқау қорытындысымен «Үздік мақала» номинациясымен Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Г. Дүйсебаева, «Үздік сайт мақаласы» номинациясымен Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі  А. Мұханбетқали облыс әкімі аппаратының Алғыс хатымен және ескерткіш сыйлықпен марапатталды.    

Ономастика саласындағы өзгертілген жер-су, елді мекендерді тарихи атаулармен алмастыру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған жер-су атауларын қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жандандыру, жетілдіру мақсатында «Ономастика мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өтті.

1-5 қыркүйек күндері аралығында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілі курстары тыңдаушыларының арасында «Тіл – татулық тірегі» атты ашық сабақтар апталығы ұйымдастырылды.

4 қыркүйек күні Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі  аясында облыс тұрғындары арасында «Til times»тақырыбында блиц-сауалнама жүргізілді.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестивалі өткізілді.

Фестиваль барысында облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары, тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары мен жетістіктері үшін 7 номинациямен  әр түрлі сала ұжымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитетінің Алғыс хаттарымен, облыстың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің, облыс әкімі аппараты басшысының  Алғысхаттарымен марапатталды.

7 қыркүйек күні Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ҚР Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінде «Ұлт ұстазын ұлықтау – ұрпаққа аманат» тақырыбында ақпараттық сағат ұйымдастырылды.

7-8 қыркүйек күндері Қызылорда қаласындағы «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қалаішілік жолаушыларды тасымалдайтын №1, 2, 11, 17, 22, 28 бағыттардағы автобустарда рейд жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында аялдамалардың мемлекеттік тілде бекітілген атауларымен айтылуына, ұлттық нақыштағы ән-күйлердің берілуіне, қоғамдық көліктің ішкі көрнекі ақпарттарының «Тіл туралы» Заң талабына сәйкес жазылуына баса мән берілді.

13 қыркүйек күні«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Р. Кенжеханұлының,Қызылорда қаласы және аудан әкімдері орынбасарларының, зиялы қауым өкілдерінің, тіл жанашырларының облыстық басқармалар мен департаменттер, жоғары және арнаулы орта оқу орындарыбасшыларының, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық филиал төрағаларының қатысуымен «Мемлекеттік тіл мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

13 қыркүйек күні тәжірибе, пікір алмасу мақсатында департаменттер, мемлекеттік және бюджеттік мекемелер мен банк бөлімшелеріндегі мемлекеттік тілге жауапты мамандардың қатысуымен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.

27-28 қыркүйек аралығында Қызылорда жылу электр орталығы, Қызылорда электр тарату тораптары мекемелерінің ісқағаздарының, көрсетілетін қызмет түрлерінің мемлекеттік тілде жүргізілуіне зерделеу жұмыстары жүргізілді.

28 қыркүйек күні «Ахмет Байтұрсынұлының тілді оқыту әдістемесіне қосқан үлесі» республикалық семинарында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, «Үздік оқытушы – 2023» республикалық байқауының Бас жүлдегері Г. Дүзенова «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқыту» тақырыбында ашық сабақ көрсетті.

Облыстық «Qyzylorda» телеарнасының «Тілтаным» телебағдарламасының тамыз айындағы шығарылымына балалардың қазақ мектептеріне, қазақ балабақшасына баруын насихаттау мақсатында білім саласы ардагерлері мен тіл жанашырларының қатысуы ұйымдастырылса, қыркүйек айындағы шығарылымына мемлекеттік тіл мәселелері бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Р. Кенжеханұлыныңқатысуы ұйымдастырылды.

Есепті мерзімде кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында  «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда қаласы мен аудандарда 734 кәсіпкерлік нысанға ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.  Нәтижесімен кемшілік анықталған 89 нысанға көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру жөнінен ұсынымдар берілді.

Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша  «Сөзтүзер», «Дәстүрім-діңгегім», «Қазақтың ым-ишарат мәдениеті», «Ұлылар ұлағаты», «Сөздер сөйлейді», «Оқуға ұсынамыз!»,«Тіл туралы толғамдар»  ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.

 

 

 

 

Дата публикации
20 октября 2023