GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Басқарма туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Қызылорда облысындағы құрылыс нысандарын аралады

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Бүгінде қалада бірнеше медициналық мекеменің жаңа ғимараты салынып жатыр. Соның бірі – онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана. Ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар медициналық кешенқұрылысына республикалық бюджеттен, жұмысты аяқтау үшін Инфрақұрылымдық даму қорынан қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 48 мың шаршы метрге жуық. Он блоктан тұрады:қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдерімен қатар, емхана, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады. 
Қазір іші әрленіп, инженерлік желілері тартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Құрылыстың 85 пайызы біткен.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысын да көріп шықты. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысанды салуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желілер тарту жұмыстары қарқын алған. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтар жеткізіліп орнатылады да, жыл соңындапайдалануға беріледі.
200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылыс алаңы қоршалып, жер қазу, іргетас құю және арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 52,8 млрд теңге бөлінген, үш қабатты, 39,1 мың шаршы метр ғимарат 10 блоктан тұрады. Зертханалық және тамақтану бөлімдері де қарастырылған. Нысанды 2028 жылғы наурызда пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінде «Қызылорда Арена» спорт кешенінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Кешен 2 552 көрерменге арналған, 3-4 қабатты блоктардан тұрады. Мұнда олимпиадалық стандарттарға сай бассейн, футзал, баскетбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ 300 орындық конференц-зал бар. Осы кезде ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. 
Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін «Alem Qurylys AQ» серіктестігі қолға алған. Құрылысқа 12,9 млрд теңге қарастырылған. Ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Жаяу жүргіншілерге де, велосипедшілерге де қолайлы жағдай жасалады.

13 октября 2026
Құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы тексерілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралады. 
Алдымен «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Заманауи нысанның жалпы аумағы – 26 мың шаршы метр, бас мердігері – «Aspan Holding» ЖШС.
Тоғыз блоктан тұратын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, жаттығу залдары, сондай-ақ форумдар мен түрлі жиындарға арналған 150 орындық конференц-зал қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 93 пайызы аяқталған.
Бұдан кейін облыс әкімі жаңадан салынып жатқан медициналық нысандардағы жұмыс қарқынын тексерді.
Сол жағалаудағы 500 орындық көпсалалы медициналық мекеме іске қосылған соң амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызметтер ұсынады. 
Құрамында жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен акушерлік-гинекологиялық қызмет, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері болады. Сонымен қатар 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, орталық стерилизация бөлімі, медициналық қалдықтарды сақтау аймағы, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Қалада бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы да жүргізілуде. Жалпы аумағы 57 мың шаршы метр нысанды «Мелиоратор» серіктестігі салып жатыр. 
Заманауи талаптарға сай жобаланған аурухана диагностикалау мен емдеудің озық технологияларымен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызмет көрсетеді. Кешен құрамына емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия және радиотерапия, сондай-ақ операциялық бөлімдер кіреді.
Тағы бір медициналық нысан - Президент саябағы аумағындағы 200 орындық жаңа перинаталдық орталық. Мұнда ана мен балаға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық және әкімшілік бөлімдермен қатар, зертханасы болады. 
Сондай-ақ Титов шағын ауданында №5 қалалық емхананың құрылысы жүргізілуде. Пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда 400 келушіні қабылдап, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемеге айналады.

21 сентября 2026
Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласы салынды

Қызылордада қаланың жол-көлік инфрақұрылымын өркендетудегі маңызды жоба басталды. И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.
–Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ел аумағындағы теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртудан өтті. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыс жалғасуда. Күні кеше Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары ел игілігіне табысталды.
Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір капсуласын салу жаңа нысан құрылысына ғана емес, аймақ дамуының жаңа белесіне бастау болмақ, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Құрылтай депутаты Серік Салауатұлы мен ел ағасы Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қолға алынған жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.
И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір – уақыт талабы мен халық сұранысынан туындаған маңызды жоба.
Құрылысты тәжірибесі мол «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Көпір ұзындығы 338 метр, ені 23 метр.
Айта кетейік, бүгінде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағын жасауға бағытталған.
Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда 30 млрд теңгенің 22 жобасы іске асырылуда.
«Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпір құрылысы аяқталып, көлік қатынасы толық реттелді.
Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.
Қала орталығымен қатар, шет аймақтардың инфрақұрылымына да басымдық берілген. Қазір кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесі жөнделіп жатыр.

15 сентября 2026
Құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуге қатысушылармен инвесторларға қолдау көрсету мәселелерін де талқылады.
Аймақтағы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырушы компанияның бірі – испандық «Roca Group». Елімізге санитарлық-техникалық бұйымдар түгелдей шет мемлекеттерден импортталатынын ескерсек, бұл жоба өңір үшін ғана емес, отандық құрылыс индустриясы үшін өте маңызды.
«Мемлекет басшысы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, әсіресе, заманауи өндірістер ашуды тапсырды. Өздеріңізге белгілі, маусым айында испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру зауытының капсуласын салу рәсімі өтті.
Бұл ірі компанияның өңірімізге келуі – бірнеше жылдық еңбектің жемісі. 2024 жылдан бастап сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен инвесторды Қызылорда облысына тарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілді.
Бүгінде инвесторға қолайлы жағдай жасау және жобаны сапалы іске асыру мақсатында компания басшылығымен тұрақты келіссөздер жүргізіліп, нақты жұмыс атқарылуда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 40 млрд 700 млн теңге, 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Қызылорда облысы – «Roca Group» компаниясының Қазақстандағы жобасын қолдаған алғашқы өңірлердің бірі. Осы ретте компания өнімдерін өңірдегі құрылыс нысандарында кеңінен қолдану және оларды нарыққа шығаруға жағдай жасау бағыты айқындалған.
Компания биыл жазда Алматы қаласында Орталық Азиядағы алғашқы шоу-румын ашты. Сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында өнімдерді сақтауға арналған қоймалары бар.

10 сентября 2026
Ерлан Төралиев Жалағаш ауданының әкімі болып тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен Жалағаш ауданында өткен актив отырысында ауданның жаңа басшысы таныстырылды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Төралиев Ерлан Кәрімбекұлы тағайындалды.
Аймақ басшысы ауданның бұрынғы әкімі Ардақ Ибраимовқа алғыс білдіріп, жаңа әкімнің қызметіне сәттілік тіледі, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.
«Ең алдымен инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы маңызды жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда нақты жұмыстар жүргізу қажет.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде үздік аудандардың бірі ретінде танылған
Жалағаштың ерекше аграрлық потенциалы тиімді пайдаланылуы тиіс.
Соңғы жылдардағы су тапшылығын ескере отырып, егісті әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақылдар егу және шаруашылықтарға озық технологияларды енгізу маңызды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі шаруашылықтар тек егін ғана емес, мал шаруашылығын да дамытып, жыл бойы жұмыс жасайтын жобаларды жүзеге асыруы керек», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында ел ағалары Имамзада Шағыртаев, Садық Әлиев, Әмірбек Шаймағанбетов, Қабылбек Нұрмағанбетов ізгі тілек білдірді.
Ерлан Кәрімбекұлы 1977 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс», «Экономика және менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Фармация» акционерлік қоғамында менеджер болып бастап, кейін мемлекеттік органдар мен жеке секторда түрлі жауапты қызметтер атқарған.
2004-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы және облыс әкімінің кеңесшісі болды.
2013-2020 жылдары жеке құрылыс компаниясының директоры, «Мемсараптама» РМК бас директорының бірінші орынбасары, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
2022 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

27 августа 2026
Құрылыс нысандарының қазіргі жай-күйі тексерілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады.
Алдымен «Еңбек» саяжайы аумағына салынатын тоғыз қабатты 22 тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Мұнда 1 936 пәтері бар заманауи тұрғын үй кешені бой көтереді. Жобаны жүзеге асыруға 44 млрд. 718 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде мердігер мекемелер анықталды.
«Мелиоратор» ЖШС Президент саябағы аумағындағы 8,2 гектарға тоғыз қабатты 15 тұрғын үй кешенін, жайлы әрі сапалы баспана салуда. Жақын арада 945 пәтер пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысы осы аумақтағы Президенттік кітапхана мен драма театрдың құрылысын көрді. Кітапхана құрылысына инвестор қаражаты есебінен 20 млрд теңге бөлінген. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метр болатын ғимаратта электронды оқу және конференция залдары, архив, баспахана, бағдарламалау және жасанды интеллектіні дамытуға арналған медиазертхана, подкаст студиясы және оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдері орналасады.
Ал драма театрдың жалпы аумағы 18 мың шаршы метрден асады. Онда репетициялық залдар, студиялар, шығармашылық кеңістіктер мен әкімшілік кабинеттер қарастырылған. Заманауи сахналық техника, қуатты дыбыс жүйесі және соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталады.
Одан кейін аймақ басшысы «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысымен танысты. Өткен жылдың шілде айында басталған нысанның жалпы аумағы 26 мың шаршы метр, 50 метрлік жүзу бассейні, халықаралық жарыстар өткізуге арналған 2 500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы болады. Қазір құрылыстың 85 пайызы аяқталған.
Қызылордада бірнеше медициналық нысан құрылысы салынып жатқаны белгілі. Соның бірі – сол жағалаудағы 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана. Пайдалануға берілген соң тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету ісі жүйелене түседі.
Аймақ басшысы Титов шағын ауданында салынып жатқан бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылысын да көрді. Бүгінде үшінші қабаттың монолитті бағандары бетондалуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Жертөле қабатының аралық қабырғалары қаланып біткен.
Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жабыны салынады. Бүгінде айналма теміржол жүргізіліп, электр, байланыс, жарық бағаналары, ауызсу, инженерлік желілер көшірілген.
Құрылыс алаңдарындағы жұмысты көріп шыққан соң облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

24 августа 2026
Аймақты дамытуға бағытталған жаңа жобалар талқыланды

Өңірде бірқатар маңызды жоба қолға алынғаны белгілі. Осыған орай, «Мемсараптама» РМК бас директоры Тимур Қарағойшиннің төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев тікелей байланыс арқылы қатысты.
Жиында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобалардың жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу және құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру барысы қаралды.
Ірі жобаның бірі – Қызылорда қаласындағы Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірі. Жаңа көпір қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысын реттеуге және шаһардың екі бөлігін байланыстыруға мүмкіндік береді.
Жобалық шешімге сәйкес, жалпы ұзындығы 338,5 метр, төрт жолақты. Қазіргі уақытта жоба-сметалық құжаттаманы «Тека Проект» ЖШС демеушілік қаражат есебінен әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жіберді. Оң қорытындыны алдағы қыркүйек айында алу көзделіп отыр.
Тағы бір жоба – Президент саябағы аумағында салынып жатқан жаңа драма театрдың құрылысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында жаңа драма театр салуды тапсырды. Осы жылдың сәуір айында театрдың іргетасы қаланды.
Жаңа ғимарттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрден асады, 520 көрерменге арналған. Мұнда репетициялық залдар, студиялар, шығармашылық кеңістіктер мен әкімшілік кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар, театр заманауи сахналық техникамен, қуатты дыбыс жүйесімен және соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде түрлі жанрдағы қойылымдарды жоғары кәсіби деңгейде сахналауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша аталған жобалар жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

10 августа 2026
Ел игілігі жолындағы еңбек бағаланып, құрылысшыларға құрмет көрсетілді

«Өнер орталығында» Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шара өтті.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы құрылысшылардың өңірді дамытудағы еселі еңбектерін жоғары бағалады.
«Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Құрылысшы – қоғамдағы ең қадірлі, ең жасампаз мамандықтардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек» деген болатын.
Сыр бойындағы құрылыс шежіресінің тамыры тереңде жатыр. Көне Шірік Рабат, Сығанақ пен Жанкент шаһарларынан бастау алған сәулет өнерінің дәстүрі бүгінгі заманауи құрылыспен сабақтасады.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Аймағымызда 2022 жылдан бері 270-тен астам әлеуметтік нысан салынып, 46 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 22 мәдениет, 27 спорт нысаны халық игілігіне берілді.
Мемлекет басшысының қолдауымен Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы, заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты іске қосылды. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Президентіміздің тапсырмасымен барлық аудандағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылды.
Биыл 28 жобаның құрылысына бюджеттен 177 млрд. теңге бөлінді. Бүгінде сол жағалаудағы 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 келушіге арналған емхана, Титов шағын ауданында 400 орындық № 5 емхана ғимараты, 200 орындық перинаталдық орталық және «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені салынуда.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес қаламызда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана мен жаңа драма театрдың құрылысы басталды.
Осы ретте ел игілігіне адал қызмет етіп жүрген құрыш қолды құрылысшыларға облыс халқының атынан шексіз алғысымды білдіремін! Сіздерге сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық тілеймін!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада құрылыс саласының үздіктері ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатымен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Қалаубаева және Сыр өнерпаздары әннен шашу шашты.
Аймақта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар нәтижелі іске асуда.
Соңғы төрт жылда 7600 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын баспаналы болды.
2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер табыстау, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарланған. Оның 1200 пәтері аудан орталықтарында салынып жатыр.
Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарының нақты орындалған көлемін 369 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде.
Жақында ғана Президенттің қатысуымен стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың бірі - «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы ресми түрде бастау алды.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 2,9 млрд. теңгеге жуық қаржыға Жаңақорған, Шиелі аудандарында екі спорт кешені, ауылдық клуб пен емхана құрылысы биыл басталады.

31 июля 2026
Құрылыс саласының ардагерін мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның құрметті құрылысшысы, сала ардагері Әбдімәжит Жансақаловты 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» - деген болатын.
Саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсету игі дәстүрімізге айналды.
Бүгінгі ресми жиынымыз белгілі құрылысшы, ардақты ағамыз Жансақалов Әбдімәжит Әлмағамбетұлының мерейлі 70 жасқа толуына арналады. Сыр жұртшылығы аймағымыздың дамуына зор үлес қосып, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Өзіңіздей жерлестерімен мақтанады.
Бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!
Алдағы уақытта үлкендік ақыл-кеңесіңізбен жастарға жол көрсетіп, игі істердің басында жүре беріңіз.Ұрпағыңыздың қызығына бөленіп, ел алдында абыройыңыз арта берсін!Тойыңыз тойға ұлассын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталды. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.
Жиында ел ағалары Жәнәбіл Нұрқыш, Ибрагим Әбибуллаев және Дайрабай Ысқақов мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Әбдімәжит Әлмағамбетұлы Қызылорда политехникумында, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Сырдария ауданында инженер, учаске шебері болып бастап, кейін аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде құрылыс саласын қадағалау тобының басшысы, СПМК-1 мекемесінің бас инженері және басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс ұйымдары қысқарған кезеңде ұжымды сақтап қалу мақсатында «Дәнекер» акционерлік қоғамын құрды. Бірнеше мәрте қалалық және облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.
Бүгінде «Дәнекер құрылыс компаниясы» өңірдегі маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын салған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары, емханалар, көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер мен ауылдық жердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер ел игілігіне қызмет етуде.

20 июля 2026
Жұмыс қарқыны жоспарға сәйкес

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен аймақ басшысы сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионына барды.
Бірегей нысанда жасыл алаңнан бөлек бокс, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика және күрес түрлеріне арналған арнайы жаттығу залдары қарастырылған. Қазіргі таңда мұнда грек-рим күресі мен таеквондо үйірмелері ашылып, спортшылар күнделікті жаттығуда. Алдағы қыркүйек айынан бокс және дзюдо секциялары да өз қызметін бастайды.
Аймақ басшысы үйірмелер жұмысымен танысып, спортшылардың жаттығуына қажетті құрал-жабдықтардың сапасына, материалдық-техникалық базасына назар аударды.
Бұдан кейін сол жағалауда бой көтерген 7 қабатты 84 пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Құрылысына 12,5 млрд теңге бөлінген жобаның бас мердігерлері – «Дәнекер» және «Сәт Сервис» ЖШС, тұрғын үйдің аумағы – 35 898 шаршы метр. Жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр, тамыз айында аяқталып, ел игілігіне беру көзделген.
Келесі нысан – 2003 жылдан бері жиһаз өндірісінде табысты жұмыс істеп келе жатқан «Панабек» ЖШС. Кәсіпорында жылына 20 мың жиһаз шығарылады. Бүгінде өндіріс үдерісі автоматтандырылып, цифрлық басқару жүйелері толық енгізілген. Өндірістің барлық кезеңін қамтитын цифрлық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Ақауларды автоматты түрде анықтайтын кешен дайын өнімнің сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өндіріс толықтай басқарылатын цифрлық ортаға көшкен.
Қазіргі уақытта мұнда жасалған кеңсе, ас үй, мектеп және өзге де жиһаз түрлері ішкі нарыққа бағытталған. Алдағы екі жылда өнімін Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі кәсіпорынның цифрландыру бағытындағы бастамаларына оң бағасын берді.

Социальные сети
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы