Бүгін Қызылордадағы «Достық үйінде» «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбында «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым, биотехнолог, отандық «QazVac» вакцинасының авторы Күнсұлу Закария, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, әнші Мәдина Сәдуақасова және еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысты.
Форумның мақсаты – еліміздің рухани өміріндегі ананың биік мәртебесін айшықтау, ұлт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, олардың өнегесін кеңінен насихаттау, сондай-ақ отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені нығайту.
Аймақ басшысы өз сөзінде үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық форумға қатысушыларға шақыртуды қабыл алғаны үшін ризашылық білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей: «Анаға деген құрмет – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан асыл құндылықтарының бірі. Отбасы – ұлттың түпқазығы, ал ана – сол шаңырақтың шайқалмас тірегі».
Қаламыздағы аналардың құрметіне арналып салынған «Анаға тағзым», жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталықтары» ел игілігіне қызмет етуде. Бұл ғимараттар арулар мен аналардың, жас отбасылардың құтты шаңырағына айналды.
Бүгінде уақыт өзгерді. Цифрлық технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект дәуірі келіп жетті. Ақпарат ағыны еселеп артты. Президентіміз айтқандай, бұл жаһандық өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа міндеттер де жүктейді.
Осындай кезеңде қоғам мен отбасындағы ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды әрі жауапты бола түсті. Цифрлық дәуірде ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру – басты міндетіміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бүгінгі заман аналары тек тәрбие беруші ғана емес, баланың цифрлық әлемдегі санасын қалыптастыруды, түрлі ақпаратты екшеп, жалған мен шынайының арасын ажыратуды, дұрыс бағыт беруді уақыт талап етіп отыр. Сондықтан басқосуда цифрлық дәуірдегі тәрбиенің ерекшеліктеріне, ананың қоғамдағы жаңа миссиясын айқындауға баса назар аударылды.
Форумда сөз алған қатысушылар дәстүр сабақтастығы мен ұрпақтың бағдары, еліміздегі әйел ғалымдардың орны, қоғамдағы ана мен баланың жайы, талантты таныту, тұлғаны қалыптастырудағы ананың рөлі, отбасы құндылықтары, қолдау және жаңа бастамалар, ана саулығы тақырыптарында ойларын ортаға салды.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына орай өңірлердегі жағдайды баяндады.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.
«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін.
Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мәжілісте цифрландыру бағыты бойынша ІТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандарды, сарапшыларды тартып, кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу, экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.
Озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, үздік жобаларды енгізуге және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға барлық басқарма, қала және аудан әкімдіктері қатысуы қажет.
Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр.
Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.
Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекшелігін атап өтті.
– «Astana AI Film Festival» – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы бірегей жоба – еліміздегі креативті индустрия саласының қарқынды дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан бұл бағытта біртұтас экожүйе құру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар дарынды азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Президент жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың өзектілігіне тоқталды.
– Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқан тұста саясаткерлер, ғалымдар мен сала көшбасшылары жасанды интеллект мүмкіндіктерінің және оны бақылаусыз қолданудың қатері арта түскеніне алаңдаулы. Бір анығы, бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес. Менің ойымша, оған ешкімнің таласы жоқ. Адамзат тарихында Прометей алауы өркендеудің нышаны болумен қатар дүлей күш ретінде де қарастырылды. Ядролық энергетикаға қатысты да осы мысалды келтіруге болады. Сондықтан ең әуелі қауіпсіздікке баса назар аударып, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережесін әзірлегеніміз жөн. Бұл өскелең ұрпақтың алаңсыз келешегі үшін қажет. Болашақ технологиясының зор шығармашылық әлеуетін игілікке жарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бүгінгі фестивальдің басты идеясы да осы, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллектінің тың мүмкіндіктері жастардың әлеуетін арттыруға жол ашады.
– Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа арнаған адамдар үшін таптырмайтын көмекші, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
– Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Жақынға да, алысқа да мейіріммен қарау, ешкімді бөліп-жармау – халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұртшылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айтамын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ іс-шараның ашылу салтанатында Astana AI Film Festival халықаралық фестивалінің негізін қалаушы Алмас Жали, Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, фестиваль қатысушысы Джамин Таскер және Astana AI Film Festival халықаралық фестивалі қазылар алқасының төрағасы Одри Азуле сөз сөйледі.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 19 адам жазылып, оның үшеуі онлайн форматта қатысты.
Негізгі көтерілген мәселелер – әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жұмыспен қамту.
Тасбөгет кентінің тұрғыны Ә.Молдағұлова көшесі бойынан балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысын жеткізді. Бүгінде Тасбөгет кентінде 14 балалар ойын алаңы, 1 стритбол және 1 жаттығу алаңы бар. Өткен жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қ.Баймағанбетов және З.Шүкіров көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі үйлер ауласына балалар ойын алаңы салынды.
Қазір кенттің басқа да аумақтарына ойын алаңдарын салу жолы қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Ә.Молдағұлова көшесі бойынан бос жер учаскесі анықталды, осыған орай ұсыныс енгізіледі. Бюджеттен қаржы бөлінген соң, кезең-кезеңімен салу жоспарланған.
Қармақшы ауданының тұрғыны Төретам және Жосалы кенттеріндегі автобекеттердің жұмысына қатысты мәселе көтерді. Бұған дейін Жосалы кентіндегі «Шынар-Ана» және Төретам кентіндегі автостансалар жолаушыларға қызмет көрсеткен.
Алайда ғимаратты осы мақсатта пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, жұмысын тоқтатқан.
Жосалы кенті арқылы өтетін бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсету үшін бұрынғы «Самара–Шымкент» автодәлізі бойындағы «Айым» кафесінің жанынан диспетчерлік пункт ашылды. Пункт 15 шілдеден бастап жұмыс істеп келеді, 15 автобус және 5 «Спринтер» автокөлігі жолаушы тасымалдайды.
Қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелерді жан-жақты саралап, заң аясында шешу жауапты басшыларға жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневті қабылдады.
Кездесуде тараптар цифрландыру саласын дамыту мәселелерін талқылады.
«Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Осыған орай саланы дамытуда бірқатар бастама қолға алынды.
Маусым айында Астанадағы «Alem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығына және бас шаһардың ахуалдық орталығына барып, ондағы жұмыспен таныстым. Сапар барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні, инновациялық жобаларды қолдау және Astana Smart City тәжірибесін қолданысқа енгізу мәселелері талқыланды.
Біздің аймақтағы цифрландыру бағытындағы нысандар әр жерде, атап айтқанда, өңірлік «Қызылорда хаб» Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында, IT парктің стартаптары мен резиденттері облыстық жастар ресурстық орталығында, «109» және «112» қызметтері облыстық медициналық жедел жәрдем ғимаратында орналасқан.
Оған қоса Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Tumo инновациялық, «Tomorrow school» жасанды интеллект мектептерін ашу қажеттілігі туындап отыр.
Осы орайда, жалпы көлемі 5-10 мың шаршы метр болатын және барлық цифрландыру салаларын орталықтандыратын жаңа ғимараттың құрылысын бастау ұсынылды. Қазіргі уақытта «BI group» компаниясы жобаның концепциясын әзірлеуде. Қала әкімдігі жер учаскесін бөлу мәселесін қарап жатыр. Жоба құрылысына шамамен 10 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Біз Дүниежүзілік банктің осы жобаға қатысу мүмкіндігін талқылауға және Сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз. Алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыратынымызға сенімдімін», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бүгінде жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп, еліміздегі алғашқы Жасанды интеллект институты өз жұмысын бастады. Бүгінде институтта 240 студент білім алуда. «Қызылорда хаб» оқыту орталығы соңғы үш жылда 48 стартап жобаны жүзеге асырып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 23 ақпараттық жүйе бар. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында 4 жүйе орналастырылған. Олар ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
2026 жылғы 9 шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен (ЕТДҚ) бірлесіп, MAPS (Methodology for Assessing Procurement Systems) халықаралық әдіснамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жүйесін бағалауға арналған кіріспе семинарын өткізді.
Семинарға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
MAPS әдіснамасы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жүйесін алдыңғы бағалауды халықаралық қаржы институттары (Дүниежүзілік банк, ЕЫДҰ, ЕҚДБ, ИДБ, АДБ) 2019 жылы өткізді.
Іс-шара барысында MAPS әдіснамасы шеңберінде қолданылатын бағалау жүргізудің мақсаттары, кезеңдері мен негізгі тәсілдері түсіндірілді.
Бағалау жүргізу мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы жүйесін жан-жақты талдауға, халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, оны одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алудың ашық, тиімді және автоматтандырылған жүйесін дамыту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады. Бүгінгі қабылдауға 13 адам тіркелсе, оның екеуі онлайн қосылды.
Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылым, жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
Қызылорда қаласының тұрғыны гемодиализ қабылдайтын науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру жайына тоқталды.
Өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 358 адам амбулаториялық гемодиализ орталықтарында ем қабылдайды. Бүйрек трансплантациясына мұқтаж азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, көтерілген бастамаларға қолдау көрсетіледі.
«Саяхат» шағын ауданының тұрғыны үйге жапсарлас орналасқан электр тарату жәшігін басқа орынға ауыстыруды сұрады. Өтініш қолдау тауып, тоқ жәшігі көшірілетін болды.
Маусым айында баспанасы мен ауласындағы құрылыс дүкені өртенген Қызылжарма ауылының тұрғыны да қабылдауға келді. Оған қолданыстағы тәртіпке сәйкес әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар алдағы уақытта тұрғын үй салуға қолдау көрсетіледі.
Қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жан-жақты қаралып, тұрғындардың өтініштері бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Оған басқарма және департамент басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен құттықтап, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы тарихи маңызын атап өтті.
–Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және Әділетті Қазақстан қағидаттарына негізделген қоғам құру басты басымдық ретінде айқындалды. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың ел дамуына белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік береді.
Бүгін Өздеріңізбен пікір алмасу мақсатында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қоғамдық кеңес – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір, ел мүддесі мен халықтың талап-тілегін тоғыстыратын маңызды институт. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, елдік мәселелерге қатысты ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз алдағы жұмысымызға бағыт-бағдар болатынына сенімдімін.
Жақында ғана облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланған Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлын шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта кеңеспен бірге өңір халқының игілігіне бағытталған ортақ шешімдер қабылдаймыз деген ойдамын, – деді Мұрат Ергешбаев.
Кездесуде облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Қылышбай Бисенов, облыстық мәслихат депутаттары Жорабек Нұрымбетов, Қайрат Ерназаров, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова, жеке кәсіпкер Пірмұхамед Сыздық және «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева өз пікірлерін білдірді.
Қоғамдық кеңестің маңызды мәселелерге орай сындарлы диалог алаңын қалыптастырудағы маңызы зор. Кеңес мүшелері тұрғындардың мүдделерін білдіруде, әлеуметтік-экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология және басқа да салалардағы өзекті мәселелерді талқылауда белсенділік танытып келеді.
Бүгінгі жиында да елді мекендерді газдандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, тарихи нысандарды мемлекет меншігіне қайтару, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар айтылды.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын басқару мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте су ресурстарын басқаруға қатысты жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді.
«Су алу науқанында су шаруашылығы нысандары жұмысының тұрақтылығын, жоспарға сәйкес ұйымдастырылуын қатаң бақылауға алыңыздар. Сырдария суын егістікке ысырапсыз пайдаланып, Кіші Аралға жіберілетін көлемді жеткізу қажет.
Одан бөлек, көлдер жүйесі мен шабындық, жайылымдарды суландыруға ерекше назар аудару керек. Бұл аймақтағы экологиялық жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізеді.
Биыл су жеткізу қызметінде биллингтік жүйе ресми түрде іске қосылып, су тұтынушылармен электрондық келісімшарт жасау толық аяқталды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, шаруашылықтар әр айдың 25-іне дейін су жеткізу қызметі үшін төлем жүргізуі тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған өңірлік кешенді жоспарына 112 жоба енгізілген. Су ресурстарын тиімді пайдаланудың жүйелі шараларына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Өткен жылы су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 8,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, биыл бұл көрсеткіш 14,2 мың гектарға жеткізілді.
Су шығынын азайту үшін 65 мың гектар күріш алқаптары лазерьмен тегістелді. Осыған сәйкес бірінші кезекте 75 нысанның су қорғау жобалық құжаттамасын әзірлеу жоспарлануда.