
✔️Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары қалай дауыс бере алады?


№ 1
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын
сайлау туралы
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.
Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады.
Құрылтайдың құрамына Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутат кіреді.
Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.
Жиырма бес жасқа толған және елдің аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы депутат бола алады.
Партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Партиялық тізімде адамдарды орналастыру тәртібін саяси партиялар дербес айқындайды.
Жаңару үшін дауыс бер!
Қазақстан Республикасының
Орталық сайлау комиссиясы

Азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу туралы
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.
Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды.
Сайлаушылар тізімдеріне дауыс беру күніне он сегiз жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқарушы органға берген олардың өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі.
Әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізуді және оны тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.
Азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушыларға тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінде өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
Сайлаушыларға қолайлы болуы үшін электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы хабарландыру ұйымдастырылады.
Жаңару үшін дауыс бер!
Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін қалай алуға болады?


ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІНДЕ 386 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Президент Жарлығына сәйкес, 2026 жылғы 23 тамызда елімізде Құрылтай сайлауы өткізіледі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған Күнтізбелік жоспарды бекітті. Жалпы науқанды ұйымдастырудың ұзақтығы 54 күнді құрайды. 12 күн саяси партиялардың құжаттарын ұсынуға бекітілсе, 29 күн үгіт кезеңіне арналады.
22 тамыз – тыныштық күні, 23 тамыз – дауыс беру күні.
Қазіргі таңда сайлауды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Қызылорда өңірінде 9 аумақтық, 386 учаскелік сайлау комисиясы жұмыс жасайды. 9 аумақтық сайлау учаскесінде 63 комиссия мүшесі тұрақты түрде қызмет атқарса, 386 учаскеде 2720 сайлау комиссиясының мүшесі бар.
Өңірдегі 386 учаскенің 132-і Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда.

Қазақстан Республикасының сайлау учаскелерінен тыс жерде дауыс беру
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.
Денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебіне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беру күні сайлау учаскесіне келе алмайтын Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге құқылы.
Ол үшін сайлаушы дауыс беру күні (2026 жылғы 23 тамыз) жергілікті уақытпен сағат 12:00-ден кешіктірмей, өзінің тiркелген аумағындағы учаскелік сайлау комиссиясына барып, болатын жері бойынша дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтініш беруі қажет.
Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі берілген өтініш негізінде және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень береді. Дауыс беруге арналған бюллетеньді алу фактісі өтініште сайлаушының қолымен куәландырылады.
Учаскелік сайлау комиссиясының бюллетеньді берген мүшесі оған өзінің қолын қояды, сондай-ақ сайлаушының өтінішіне қол қояды. Дауыс беруді өткізу кезінде сайлаушының ерік білдіру құпиясының міндетті сақталуы қамтамасыз етіледі.
Жаңару үшін дауыс бер!
Қазақстан Республикасының
Орталық сайлау комиссиясы

Құрылтай сайлауында шетелде қалай дауыс беруге болады?
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді.
Шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізімдеріне тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және Қазақстан Республикасының жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгізіледі.
Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген жағдайда және оларда Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болған кезде сайлаушылар тізімдеріне енгізіледі.
Егер тізімге енгізілген сайлаушылардың бәрі дауыс беріп болса, дауыс беру кез келген уақытта аяқталды деп жариялануы мүмкін.
Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінің тізімі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурстарында қолжетімді.
Жаңару үшін дауыс бер!
Қазақстан Республикасының
Орталық сайлау комиссиясы
