
Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша облыстық әділет департаментінде 681 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қоғамдық бірлестіктер 289, қоғамдық қорлар 175, ассоциациялар 26, филиалдар 191.
Жыл басында ҮЕҰ дерекқорына өз мәліметтерін уақытылы ұсыну жөнінде ескертпе, хабарландырулар қалалық «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде, «Қоғам ТВ» телеарнасының жеке сектор айдарында, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілеріндегі қала әкімдігінің және қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми парақшаларында, gov.kz мемлекеттік органдар сайтында, qorda.kz қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми сайтында жарияланды.
Қалалық кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес, 16 ұйым жұмысын уақытша тоқтатқан, 6 ұйым жабылу сатысында, 6 ұйым таратылуда, 3 ұйым мәжбүрлі түрде жабылуға жатады. Сонымен қатар, Қалалық кірістер басқармасымен бірлесе отырып, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын жүзеге асыру қызметі бойынша 2025 жылға қалалық бюджеттен 37 млн 077 мың теңге қаржы бөлініп, оған 7 әлеуметтік жоба іске асырылуда.
Атап айтқанда:
Жоба аясында «Руханият керуені» жобасы бойынша 120 кездесу өткізілді. 3 теологпен 15 азаматты оңалту мақсатында 30 адрестік кездесулер өткізілді.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, мемлекеттік саясатты ақпараттандыруға сүбелі үлес қосқан журналистерді көтермелеу мақсатында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерін арнайы сыйлықтармен марапаттап, жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен мерекелік шара және турнирлер ұйымдастылды. Жоба аясында 27 маусым күні «Қаламгерлер» аллеясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Шарада шаһардың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелері мен жарқын жетістіктерін ақпараттандырып, халық пен билік арасында алтын көпір бола білген 30 сала үздігіне қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен қаржылай сертификаты табысталды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Жүзбай Ибрагимұлының мерейлі 75 жасқа толуына орай кәде-құрмет көрсетілсе, ақын, белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар, «Кызылординские вести» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай және Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің 25 жылдық мерейтойына орай басылым ұжымдарына арнайы алғыс хат және арнайы сый (телевизор) табысталды. Сонымен қатар, қаладағы БАҚ өкілдері боулинг пен бильярд турнирлерінде өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар лайықты марапаттарын иеленді.
Қала орталықтарында халық көп шоғырланған орындарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық таратпа материалдар таратылды. Қалада құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша тиісті орган қызметкерлерінің қатысуымен 6 рет рейд жұмыстары жүргізілді.
Жоба аясында 15 ақпан күні Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай «Тағзым алаңы» аумағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
27 ақпан күні Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні мерекесіне орай Достық үйінде бірқатар ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында ҮЕҰ өкілдері қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 28 ақпан күні Невада-Семей антиядролық қозғалысының құрылған күніне орай еске алу шарасы, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген әйел-аналарды құттықтау шарасы өткізіліп, Қала әкімінің атынан құттықтау хат беріліп, сый-сыяпат жасалды.
7 сәуір күні Тәжікстан - Ауғанстан шекарасындағы әскери қақтығыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күніне орай, «Тағзым алаңы» аумағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. 26 сәуір күні Чернобыльдағы радиациялық апат құрбандарын еске алу күніне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
9 – мамыр Жеңістің 80 жылдығына орай ҮЕҰ өкілдері мен жастардың кездесуі өтті, Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай дөгелек үстел ұйымдастырылып, жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, ұстардар мен жастар қатысты.
11 - мамыр Аналар күніне орай «Қызылорда қаласының тарихи» музейінде елге еңбегі сіңген ардақты арналарға арналған «Сыйынар ем, ана деген тәңірге» атты мерекелік кездесу өтті.
15 мамыр - Отбасы күніне орай отасқанына 51 жыл толған алтын той иелері, білім саласының үздік ардагерлері Мырзабаевтар отбасына, 53 жыл отасқан орыс ұлтының өкілдері – Климкиндер отбасына, өнерлі отбасы – Қожабековтер әулетіне, журналистика саласының дамуына үлес қосқан – Жетпісбаевтар отбасына қала әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаты табысталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық деңгейдегі бірінші кезеңіне конкурсқа қатысуға қала орталығынан, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден, әр түрлі салалардан 36 отбасы өтінім білдірді.
30 маусым күні қалалық комиссиямен конкурс критерийлеріне сәйкес келетін 25 отбасының құжаттары қаралды. Комиссия мүшелерінің шешімімен жеңімпаз атанған қалалық «Мерейлі отбасы» конкурсының бірінші кезеңінен өткен екі үміткердің құжаттары конкурстың екінші кезеңіне облыстық комиссияға жолданды.