Лого

Меню

Страницы

Статья

2025 жылдың II-тоқсанында мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы

Ономастика туралы

Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру барысында Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру жұмыстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес жүргізіледі.

Бөлім Қызылорда қаласы әкімдігінің жанынан құрылған қалалық ономастика жұмысшы тобының қызметін үйлестіреді.

Бүгінгі күні, қала аумағында комиссия шешімімен нақтыланған 1279 көше бар. Оның ішінде, қалада 830 көше (460 көшесі кісі есімімен, 263 көше тарихи жер-су атауларымен аталған, 107 шартты атау берілген) және қалаға қарасты ауылдық округтерде 449 көше бар.

Қызылорда қаласындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктерін атау және қайта атау беру бойынша 2022-2024 жылдар аралығында тиісті заңдылықтарға сәйкес қаралып, қолдауын тапқан 4 ұсыныс Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының кезекті отырысына ұсынуға ықпал жасау мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасына құжаттары жолданды.

Ендігі кезекте, «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген 7 ұсынысты және облыстық қоғамдық даму басқармасының ұсынысына сәйкес Сұлтанбек Қожанов есімі берілген көшені («Ногина» көшесіне Қызылорда қаласы әкімінің 12.07.1994 ж. №134 қаулысына сәйкес Сұлтанбек Қожанов есімі берілген) лайықты көшеге ауыстыру мақсатында қалалық ономастика жұмысшы тобының отырысында қаралып, облыстық қоғамдық даму басқармасына құжаттары жолданды.

Республикалық ономастика комиссиясы 48 ардагердің есімін қолдап, бекіту туралы оң қорытынды берді. Оның ішінде 17 ардагердің есімі  ауылдық округтерден бекітілді. (Ақпарат ретінде Қызылорда қаласы бойынша Қолдау тапқан ардагерлер саны – 31, Қызылжарма а/о – 9, Талсуат а/о -4, Ақсуат а/о – 3, Ақжарма а/о – 1.)

Сонымен қатар, республикалық ономастикалық комиссиясымен бекітілген көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымға сәйкес қала аумағындағы көшелерге жаңадан көше тақтайшаларын (талапқа сәйкес QR-код қосымшасымен) ауыстырып, жаңалау мақсатында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жолданып, бірлесіп жұмыстар атқарылуда.

Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық оругіндегі идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардың барлығына «Тарихи тұлғалар» мен «Жер су» атаулар берілді.

Маңдайша жазулары және жарнамаларды ретке келтіру жайында

2011 жылы Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, осы Заңның 17-2 бабында көзделген құзыреттерді орындау қала әкімінің 2012 жылғы  23 қаңтардағы №2983 қаулысымен қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктелді. Жарнамалық нысандарға келісім алуға жататын уәкілетті органдардың бірі ретінде белгіленген «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу кезінде жарнама мәтінінің ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкестігі жайында келісім беріп келеді.

ҚР Тіл туралы Заңының 21-тармағына сәйкес қала орталығындағы жарнамаларды тексеру барысында 2025 жылдың IІ тоқсаны бойынша  89 нысанға түсіндірме жұмыстары және ескертпе хаттары таратылды. Сондай-ақ, 77 жарнама объектілеріне келісім берілді.

 Тарихи-мәдени ескерткіштер бойынша

Бүгінгі күнге қала көлемінде 85 тарихи-мәдени ескерткіштер бар, оның ішінде республикалық маңызды – 4, жергілікті маңызда – 34 ескерткіш, алдын-ала есепке алу тізіміне ұсынылғандар саны – 47

Оның ішінде тарихи ғимараттар саны – 19, ескерткіштер – 37, және 29 бюсттер бар.

Қала көлеміндегі ескерткіштерді сақтау және пайдалану бағытында бірқатар шаралар жүргізіліп келеді, барлық ескерткіштерге қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары әзірленді.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы аумағында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштерді теңгерімге алу мақсатында қалалық қаржы бөлімінің 2017 жылғы 2 маусымдағы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының аясында тиісті пайдаланушы мекемелердің теңгеріміне берілді. Бүгінде тарихи ескерткіштерге қорғау міндеттемелері толтырылды.

Ғимараттар саны – 19, ескерткіштер – 37 және 29 бюсттер бар.

Қала көлеміндегі ескерткіштерді сақтау және пайдалану бағытында бірқатар шаралар жүргізіліп келеді, барлық ескерткіштерге қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары әзірленді.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы аумағында орналасқан тарихи және мәдени ескерткіштерді теңгерімге алу мақсатында қалалық қаржы бөлімінің 2017 жылғы 2 маусымдағы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының аясында тиісті пайдаланушы мекемелердің теңгеріміне берілді. Бүгінде тарихи ескерткіштерге қорғау міндеттемелері толтырылды.

Мәдени көпшілік-шаралар бойынша

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және бөлімге қарасты мекемелерде 2025 жылдың І жарты жылдығында барлығы 854 мәдени көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 133240 көрермен қамтылды. Оның ішінде: ауылдық жерде  281 шара, көрермені 16189.

2025 жылдың 7 сәуір күні «Тағзым» алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті. Ардагерлер «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай  ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.

-  Отан алдындағы борыш-міндетін адал атқарып, кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің алдында кімде-кім болмасын басын иіп, тағзым етеді. Қазақ қашан да «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген. Сондықтан, азаматтық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен сарбаздар ерлігі әрдайым ел есінде, - деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.

Тағылымды шарада Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың РҚБ облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы сөз сөйлеп, тілектерін білдірді.

Ескерткіш маңына жиналғандар  қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Құран бағышталып, «Тағзым" алаңының аумағына тал көшеттері отырғызылды.

Қатысқан адам саны – 150

2025 жылдың 7 сәуір күні сағат 18.00-де  А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауы мен «Мереке» вокалды аспапты ансамблі өнерпаздары Сырдария ауданына гастрольдік сапармен барды. Көңілді кеште 30 жылдан астам тарихы бар «Мереке» вокалды-аспапты ансамблінің жанды дауыстағы жүректі тербетер әндерді көрермен бірге шырқап, «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауының астарлы әзілдері келген көрерменнің көңілін көтеріп, күлкіге көмді. Қатысқан адам саны – 200

Ағымдағы жылғы  8 сәуір сағат 16:00-де Педагогика ғылымдарының магистрі, ақын Айнагүл Әбуованың 50 жас мерейтойына арналған «Жүрегім – ай, жаным – күн» атты шығармашылық кеші болып өтті. Кеш басында Айнагүл Оңталапқызының өнерге деген сүйіспеншілігі, алғашқы қадамдары, халықтық өнер жолындағы жетістіктері туралы бейнемазмұн көрсетілді.

Кештің алғы сөзін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанұзақов Қуаныш Қуантқанұлы алып, кеш иесін құттықтады. Ақын, ұстаз Айнагүл Оңталапқызына Елорда төрінен арнайы жеткен ҚР Парламент сенатының төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлының құттықтау хаты, ҚР Парламент сенатының аппарат басшысы Максим Споткайдың құттықтау хаттарын Астана төріндегі «Музыкалық жас көрермен» театрының талантты актеры, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов келіп арнайы табыстады. Содан соң Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының құттықтау хаты, қала әкімі Ахатов Нұржан Сәбитұлының арнайы құттықтауы мен сый-құрметі көрсетілді.

Аралдың айдынынан ұшып шығып, жыр теңіздің төсінде бағы асқан, айтыс сахнасында дабысы Алатаудан әрі асқан, бүгінде ұстаздық пен ұрпақ тәрбиесі, отбасы ұйытқысы деген ұғымдармен жарасқан сіңілісін құттықтай келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова Айнагүл Әбуова мен Айбек Тәңірбергеновтың шығармашылық тандемінен туындаған «Үкілім» әнін шырқаса, Айнагүл Әбуованың сөзіне жазылған сазгер Жанар Болатбекованың «Сезім – сырым» әнін ҚР Мәдениет саласының үздігі Айқын Кенжеғараева,  Айнагүл әпкеміздің бөлесі, қазақтың маңдайына біткен сирек дарындардың бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген «Ықылас сазы» жырын, жырау ҚР Мәдениет қайраткері Руслан Ахметовты Айнагүл Әбуованың «Сыр елі» толғауын, Айнагүл Әбуованың сөзіне жазылған Жанар Болатбекованың «Қызғалдағым» әнін ҚР Мәдениет саласының үздігі Эльмира Қанатбаева, Айнагүл Әбуова «Монолог» шығармасын ҚР Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай, Айнагүл Әбуованың «Халқымды кімдер шөлдеткен?» шығармасын «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаров, талантты өнерпаз Салтанат Ерсұлтан Елмұра Жаңабергеннің «Аралым» әнін, Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған «Сүйінші шаттық», Шөмішбай Сариев «Ұлы менің қазағым» әндерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген орындап кеш көрігін келтірді.

Кеш барысында ақын Айнагүл Әбуованың «Жасыл сия» кітабының тұсауын ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер, ақын, Айнагүлдің ұстазы Нұрмаханов Оңталап Дүйсенәліұлы және ақын Серік Ыдырысовтар кесті. Қатысқан адам саны – 300

Ағымдағы жылдың 10 сәуірі күні сағат 16:00-де А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» бағыты бойынша «Қызға үйден тыйым» тақыпыптық дәріс болып өтті.

Шара өтетін орын тақырыпқа сай безендіріліп, ЛЕД экранға тақырып жазылған дәріс беретін арнайы шақырылған мамандардың есімдері жазылған куверткалар, қаламсап, сулар және стол микрофоны қойылы, алдын-ала дайындық жұмыстары жасалды. Кешке арнайы Қорқыт ата атындағы  Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы -  Жанар Бимұратқызы, дін мәселелерін зерттеу орталығының педагогика психология ғылымдарының докторанты Қарлығаш Балтабайқызы, орталық қалалық емхананың акушер-гинеколог дәрігері- Нұргүл Мұратбекқызы, М.Мәметова атындағы Қызылода педагогикалық жоғары колледжінің психолог маманы Уәлибекқызы Жанаттар шақыртылды. Дәрістің негізгі контингенті арнаулы оқу орындарының студент қыздары мен мектептің жоғарғы сынып оқушылары болды. Кеш қонақтары өз салалары бойынша өздерінің ақыл кеңестерімен бөлісіп, тақырыпты кеңінен талқылады. Кеш соңында қонақтарға сый-сияпаттар табысталды. Қатысқан адам саны – 280

2025 жылдың 14 сәуір күні Арбат бойында аталмыш мерекеге орай жастар концерті өтті. Концерт басында А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры Байтұрсынов Алмас Нұрланұлы жастарға жылы лебізін білдіріп кешті ашып берді. Концертте қаламыздың жас өнерпаздары ән айтып би билеп, өнерлерін паш етті. Өнерпаздар ішінде А. Тоқмағамбетов мәдениет үйі жанына құрылған «Belcanto» вокал үйірмесі мен «Orda drive» замануи би үйірмесінің қатысушылары сахнаға шығып дебют жасады. Қала тұрғандарына көңілді мереке сыйлап, жас талантарды сахнаға баулу мақсатында өткен мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Қатысқан адам саны – 1400

16 сәуір күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қызылорда қаласының Қазақ АКСР астанасы атанғанына 100 жыл толуына арналған дәстүрлі республикалық “Көктем нұры” оқушылар айтысы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен биыл 11-ші мәрте байрағын желбіреткен жыр додасын қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров ашып берді.

«Сыр елінің бас қаласы Қызылорда төрінде қасиетті Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, төл тарихымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, өз мұратын адал атқарып келе жатқан дәстүрлі оқушылар айтысының жас таланттарға берері мол, жетелер шыңы биік деп білемін» деген Бақытжан Бауыржанұлы талапкер жас ақындарға сәттілік тіледі.

Сөз сайысын белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақжол Түменбай жүргізсе, кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтау міндеті белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов, педагогика ғылымдарының магистрі, ақын Айнагүл Әбуова және талантты ақын Қайнар Алагөзовке жүктелді.

Сыр елінің жас ақындарымен қатар Абай облысы, Шымкент қаласы, Ұлытау және Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан келген жас таланттар Қызылорданың Қазақ АКСР-ның астанасы атанғанына 100 жыл толуы, аймақтың күн сайын көркейіп жатқаны тұрғысында сөз өрбітіп, қағытпа қалжыңдарымен бір-бірін қамшылап отырды.

Жыр додасының қорытындысымен бас жүлдені жеңіп алған Жамбыл облысының ақын қызы Інжу Жаңабайды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов марапаттап, айтысты тапжылмай тамашалаған көрермен мен жас ақындарды баулыған жетекшілеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, І орын Сырдария ауданының үкілеп қосқан үміті Нұрахмет Бағдатқа бұйырса, ІІ орынды шырайлы Шымкенттен келген  айтыскер Мәжит Аятулла еншіледі. Жыр бәйгесінің қос бірдей 3-орынын  Салтанат Жаппасбай мен Жаңақорған ауданынан келген Абдуллаев Мұхамедәлі өзара бөлісті.

Мұнан бөлек, «Сүре айтыстың Сұржекейі – Серік Өтеуов» арнайы жүлдесін Абай облысынан келген Нұроллаев Рауан, «Қайым айтыстың хас шебері – Бекұзақ Тәңірбергенов» атындағы жүлдені Қармақшылық Жалғасбаев Еркебұлан, «Түре айтыстың тарланы – Махамбетқали Тұрсанов» жүлдесін Шығыс Қазақстан облысының жас жүйрігі Силамбек Руслан, «Тап берме сөздің тапқыры – Серік Ыдырысов» жүлдесін Ұлытау облысынан келген ақын қыз Жүнісбек Жасмина және «Аламан айтыстың ақтаңгері – Кенжебай Жүсіпов» атындағы жүлдені Шиелілік жас дарын Кенжеш Еламан иеленді. Арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар табысталды.

Алуан-алуан жүйрік кеп, жалынды жырларымен аймақ ажарын, тарихын насихаттаған дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы көптің көңілінен шықты. Қатысқан адам саны – 250

2025 жылдың 18 сәуір күні сағат 10.00-де қазақ әдебиетінде, қазақ руханиятында өзіндік орыны дараланған ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдығына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты облыстық мүшәйра өтті. Сатира сардарының өз атымен аталатын қалалық мәдениет Үйінде өткен жыр додасында облысымыздың әр ауданынан 12 ақын бақ сынады.

Поэзия аламаны алдында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Тажмаханов сөз алып, Асқар ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайында айта келіп, мүшәйраға қатысушы ақындарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, 1-15 сәуір аралығында өткен «Қырғи тілді қаламгер» атты мәнерлеп оқудан өткен облыстық онлайн байқаудың жүлдегерлерін марапаттап, дипломдар мен сертификаттар табыс етті.

 Мүшәйраға ақын әрі сатирик, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медаль» иегері, республикалық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілда және ақын, облыстық, республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпазы, қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлықбек Бекұзақұлы қазылық жасады.

Қазылардың шешімі және жырсүйер көрерменнің ықыласы  бойынша Бексұлтан Санақұл дараланып, мүшәйраның жеңімпазы атанды. Жүлделі 1 орынды жалағаштық жас ақын Дидар Өмірзақ иеленсе, қармақшылық ақын Нұркелді Өтепберген 2 орынға лайық деп танылды. Ал жүлделі үшінші орынды  қызылордалық Нұргүл Төлеубай мен жас ақын Шадыман Теміршеқызы өзара бөлісті.

Сырдария ауданынан қатысқан Уәлиев Даниярға «Орамды ой», қазалылық Жанғазы Данабекке «Талаптың мініп тұлпарын» атты номинациялары табыс етілді. 

Қатысқан адам саны – 200

2025 жылдың 18 сәуір күні сағат 15.00 - де Халық жүрегінің тереңінен орын алған біртуар азаматымыз - Сыр бойы ғана емес исі қазақтың мақтанышына айналған дарынды ақын, жазушы, драматург, сатира сарбаздарының қолбасшысы атанған, Сырдың саңлақ ақыны А.Тоқмағамбетов ескерткіші алдында «Есімі ешқашан да ұмытылмақ емес» атты мәдени шарасы өткізілді.

Жастарымызға тарихи құндылықтарымызды есте сақтауға және ұлы мұрағаттарымызға бас иіп, құрметтеуді насихаттау мақсатында өткен мәдени - шарамыздың А.Тоқмағамбетовтің ескерткіші маңында өткізілуінің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор.

Мәдени шарада А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің оқушылары арнау өлеңдерін оқыды. Өзі өмірден өткенше қолынан қаламы түспеген А.Тоқмағамбетовтың сыншыл тілді, шыншыл мазмұнды шығармалары халқымызбен бірге жасай береді. Шара соңы ақын ескерткішіне гүл қою рәсімімен аяқталды. Қатысқан адам саны – 150

2025 жылдың 18 сәуір күні сағат 19.00-де  А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "ST Production" және "Mereke band", "Orda drive" заманауи би үйірмесі өнерпаздарының қатысуымен қызықты кеш өтіп, көрермендер жақсы әсермен тарқасты. Қатысқан адам саны – 250

2025 жылдың 26 сәуір күні сағат 10.00-де  «Тағзым» алаңы аумағында Чернобыль апатының аяқталғанына 39 жыл толуына орай апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарды  еске алу шарасы өтті.

Шарада қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаев, қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов  ардагерлерге ізгі лебіздерін білдірді.

Бүгін біздер өр кеуде, рухты бауырларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз. Бейбіт еліміздің аспаны ашық, шекарасы бекем, тыныштығы мәңгілік болғай,- деді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Бауыржанұлы.

Шараға жиналған қауым ізгі қоғам, жарқын болашақ үшін жасампаз қадам жасап, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтардың рухына бас иіп, бір сәт үнсіздікпен еске алды. Рухтарына арнап құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.

Қатысқан адам саны – 200

Ағымдағы жылдың 28 сәуір күні  сағат 10.00-де Б.Шөкенов атындағы саябақта талантты жерлесіміз, өнер әлеміне өшпес мұра қалдырған музыкант Батырхан Шөкеновты еске алу іс-шарасы өтті. Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері Батырхан Камалұлы Шөкенов рухына арналған тағзым гүлі қойылып, 1 минут үнсіздікпен еске алды.       Қала әкімінің орынбасары  Омаров Бақытжан Бауыржанұлы, Б. Шөкеновтің ағасы Мүсірәлі Шөкенов виртуоз музыкант, талантты әнші-композитор жайлы естеліктермен бөлісті. Әнші, композитор Ғалым Елубаев Б. Шөкеновтің «Твои шаги» әнін шырқап, қонақтарға көңіл-күй сыйлады.

Қатысқан адам саны – 300

2025 жылдың 29 сәуір күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 29-Сәуір Халықаралық би күніне орай «Жұлдызды би алаңы» атты облыстық  заманауи би байқауы болып өтті. Тартысты өткен өнер сайысының нәтижесі бойынша 1-орын - "Балбұлақ" би ансамблі, 1-орын - "Арайлы" би тобы, 2-орын - "Double Dance" үлкен тобы мен Шиелі ауданы Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінің "Арман" би тобы иеленсе, жүлделі ІІІ орынға  "Asylym Dance" би тобы ие болды.

Қатысқан адам саны – 250

«Достық үйі» алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Сыр елі – татулық пен келісімнің мекені» атты мерекелік шара өтті. Алаңда қолөнер бұйымдарының, жас суретшілер туындыларының көрмесі ашылды. «Құстар фестивалі» де мерекенің сәнін келтіріп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтап, жақында ғана Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында талқыланған мәселелерге, болашаққа бағытталған тың бастамаларға тоқталды.

Мерекеде этномәдени бірлестіктер мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған медальмен марапатталды.

Концертте Сыр еліндегі барлық этнос өкілдері өнер көрсетті, көпшілікке ән-жырдан шашу шашты. Әсіресе, патриоттық әндер бірлік пен татулық ұғымын ұлықтап, мән-мағынасын айшықтай түсті.

Қатысқан адам саны – 15 000

2025 жылғы 9 мамыр, сағат 09.00 –де Тағзым алаңында 9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат»  атты митинг және гүл қою рәсімі өткізілді.   Шараны Қайрат Жәлімбетов жүргізді.

Елдің басына алапат қайғы мен қасірет төнген зұлмат кезеңде оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің өрлігі мен ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру бүгінгі біздердің қасиетті борышымыз.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Сыр жұртшылығы атынан облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының майдангер бабалар рухына арналған тағзым гүлі, сарбаздар  «Мәңгілік алауға» гүл дестелерін (гирлянда), Сыр жұртшылығының атынан ескерткішке тағзым гүлдері қойылды/

Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, одан соң ҚР Мемлекеттік Гимні орындалды.

 Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев құттықтап, «Ешкім де, ешқашанда ұмытылмайтынын, азаматтық арды ту етіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен боздақтарымыздың, бүгінде арамызда жүрген майдангер қарттар мен тыл еңбеккерлерінің жеңімпаз рухын бағалау біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті. Одан соң арнайы келген қонақтар мен ардагерлер гүл шоқтарын қойып, майданнан оралмаған, белгісіз солдаттарға тағзым етті. Қатысқан адам саны – 2 500

Үстіміздегі жылдың 18 мамыр күні сағат 19.00-де орталық алаң жанындағы өнер арбатында талантты жерлесіміз, виртуоз музыкант Батырхан Шөкеновтың туған күніне орай ән кеші өтті.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, облыстық филармония, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен еске алу кешін Батырдың ағасы Мүсірәлі Шөкенов ашып берді.

Ән кешінде облыстық филармония жанынан құрылған «Сыр самалы» және қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған  «Мереке» вокалды аспапты ансамбльдері өнер көрсетіп, жиылған жұртшылық жақсы әсермен тарқасты.

Қамтылған адам саны: 1000

Үстіміздегі жылдың 21 мамыр күні сағат 11.00-де А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет Үйінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениет – өмір мәйегі» атты мерекелік шара өтті.

Арда өнерді үкілеп, ұлт құндылықтарына адалдығын жоймаған мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне арналған шараны қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров ашып беріп, айтулы мерекеге орай Қызылорда қаласының мәдениет және өнер саласының өркендеуі мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мәдениет майталмандарын марапаттады.

Айта кетейік, облыс, қала әкімі мен басқарма басшысының арнайы алғыс хаттарынан бөлек шарада Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының АЛТЫН медалімен мәдениет саласының ардагері Тілеген Бекарыстанов, «Мұхтар Әуезов» медалімен Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов, «Низамедин» медалімен Қызылорда қаласы Жастар театрының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Алашқа белгілі ақын Нұрмат Мансұр мен Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет Үйі жанынан құрылған «Арайлы» би тобының және «Ақмарал» би студиясының жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі режиссер-хореограф Ақмарал Қойшығұлова марапатталды.

Салтанатты кеш қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қамтылған адам саны: 150

31 мамыр күні сағат 09.00-де «Саяси-қуғын сүргін және ашаршылық

құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш» алдында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған еске алу шарасы болып өтті.

 Азалы тарихымызға бас ие отырып, аяулы азаматтар рухына тағзым ету, өткенімізге салауат айтып, тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне жас ұрпақты бей-жай қарамауға тәрбиелеу –мақсатында ұйымдастырылған шараға зұлмат жылда құрбан болған боздақтар рухына бас иіп, Сыр жұртшылығы атынан облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының тағзым гүлі қойылады. Содан соң Гүл шоқтарын қоюға М. Тлеумбетов, Ш. Байманов, С. Дүйсенбаев, С. Тәуіпбаев,
Б. Омаров, И. Құттықожаев, Ш. Төребаевтар гүл шоқтарын қойды. Жиылған жұрт елдің болашағы, келер ұрпақтың бақыты үшін күрескен асыл азаматтарымызды, есіл ерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кеш тізгінін Қайрат Жәлімбетов жүргізді.

Қатысқан адам саны – 3800

18 маусым күні сағат 19.00-де – Қалалық мәдени және демалыс саябағында С.Майқанова атындағы мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен үйірме оқушылары мен Тасбөгет кенті өнерпаздарының «Өнер тұнған Тасбөгет» атты концерттік бағдарламасы болып өтті.

Қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені Тасбөгет кентінің өнерлі өнерпаздары мен С.Майқанова атындағы мәдениет Үйінің қызметкерлерінің өнерлі жастарының ән-билері тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлап, тамаша өнерімен қуантты.

А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана «Болашақ» университеті жоғары колледжімен бірлесіп, «Алтын Орда – қазақ хандығының бабасы» атты тарихи кеш өткізді.Кештің алғы сөзін «Болашақ» университеті жоғары колледж директоры Енсепов Асқар Әлиұлы ашып, шараның өскелең ұрпаққа берері мол екенін атап өтті. Тарихи кешке Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, тарих және археология білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, тарих магистрі Мәулен Мұратбекұлы мен облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми хатшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожакелді арнайы шақырылды. Олар қазақ ордасының негізін салған тұңғыш хандарымыз Керей мен Жәнібек туралы ойларымен бөлісіп, тарихтан сыр шертті.

Сонымен бірге кеш барысында «Болашақ» университеті жоғары колледжінің студенттері Қазақ хандығына арналған көріністерін қойып, әдеби монтаж оқыды. Сондай-ақ «Тарих – ғасырлар куәсі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.Шараға – 100 адам қатысты. https://www.facebook.com/share/v/1BZcmnV4tD/

№16 кітапхана А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебімен бірлесіп,  Қазақ хандығының 560 жылдығына орай «Қазақ хандығы – тәуелсіздік бастауы» атты тарихи танымдық кеш өткізді. Шараға аталған мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Тарихи кеш Қазақ хандығының құрылуы жайлы бейнеролик көрсетілімімен басталды. Аталған шараны А.Байтұрсынов атындағы  №211 орта мектебінің директоры А.Алимова ашып, тарихты танудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақ хандығының  құрылуы, күшеюі,  Қазақ хандығы тұсындағы  хандар жайлы тарих пәнінің мұғалімі Ж.Байғараева деректі мәліметтермен бөлісті. Қазақ хандарының шеруі өтіп, оқушылар хандардың тарихта қалдырған өлшеусіз қызметтері мен саясаты туралы шолу жасап, әдеби-монтаж оқылды. Сонымен қатар «Тарихыңды таны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Шынар Жақсылыққызы библиографиялық шолу жасады. Танымдық шара жас оқырмандардың орындауында «Арайлы Қазақстан» хорымен  аяқталды. Шараға – 120 адам қатысты. https://www.facebook.com/share/p/1DvexLP25c/

№19 кітапхана оқырмандары Шымкент қаласында өткен республикалық «Күміс домбыра – 2024» атты жас ақындар айтысында топ жарып, күміс домбыраны жеңіп алған жерлесіміз Бексұлтан Орынбасармен кездесті. Аталған шараға «Ашық» университеті мен И.Абдукаримов атындағы жоғары агротехникалық колледжінің студенттері қатысты.

Сыр сұхбат айдарын кітапхана әдіскері Ақжол Түменбай ашып, жүргізді. Бексұлтан Орынбасар жастарға киелі өнерге қалай келгені туралы айтып, балалық шағына саяхат жасады. Сондай-ақ талантты азамат шығармашылығы мен айтыста айтқан шумақтарын орындап берді.

Бексұлтан Орынбасар сөз кезегінде -айтыс өте тартысты өтті, екі күнге созылған өнер бәйгесінде еліміздің «сен тұр мен атайын» дейтін мықты 16 ақыны бақ сынады. Бірінші күні 16 ақыннан 8 ақын іріктелді. Екінші күні тағы үш айналым болды. 8 ақыннан 4 ақын оза шығып, финалға дейін жеттік. Айтысқа бір ай дайындалдым, нәтижесінде бәрі ойымдағыдай болып, жеңіске жеттім. Сыр еліне «Алтын домбырадан» кейін «Күміс домбыраны» алып келдік, – деді. Іс-шарада жас оқырмандар кеш иесіне қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Бүгінгі басқосу кітапханадағы жарқын жүздесу болды.Шараға – 50 адам қатысты.

https://www.facebook.com/share/p/15kCBGKHLg/

Қызылорда алғашқы астана - 100 жыл

Жүйеге қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана Қызылорда қаласының Қазақ КСР-ның алғашқы астанасы болғанына 100 жыл толуына орай «Алаштың астанасы  – Қызылорда» атты кітапханалық променад өткізді. Аталған шараға С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес жоғары колледжінің студенттері қатысты.

Шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа туған жердің тарихы, қаланың өсіп өркендеуіне өз үлесін қосқан ардақты азаматтар жайлы ақпарат бере отырып, елжандылыққа баулу.

   Кешегі қамыс қаладан бастау алған Қызылорда қаласының кешегісі мен бүгіні туралы мәліметтер беріп, «Қалаға еңбегі сіңген азаматтар» жайлы викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырды. Сонымен қатар  оқырмандар «Бұл қай жер?» фото суреттермен жұмыс, қала тарихына арналған әдебиеттер бойынша кроссворд шешу,  «Сиқырлы сандық» әдеби кейіпкерлерді табу ойындарына қатысты. Белсене қатысқан оқырмандарға  кітапхана атынан сый-сияпат берілді.

Шараға – 120 адам қатысты.

https://www.facebook.com/share/v/18zaFUiqC2/

№6 кітапхана Қызылорда жоғары көпсалалы колледжімен бірлесіп, қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен, қазақты ұлы тарихымен қауыштырып, әдебиет тарихында ең көп роман жазған қаламы қарымды жазушы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тарихының әдеби суреткері» атты әдеби-танымдық кеш өткізді. Шараға аталмыш оқу орнының және Қызылорда Ашық Университетінің оқытушылары, кітапханашылары мен студенттері қатысты.

Шара барысында кеш қонақтары А.Сейіл және А.Егізбаева аса көрнекті жазушы І.Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы тереңірек тарихтан сыр шертіп, сүбелі шығармаларының мазмұнына тоқталды. Студенттер алғашқы шығармашылық жолын өлең жазумен бастаған І.Есенберлиннің «Айша», «Сұлтан» поэмаларынан үзінділер оқып, жазушының «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Махаббат мейрамы», «Аққу құстың қуанышы» және т.б. шығармаларынан алған әсерлерін ортаға салып, тұщымды ойларымен бөлісті.

Арнайы кітап көрмесі жасақталып, қаламгердің көркем шығармаларының шыңы болып табылатын қазақ халқының сан ғасырлық тарихын, тарихи тұлғаларымыздың ерлігін баяндайтын мазмұны бай кітаптарына библиографиялық шолу жасалды. Сонымен қатар оқырмандар І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» атты екінші кітабы негізінде 2005 жылы қазақ-француз елдері бірлесіп түсірген «Көшпенділер» фильмінен үзінді тамашалады.

Шараға – 155 адам қатысты.

https://www.facebook.com/share/v/15kbR9MFu2/

2-сәуір -Халықаралық балалар кітабы күні

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 2 сәуір «Халықаралық балалар кітабы» күні және балалар ақыны Қадыр Мырзәлиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Ертегімен есейем» жобасы аясында «Бала жанын баураған» атты оқушылар арасында қалалық байқау ұйымдастырды. Сайысты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова ашып берді.

Байқаудың негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бұл байқауға қала аумағынан 5 мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысып, бақ сынады. Екі кезеңнен тұрған байқауға оқушылар сақадай сай, жоғары дайындықпен келген. Олар І кезең бойынша Қ.Мырзәлиевтің шығармаларын жатқа және мәнерлеп оқыса, ІІ кезеңде ақынның балаларға арналған шығармаларынан сахналық көрініс көрсетті.

Аталған сайыста әділ-қазылар «ҚХП» Қызылорда облыстық филиалының төраға орынбасары Арайлым Байжігітова, «Қоғам ТВ» телеарнасының шеф редакторы Б.Құлтанова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың сектор меңгерушісі Салтанат Баекеева төрелік етіп, шын жүйріктерді анықтады. Байқау барысында әділ-қазылар оқушылардың мәнерлеп оқуына, сөйлеу мәнеріне, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың мазмұнына ерекше мән берді.

Екі кезеңнің нәтижесі бойынша бас жүлдені – Әлия Молдағұловаатындағы №173 орта мектебінің оқушылары жеңіп алды. Ал, І дәрежелі дипломды – № 253 орта мектебі, ІІ дәрежелі дипломды – Жақыпбек Махамбетоватындағы № 43 орта мектебі иеленді. ІІІ дәрежелі диплом – Нәлқожа Ергешбаев атындағы № 172 орта мектебі мен Полина Осипенко атындағы № 8 орта мектебіне бұйырды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың бас демеушілері «Қазақстан Халық партиясы» Қызылорда облыстық филиалы мен «Компания – Дәулет Азия» ЖШС басшысы Раиса Қартбаеваның атынан байқауға қатысқан барлық оқушыларға сыйлықтар үлестірілді.

Шараға – 300 адам қатысты.https://www.facebook.com/share/p/1A6ftkNSDB/

Дата публикации
11 июля 2025
Дата обновления
11 июля 2025
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

23 октября 2026
Ақжарма ауылдық округі әкіміне кандидат Баймаханов Бердібек Жомартұлы
23 октября 2026
Ақжарма ауылдық округі әкіміне кандидат Ибраев Мұхтар Айшықұлы
23 октября 2026
Ақжарма ауылдық округі әкіміне кандидат Шалбол Өркен Санатұлы

Социальные медиа

Акимат города Кызылорда
Акимат города Кызылорда
Акимат города Кызылорда
Акимат города Кызылорда
Акимат города Кызылорда

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы