
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша
Қызылорда қаласында 139 бұқаралық ақпарат құралдары (3 мемлекеттік, 136 тәуелсіз) жұмыс жасауда. Оның ішінде, 110 баспа БАҚ, 26 интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктер, 2 телеарна.
Аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының 1-еуі орыс тілінде ақпарат жариялайды, 5-уі мемлекеттік және орыс тілдерінде, 133-і мемлекеттік тілде ақпарат таратады.
2024 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бағытында 19 лот бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өтетін өңірлік деңгейде Қызылорда қаласында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу конкурсы бойынша комиссия отырысының хаттамаларына сәйкес 8 газет, 2 телеарна, 2 республикалық және 3 жергілікті интернет ресурсымен келісім-шарт жасалды.
Медиа жоспарға сәйкес қаланың оң имиджі бойынша БАҚ беттерінде 1600-ден астам материал жарияланды.
Оның ішінде жыл басынан бері мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жергілікті телеарна эфирінен 370-ке жуық сюжет, жергілікті баспа БАҚ беттерінде 600-ден аса мақала, республикалық және жергілікті интернет ресурстарда 700– ге жуық материал жарияланды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың тамыз айында қала көлеміндегі әкімдікке қарасты 6*3 өлшемдегі 232 көрнекі ақпарат құралдары толықтай жаңартылды. Эскиздік жобаларды әзірлеу барысында республика көлемінде аталып өтілетін атаулы күндер мен тұлғарарға қатысты баннерлер жасалынды.
Мемлекеттік тапсырыс аясында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша облыстық әділет департаментінде 411 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде қоғамдық бірлестіктер 251, қоғамдық қорлар 160.
Жыл басында ҮЕҰ дерекқорына өз мәліметтерін уақытылы ұсыну жөнінде ескертпе, хабарландырулар қалалық «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде, Қоғам ТВ телеарнасының жеке сектор айдарында, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілеріндегі қала әкімдігінің және қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми парақшаларында, gov.kz мемлекеттік органдар сайтында, qorda.kz қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми сайтында жарияланды.
Бүгінгі күнге дейін 112 ҮЕҰ өз мәліметін ҮЕҰ дерекқорына ұсынған, яғни, 27,2 % (62 қоғамдық бірлестік, 47 қоғамдық қор, 3 ассоциация).
12 ұйым әрекетсіз, 17 ұйым жұмысын уақытша тоқтатқан, 22 ұйым жабылған.
ҮЕҰ дерекқорына мәліметін уақытылы ұсынбаған 6 ұйымға хаттама толтырылып, ескерту жазасы тағайындалды.
Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын жүзеге асыру қызметі бойынша 2024 жылға қалалық бюджеттен 25 млн 027 мың теңге қаржы бөлініп, оған 7 әлеуметтік жоба іске асырылды.
Этно-мәдени орталықтармен, саяси партиялармен жұмыс және қоғамдық саяси, діни ахуал туралы
Қызылорда қаласының қоғамдық даму бөлімі тарапынан барлық атқарылып жатқан шаралар қаладағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталып, өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып іске асырылады.
Мониторинг барысында анықталған қандай да бір әлеуметтік–саяси кернеулік алғышарттары «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары Картасына» енгізіліп, олардың шешілу барысы бақылауда болады.
Қаладағы қоғамдық-саяси, діни, этносаралық ахуалды тұрақты деп сипаттауға болады.
Қызылорда қаласының аумағында тіркелген 11 этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. («Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Қызылорда облыстық «Wiedergeburt» неміс қоғамдық-мәдени орталығы», «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облыстық «Lev Ami» еврей этномәдени бірлестігі, «Қазақстанның орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалы, Қызылорда облыстық қырғыз этномәдени бірлестігі, Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігі, Қызылорда облыстық түрік этномәдени бірлестігі, Қызылорда облыстық «Понтийцы» грек этномәдени бірлестігі, Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігі, Қызылорда облыстық «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігі).
Оның ішінде 9 этномәдени бірлестік аккредитациядан өткен.
Қаладағы «Достық үйі» ғимаратында этнос өкілдерінің тілін, салт-дәстүрін дамытуға және этномәдени бірлестіктердің өз жұмысын ұйымдастыруына барлық жағдай жасалған. Барлық этномәдени бірлестіктер өтеусіз шарттар негізінде жұмыс кабинеттерімен қамтамасыз етілген.
Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 6 саяси партияның («AMANAT» партиясы, «Ақ жол» ҚДП, «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» ХДПП, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Respublika» партиясы, «Baytaq» Жасылдар партиясы) облыстық филиалы тіркелген.
2011 жылдың 11 қазанындағы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, Қызылорда қаласында исламдық бағытта 22 діни бірлестік, 10 өзге діни бірлестіктер жұмыс жасайды.
Қызылорда қаласында отбасы құндылықтарын насихаттау және гендерлік зорлық зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы
Қаламызда жалпы халық саны 358 мың 235 болса, оның ішінде 182 мың 473-і әйелдер, ал, көп балалы отбасылар 14 702, зейнеткерлер 34 275. Сондай-ақ, 2017 жылдан бері 1320 ана «Алтын алқа», 2745 ана «Күміс алқа» иегері атанды.
«Қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Комиссияның» 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Комиссия отырысы тоқсанына 1 реттен жылына 4 рет өткізіледі.
«Қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Комиссияның» 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдердің кәсіпорындарына экскурсия жасау тапсырылған. Осы ретте, ағымдағы жылдың 30 сәуір күні Ақсуат ауылдық округінде ауылдағы кәсіп иелерінің өнімдері ұсынылған жәрмеңкеге БАҚ өкілдері мен жастарды тарта отырып, экскурсия ұйымдастырылды.
Жәрмеңке сөресінен орын тапқан заттар арасында өз кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдердің қолынан шыққан шұлық, нан, сүт өнімдері, сондай-ақ, қолөнер заттары, көкөністер мен көшеттер бар.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Анаға тағзым» форумына Қызылорда қаласынан 5 әйел, облыстық «Әкелер» форумына түрлі саладан және кент, ауылдық округтерден жалпы 25 әке қатыстырылып, 5 әке, 5 әйел облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай аналарға сый-құрмет көрсету мақсатында “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлерімен мерекелік кездесу өтті. Жиында аналар мен қыз-келіншектерге қала әкімінің құттықтау хаттары табысталып, гүл шоқтары мен мерекелік сый тарту етілді.
Сонымен қатар, қалалық жастар ресурстық орталығында «Отбасы – бақыт мекенім» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Шараға жастар мен жас отбасылар, мерейлі және үлгілі отбасы өкілдері, сала мамандары, дінтанушы, психологтар қатысып, «Отбасыны құруға дайындық, оны сақтап қалу, берекелі шаңырақ болу» секілді өзекті мәселелерді қозғады.
Аймағымызда отбасы құндылықтарын насихаттау, жас отбасыларға отбасы мүшелерінің рөлін түсіндіру, жастарды жанұя құруға әзірлеу бойынша қызмет етіп жүрген әріптестер марапатталды.
Отбасы күніне орай, Отбасы орталығында өткізілген «Мықты отбасы - мықты мемлекеттің кепілі» атты шараға азаматтық қоғам өкілдері, қоғам белсенділері және жас отбасылар қатыстырылып, мерейлі отбасылар құрметке бөленді.
Іс-шара барысында жас отбасы, 10, 15, 50 жыл бір шаңырақ астында жарасым құрған отбасыларға қала әкімінің құттықтауы табысталып, сый-сияпат көрсетілді. Алтын той, күміс той иелері жастарға сан-салалы қызметте еңбек етіп, отбасының ынтымағы мен тыныштығын сақтау, қызмет пен ұрпақ тәрбиесін қатар алып жүрудің қыр-сырын айтып, отбасының қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Республикалық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» ақпараттық науқан аясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және қоғамдық даму бөлімдерінің ұйымдастыруымен тиісті сала мамандарынан ақпараттық-насихаттық топ құрылып, 2024 жылғы 18 қарашадан бастап қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің тұрғындарына 2 мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізілді.
Мақсаты: адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес, бала еңбегін заңсыз пайдалану мәселелері, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу және ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын ілгерілету бойынша ақпараттандыру.
Осы тұрғыда ата-аналар өз балаларымен ашық сөйлесіп, үнемі назардан тыс қалдырмай қадағалау, кез келген адам қандайда бір зорлық зомбылықтың түріне тап болған жағдайда жедел желілерге хабарласу керектігі ескертілді.
Аталған тақырыптағы кездесу жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында өз жалғасын тапты.
Бұдан бөлек, а.ж. 27 қараша күні «Зорлық-зомбылық қоғамға қауіпті!» тақырыпта тиісті сала мамандарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізілді.
2024 жылғы 4 желтоқсанда «Aray City Mall» сауда ойын-сауық орталығында «Бақытты болам десеңіз – зорлық-зомбылыққа жол бермеңіз!» атты тақырыпта акция ұйымдастырылды. Акция аясында ақпараттық-насихаттық топ өкілдері қоғамдық қабылдау және шағын концерттік бағдарлама өткізіліп, орталыққа келушілерге жадынамалар таратылды.