
1. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы дегеніміз қандай бағдарлама, оның басты мақсаты не?
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – Жаңа экономи калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарламаның мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.
2. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жобаны іске асыру үшін қандай көмек ала аламын?
Бағдарламаны іске асыру барысында мемлекеттік қолдау төменде аталғандардан тұрады:
- Жобаларды іске асыру үшін Банктердің/ Даму Банкінің/Лизингтік компаниялардың Қаржылық лизинг шарттары/ несиелері бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
- Жобаларды іске асыруға бағытталған Банктердің/Даму Банкінің несиелері бойынша ішінара кепілдік беру;
- Өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту
- Мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру.
3. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкердің несиесі бойынша пайыздық мөлшерлеменің неше пайызы субсидияланады?
Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі 17 %-дан аспайтын несиелер бойынша ғана жүзеге асырылады, олардың ішінде 11 %-ын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкер төлейді
4. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге субсидия қандай мерзімге беріледі?
Несие бойынша субсидиялау мерзімі 5 (бес) жылды құрайды.
5. Субсидиялау жүргізілетін несие сомасы қандай?
180 млн. теңгеге дейін.
салалық қолдау 1 млрд. теңгеден аспайды.
6. Субсидиялауға қатысу үшін кәсіпкердің өз қаражатының болуы талап етіледі ме?
180 млн. теңгеге дейінгі несиелер бойынша – талап етілмейді.
180 млн. теңгеден жоғары несиелер бойынша – кем дегенде 10%.
7. Жобаға қатысу үшін міндетті талаптар қандай?
Жобаға қатысу үшін екі міндетті талап бар, яғни:
- жобаға қатысу барысында салық тұрғысынан қарыз болмау керек,
- міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударылымдар бойынша қарыз болмау керек.
8. Субсидия алуға қажетті құжаттар тізімі қандай?
Банктің/Даму Банкінің/Лизингтік компанияның оң шешімін алған Кәсіпкер Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісіне Субсидиялау қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Кәсіпкердің өтініш-сауалнамасымен жүгінеді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) Кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік/заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (Кәсіпкердің мөрімен/қолымен расталған көшірме);
2) егер қызмет түрі лицензияланатын болса, лицензиясы (Кәсіпкердің мөрімен/қолымен расталған көшірме);
3) жарғы, кұрылтай шарты (бір құрылтайшы болған жағдайда, құрылтай шарты талап етілмейді). Акционерлік қоғам акциялар шығарылымының проспектісін және бағалы қағаздар ұстаушылар тізілімінен үзіндіні (тіркеушінің мөрімен/қолымен расталған) қосымша ұсынады;
4) салық органынан өтініш берілетін күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтама;
5) тауарларды/өнімді экспорт режимінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгілері қойылған кедендік жүк декларациялары;
6) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгілері қойылған тауарға ілеспе құжаттар;
7) соңғы есепті кезеңдегі валюталық пайданың тиісті деңгейінің бар-жоғын растайтын құжаттар;
8) Банктің/Даму Банкінің/Лизингтік компанияның Бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін шарттарда Кәсіпкерге несие беру/қаржылық лизинг шартын жасасу немесе несие/қаржылық лизинг шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігі туралы оң шешімі бар хаты.
9. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты қай мекемелерден ала аламын?
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы толық ақпаратты келесі мекемелерден ала аласыз:
1. Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы. Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата көшесі, 123 ғимаратында орналасқан.;
2. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
3. "Даму" Кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ;
Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Журба көшесі, 12.
10. Міндетті салықтар бойынша мемлекет алдында қарыздары бар тұлғалар субсидияға ие бола алады ма?
Салықтар бойынша мемлекет алдында қарыздары, сондай-ақ банктік несиелері бойынша қарыздары бар тұлғаларға субсидия ұсынылмайды.