
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты:
Бәйтерек тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысын жүргізу үшін ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен 366,7 млн. теңге бөлініп, «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Белкөл кентіндегі темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 109,0 млн. теңге бөлініп, нысан толықтай аяқталып, пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, Ғ. Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 320,5 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесіне сәйкес, «Гүлнұр МК» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Қазіргі таңда, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Қаламыздағы басты көшелердің бірі болып саналатын С. Бейбарыс көшесін Н. Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 2 349,0 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «УАД» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп нысан пайдалануға берілді.
Қала аумағындағы ұзындығы 36,5 шақырым болатын 49 көшеге асфальт және ұзындығы 12 шақырым болатын 39 көшеге тас жол төсеуге облыстық және қалалық бюджеттен 1 615,7 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні 49 көшеде асфальт төсеу және 39 көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, қаламыздың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Астана даңғылын Н. Назарбаев даңғылынан темір жолға дейін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша «Қыран» ЖШС-гі, Тараз көшесін
С. Бейбарыс көшесінен Б. Баймаханов көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстары бойынша «УАД» ЖШС-гі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, нысандар аяқталып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, маусым айындағы облыстық мәслихат шешімімен қала орталығындағы ұзындығы 17,1 шақырым болатын 12 көшеге облыстық бюджеттен 2 240,1 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер мекемелермен келісім шарт жасалып,
құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша:
Елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылға қалалық бюджеттен 134,7 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, бағдаршамдарды күтіп ұстау (53 дана) 28,8 млн. теңге, жол белгілерін орнату (420 дана) 18,6 млн. теңге, жол белгілерін күтіп ұстау 5,9 млн. теңге, жасанды тегіс еместік қондырғыларды күтіп ұстау (45 дана) 4,8 млн. теңге, жолүсті таңбаларын сызу (720 км) 76,4 млн. теңге.
Қазіргі таңда, бағдаршамдарды және жасанды тегіс еместік қондырғыларды күтіп ұстау жұмыстары бойынша мердігер мекеме «Көшеков» ЖК-мен және жол белгілерін күтіп-ұстау жұмыстары бойынша мердігер мекеме «Қызылорда Траст» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, жол үсті таңбаларын сызу жұмыстары бойынша «Ақнұр-Авто» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, жұмыстар атқарылды.
Бұдан бөлек, 2023 жылы қалалық бюджеттен 43,2 млн. теңге бөлініп, қаламыздағы Әбілқайырхан көшесі мен Шымкент көшелерінің қиылысы, Есенов көшесі мен Демесінов көшелерінің қиылысы және Батырбаев көшесі мен Сексенбаев көшелерінің қиылысына жаңадан бағдаршам орнатылып, пайдалануға берілді.
Жол белгілерін орнату жұмыстары бойынша «Энергия Нұр»
ЖШС-мен келісім шарт жасалып, Қалалық полиция басқармасының нұсқамасына сәйкес 420 дана жол белгілері орнатылды.
Қоғамдық көлік саласы бойынша:
Өткен жылы «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд. 430 млн. теңге бөлініп, соның аясында, 150 дана жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды.
Әрине, бұл қажеттілікті толығымен өтемейді. Өйткені, тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге сұраныс күннен-күнге артуда. Осыған байланысты, тағы 150 автобус алуға 1 млрд. 434 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылға әлеуметтік маңызы бар барлығы 26 бағытқа 1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде, 23 бағыт «Қызылорда автобус паркі», 11 бағыт жеке тасымалдаушыларға тиесілі.