Жоба
Қызылорда қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 2-тармақ 1-ші тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары әлеуметтік көмекке мұқтаждық туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жүгінеді:
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6-тармақтың 1-ші тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
дүлей зілзала салдарынан немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көрсетіледі:
қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
оның мүлкіне зиян келген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6-тармақтың 2-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
Әлеуметтік мәні бар сырқатының және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектеулі деп танылған азаматтарға (отбасыларға):
туберкулез ауруымен амбулаториялық емдеуде жүрген адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
қатерлі ісік, оның ішінде жіті лимфобластық және жіті миелоидты лейкоз ауруымен диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - 7,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде ай сайын.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6 тармақ 2-1) тармақшасы алынып тасталсын:
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6 тармақ 3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
Арнайы комиссияның шешімімен 2026 жылға дейін әлеуметтік көмек тағайындалған студенттерге жоғарғы оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алу кезеңі аяқталғанға дейін бірақ тиісті білім беру бағдарламасының нормативтік оқу мерзімінен аспайтын мерзім ішінде оқу орындары көрсететңн білім беру қызметі мөлшерінде және тамақтану мен тұруға кететін шығындарды ішінара өтейтін 72 (жетпіс екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік төлем төленеді.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 6 тармақ 4), 5) тармақшалар алынып тасталсын:
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасы 6-1 тармақпен толықтырылсын:
Ақшалай көмек түріндегі әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарының біріне Үлгілік қағидалардың 12‑тармағында көрсетілген құжаттарды қоса ұсына отырып, өтініш негізінде бір рет көрсетіледі:
1) Санаторий-курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адаммен бірге жүретін тұлғаның (отбасының) өтініш берген уақыттың алдындағы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа кірісі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес еселенген шамасынан төмен кірістері ескеріле отырып, әлеуметтік көмек 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға босатылған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей, өтініш берген уақыттың алдындағы тоқсандағы отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген шамасынан төмен кірістері ескеріле отырып, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 14 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде Мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша - төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-і күні әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджет қаражатына сұранысты қалыптастырады.
Көрсетілген шешімнің 1-қосымшасындағы 15 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін Мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-і күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша ақшалай қаражатты әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келесі айдың 1-і күнінен кейін Мемлекеттік корпорацияға аударады.
Қызылорда қалалық
мәслихатының төрағасы