Қызылорда қаласының әкімі Н. М. Нәлібаевтың 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі
Қызылорда қаласының бюджеті 2018 жылдың басында 42,1 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл қорытындысымен 51 млрд. теңгеге жетті. Бұл - бюджет көрсеткішінің жыл басынан бері 21 пайызға ұлғайғанын көрсетеді.
Қаржылардың 41 пайызы – білім, 18 пайызы – құрылыс, 14 пайызы – коммуналдық шаруашылыққа бағытталды.
2019 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда қаласының кіріс бөлігі 100,4 пайызға орындалды, (болжам 50 млрд 721 млн теңге, нақты түскені 50 млрд 939 млн теңге) оның ішінде қаланың өз кірістері 101,1 пайызға жетті. (болжам 17 млрд 195 млн теңге, орындалғаны 17 млрд 383 млн теңге).
Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 791 млрд. 765 млн. теңгенің өнімін өндірді. Жыл ішінде негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 135 млрд.358 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға артты.
КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ. ОРТА ЖӘНЕ ШАҒЫН БИЗНЕС
2018 жылдың қорытындысымен қалада шағын және орта бизнестің көлемі ұлғайды.
Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының бастамасымен 2018 - 2020 жылдар "Кәсіпкерлікті қолдау жылы" деп жарияланды.
Нәтижесінде, өңірде айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты.
Өткен жылы қаламызда 25 мың 936 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелді.
Облыста нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен жалпы құны 8 млрд. 241 млн. теңгені құрайтын 73 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 1 мың 726 жұмыс орындары ашылды.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы Қызылорда облысы "Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір" ретінде танылып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына "Хан тәңірі" сыйлығын табыстады.
Мемлекет басшысынан алынған мұндай жоғары баға - өңір басшысы бастаған азаматтардың қажырлы қызметінің, кәсіпкерлердің атқарған тынымсыз еңбегінің жемісі.
Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асуда.
Қалада индустрияландыру картасына енгізілген құны 62 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасымен 604 млн. 120 мың теңгені құрайтын 146 жоба қаржыландырылды.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 7 млрд. 274 млн. теңгені құрайтын 76 жоба мақұлданып, 52 жобаға 63 млн.776 мың теңге қайтарымсыз қаражат берілді.
Барлық жобаның басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
2018 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. 531 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті.
Қаладағы 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен 27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, 7 мың 969 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 51 центнерден өнім алынып, 19 мың 142 тонна күріш салысы жиналды.
2018 жылы қаланың ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан 300 млн теңгеге жуық субсидиялар берілді.
Өткен жылы Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстанға 12 мың тонна күріш, Қытай Халық Республикасына 50 тонна өсімдік майы экспортталды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен қаржы институттары арқылы 16 шаруа қожалығы 260 млн. теңгеге жеңілдетілген несиемен 1 мың 670 бас мал сатып алынды. Өз қаражаты есебінен 29 жеке шаруа қожалығы 118 бас мал алып өсіруде.
Қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында тұрақты түрде 59 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізілді.
ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
2018 жылы қаланың инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден барлығы 2 млрд. 798,6 млн. теңге бөлінді (республикалық бюджеттен 1 млрд 946,6 млн. теңге, облыстық бюджеттен 842,7 млн. теңге, қалалық бюджеттен 9,3 млн. теңге).
«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жобаға республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд.584 млн. теңгеге 10 шақырым ауыз су, 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтті.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасымен республикалық, облыстық бюджеттен "Мерей", "Ақмешіт" мөлтек аудандарына 586,9 млн. теңге бөлініп 12,1 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылды.
Қалаға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйелерін жүргізуге 8 жобаға республикалық, облыстық бюджеттерден 1 млрд. 102,1 млн. теңге қаралып 56,1 шақырым ауыз су құбыры тартылды (6 елді мекенге Бірқазан, Досан, Қарауылтөбе, Наурыз, Талсуат, Тасбөгет).
Қазіргі таңда, республика көлемінде Қызылорда қаласы - қалаішілік су құбырлары 70 пайызға жуық толық жаңарған, таза жер асты ауыз суын тұтынып отырған бірден бір қала.
Өткен жылы 2 дана су жинау қоймасы, 4 дана су жинау ұңғымасы, 4 дана көтерме насос станциясының құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Қалада жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
2018 жылы 8 жобаға 2 млрд. 210 млн. теңге қаралып, 1 насостық станция, 7 шақырым жылу жүйелері жаңғыртылды.
Қорыта айтқанда, жалпы көлемі 156 шақырымнан аса ауыз су құбыры тартылып, 29 шақырымнан аса кәріз құбыры, 7 шақырым жылу жүйелері жаңартылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Өңірлерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы» аясында, соңғы жылдары қаламызда 3 млрд. 200 млн. теңгеге 130 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
БАС ЖОСПАР
Қала халқының қарқынды өсуіне байланысты Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріліп жатыр. Осыған орай, 1 мың 532 гектар аумақтың жоспарлау жобасы әзірленді.
2018 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы қалалық, облыстық мәслихат сессияларында мақұлданып, Қазақстан Республикасының Үкіметінің бекітуіне жолданды.
Қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектар болатын, жаңа жоспарға сәйкес 20 мың 582 гектарға ұлғайды.
Бас жоспарға сәйкес есептік мерзімі 2025 жылға дейін қаланың даму бағыттары көрсетіліп, барлық инженерлік инфрақұрылымдардың сызбаларына өзгерістер енгізілді.
Қала шекарасының өзгеруі халықтың жаңа қоныстану аймақтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан ашылған «Бәйтерек» тұрғын ауданына қарай дамып, көп қабатты тұрғын үй құрылыстары Сырдария өзенінің сол жағалауында салынады.
Былтырғы есептік кездесуде «Арай», «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжай тұрғындары тарапынан - қала аумағына қосылу, жол, ауыз су, жарық мәселелері көтерілген. Қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістер нәтижесінде аталған саяжайлар қала аумағына енгізілді. Қазіргі кезде аталған аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша салынды. Облыстық бюджет есебінен қалалық музей "Рухани жаңғыру" орталығы бой көтеріп ел игілігіне қызмет етуде. «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, "Жастар орталығы" ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
2018 жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 135 млрд. 358 млн. теңгені құрап, 22,2 пайызға артты. Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 37 млрд. 148 млн. теңгеге жетіп, 10,4 пайызға артты.
Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 40 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 473 мың 209 шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Оның ішінде халық қаражаты есебінен салынған жеке тұрғын үйлердің көлемі 412 мың 494 шаршы метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға жоғары.
Қазіргі таңда, қаламызда 152,6 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 52 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ КӨЛІК
Қалада жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналып, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылды.
2018 жылы ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын 114 көшеге күрделі, орташа, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыстарға республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден 2 млрд. 33,5 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Облыстық, қалалық бюджеттерден 629 млн. теңге қаралып Ақсуат, Қызылжарма ауылдық округтерінің, Тасбөгет, Белкөл кенттерінің 22,1 шақырымды құрайтын 23 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қызылөзек, Қараөзек, Қосшыңырау, Иіркөл елді мекендерінің кіре беріс жолдарын жөндеуге республикалық, облыстық бюджеттерден 301,2 млн. теңге жұмсалды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Ақсуат, Қызылжарма, Талсуат ауылдық округтерінің 2,8 шақырымды құрайтын 5 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ең қажетті деген көше қиылыстарына светодиодтық бағдаршамдар, көшелерге жарық бағаналары, жол белгілері орнатылды.
Қаламыздағы қоғамдық көлік қызметімен - "Қалалық автобус паркі" серіктестігі айналысуда.
Өткен жылы автобус паркінің техникалық базасын нығайту мақсатында бірнеше жаңа автобустар алынды.
АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қалада 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды.
Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына аймағымыздың барлық аудандары бірдей атсалысты.
Облысымыздың әрбір ауданы қаламыздағы парк, скверлерді қайта жаңғыртудан өткізіп, инфрақұрылымын жаңартып, қала күніне үлкен сый жасады.
200 жылдық мерейтой аясында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шөкенов атындағы парк ашылып, ескерткіші орнатылды.
Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығында жалпы көлемі 36 гектарды құрайтын жаңа демалыс саябағы салынуда. Осы жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға беріледі(Жоба құны: 1 млрд. 170 млн. теңге.).
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Біздің алдымызда тұрған басты мақсатымыздың бірі – халықтың әлеуметтік жағдайын түзеп, тұрмыс сапасын арттырып, жұмыссыздықтың алдын алу.
2018 жылы 13 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1 мың 608 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 952 адам оқу курстарынан өтті.
2017-2018 жылдар аралығында 220 адамға 1 млрд 53 млн теңге шағын несие беріліп, 253 жаңа жұмыс орындары ашылды.
2 мың 247 адам қоғамдық жұмысқа, 169 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 563 жас маман жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, өткен жылы қаламызда 7 мың 785 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, жыл қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады.
Өткен жылы қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен "Жүрек жылуы" акциясы аясында "Наурыз", "Ораза", "Құрбан айт", "Қала күні" мерекелерінде 2 мың 800 тұрмысы төмен отбасыға 42 млн.теңгенің қайырымдылық көмектері көрсетілді.
БІЛІМ САЛАСЫ
Қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталып келеді.
2018 жылы - 21 млрд. 608 млн. теңге қаралып, қала бюджетінің 41,4 пайызы білім саласын дамытуға бағытталды.
Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа балабақша "Тәуелсіздік күні" мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.
Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасымен қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Қала мектептері жаңа оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілді.
Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңартылған білім мазмұнымен сабақ беретін 4 мың 657 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға өсті.
Педагог кадрларды аттестациялаудың жаңа жүйесімен 500-ге жуық мұғалімдердің жалақысына 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы төленуде.
2019 жылдың қаңтар айынан бастап қосымша 1 мың мұғалімге үстемақы төленеді.
Цифрландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында қаладағы 23 мектепте робототехника кабинеттері жасақталып, қосымша білім беру орталықтарында бастапқы авиа, мото, техникалық модельдеу, 3D, IT модельдері ашылып қазіргі таңда жұмыс жасауда.
Көрсетілген қолдаулар мен ұстаздарымыздың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде былтырғы оқу жылында 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен 1 мың 85 түлегіміз мемлекеттік грант иегері атанып, 98 түлек «Алтын белгі», 103 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен қала оқушыларының орташа балы 90,9 құрап, облыс көлемінде ең үздік нәтиже көрсетті.
2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен Қызылорда қаласы түлектерінің 367-і Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда.
Өткен жылы қаламыздың 57 түлегі Ресей Университеттерінің гранттарын жеңіп алды. (12 түлек - Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің, 16 түлек - Мәскеу Энергетика университетінің, 29 түлек - Санкт-Петербург университеті)
Қаламызда 26 мемлекеттік, 206 жеке балабақша, 6 мектепке дейінгі шағын орталықтар жұмыс жасайды.
237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілді.
Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндеріміздің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Қалаға жақын орналасқан елді мекендерден мектептерге қатынап оқитын 641 баланы арнайы көліктер тасымалдайды.
СПОРТ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2050” стратегиялық Жолдауында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жеткізуді тапсырған. Спорт саласына көрсетілген қолдаулардың арқасында қаладағы көрсеткіш 28.8 пайызға жетті.
Төрт жылда бір рет өтетін спорт түрлерінен облыстың олимпиадасы саналатын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы жүлде үшін халықтық ойындарда қала командасы 1-ші орынды иеленді.
Қаламыздың 166 спортшысы Қазақстан құрама командасының мүшелігіне енді.
8 спортшы әлем чемпионаты мен кубоктарында чемпион, 12 спортшы жүлдегер, алтауы Азия чемпиондары, 17 спортшы жүлдегер атанды.
Қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, жыл басынан бері 97 спорттық шаралар өткізілді.
2018 жылы облыстық бюджеттен 35 млн. теңге бөлініп 2 спорттық ойын алаңы, ("Набережный","Мерей" мөлтек ауданы) демеушілер тарапынан 2 алаң салынды. ("Жастар" үйінің ауласы, М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінің жаны). Соңғы екі жылда қаламызда 30-дан астам спорт алаңдары іске қосылды.
МӘДЕНИЕТ
2018 жылы қалада атқарылған ең ауқымды шара - ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ.
Былтыр қала көлемінде 887 мәдени іс-шара өтіп, оның 60-тан астамы қаламыздың 200 жылдығына арналды.
Екі ғасырлық тарихы бар қаламыздың мерейтойын атап өту 2018 жылдың ақпан айында «Тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда!» атты республикалық жас ақындар айтысымен басталды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында бір апталық әртүрлі шаралар қаланың 200 жылдығына арналды.
Орталық алаңда театрлық көрініс, концерттік бағдарламамен қаланың 200 жылдығы салтанатты түрде ашылды. Ұлттық Домбыра күнінде «Сыр сүлейлері» аллеясында 200 домбырашы жалпыхалықтық домбырашылар шеруіне қатысты.
200 жылдық мерейтойдың негізгі мәдени-көпшілік шаралары 2018 жылдың қыркүйек айында өтті.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын аймағымыздың барлық аудандарында атап өттік. Қаламыздың бір топ өнерпаздарымен бірге Байқоңыр қаласында, 7 ауданда Қызылорда қаласының мәдени күндерін өткізіп, өнерпаздарымыз елдің ыстық ықыласына бөленді.
Мерейлі мереке жыл аяғына дейін жалғасып, қорытынды шарада қаламыздың өсіп - өркендеуіне зор үлестерін қосқан, түрлі салада қызмет етіп жүрген, еңбегі сіңген бірнеше азаматтарымыз - Қызылорданың «Құрметті азаматы» атағымен, сала үздіктері номинацияларымен марапатталды.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Қалада жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының саны көбеюде. 2018 жылы қаламызда бір ауысымда 400 адамды қабылдауға арналған емхана ашылды. (Жоба құны - 827 млн теңге.)
Мемлекеттік жеке меншік әріптестікті дамыту мақсатында бүгінгі күні жеке инвестормен Белкөл кентінде, (жоба құны - 158,6 млн теңге) Қараөзек ауылдық округінде (жоба құны - 154,5 млн теңге) дәрігерлік амбулатория құрылыстарын салуға келісім шарт жасалды. Бұл әлеуметтік нысандар биылғы жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Жыл өткен сайын аймағымызда демографиялық өсім қалыптасып келеді, былтыр қаламызда 8 мың 173 сәби дүниеге келді.
*********
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін қаламызда бірқатар жұмыстар атқарылуда.
ЦИФРЛАНДЫРУ бағдарламасымен қалада тұрмыс сапасын арттыру, жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» жобасымен қажетті шаралар жүзеге асуда.
Ақылды үй жобасы аясында "Ипподорм" мөлтек ауданында көп қабатты тұрғын үйлерге демеушілер тарапынан инфрақұрылымын цифрландыруға инженерлік жүйелеріне есептеме қондырғылары орнатылды.
Тұрғындар жаңа технологияларды пайдалана отырып, тұтынып отырған коммуналдық қызметтердің сапасын, шығындарын бақылай алады. Қала көшелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім ордаларының тұстарына светодиодты жол белгілері қойылды. («Дети», «Ограничение максимальной скорости»)
Жібек жолы даңғылындағы жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында лифт орнатылды.
GPS геодезиялық құралы мен ArcGis бағдарламасын қолдану арқылы жер қатынастарындағы заң бұзушылықтарды анықтау 15 күннен 2 күнге дейін қысқарды.
Халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға, мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Wi-Fi тегін интернет желісі «Orda Wi-Fi» жобасы іске асырылды.
Бұл жұмыстармен қатар, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, "ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ" акционерлік қоғамының қаржысы есебінен тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары қойылуда.
100-ден аса көп қабатты тұрғын үйлердің 498 кіреберісіне 996 бейнебақылау орнатылды.
Осы жоба аясында тұрғындар үшін мобильді қосымшалар дайындалды. Барлық ұялы телефондарға жүктеуге, 7 күндік мұрағатты сақтауға мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда бейнебақылау жүйесіне "Астана", "Мерей", "Ипподром", "Сырдария", "Арай-2" мөлтек аудандарындағы көпқабатты үйлер қосылды.
2019 ЖЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫН ЖОБАЛАР ТУРАЛЫ.
Индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыру арқылы тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей басшылығымен, биылғы жылы өңдеуші өнеркәсіп саласында қуаттылығы жылына 197 мың тонна шыны шығару зауыты, қуаттылығы жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдеу зауыты іске қосылып, 400 - ден аса жұмыс орындары ашылады.
Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асуда.
2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауында былтыр басталған 320 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына республикалық бюджеттен – 2 млрд. 173,4 млн. теңге бөлінді.
4 арендалық тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға облыстық бюджеттен 431,9 млн. теңге, 4 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға 391,9 млн теңге қаржы бөлінді.
Сол жағалаудағы жаңа қаланы жылумен жабдықтауға республикалық бюджеттен 700 млн. теңге, сумен жабдықтау, су бұру құрылысына 600 млн теңге, газбен жабдықтау, абаттандыруға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаралды.
Электр қуатымен жабдықтауға - 191,5 млн. теңге, сыртқы газбен жабдықтауға - 76,4 млн. теңге. бөлінді.
Сол жағалауда 7,3 шақырым жоғары қысымды газ құбырын, автоматтандырылған газ тарату станциясын салуға 2018 жылы облыстық бюджеттен 650 млн. теңге бөлінген, осы жұмыстарды жалғастыруға биыл республикалық бюджеттен 294,2 млн.теңге қаралды.
Аталған аумақты, электрмен жабдықтауға өткен жылы 650 млн. теңге бөлінген. Осы жұмыстарды жалғастыруға биыл республикалық бюджеттен 308,6 млн.теңге бөлінді.
Ғани Мұратбаев көшесіндегі жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистралдық көше құрылысына 2018 жылы облыстық бюджеттен 600 млн.теңге қаралған, 2019 жылы осы жұмысты жалғастыруға 1 млрд. теңге қаралды.
Қызылорда қаласында халық саны тұрақты өсіммен сипатталады.
Осы ретте жер алу кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру мақсатында жеке тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, жайластыру жұмыстарына республикалық, облыстық бюджеттен – 1 млрд. 156 млн. теңге бөлінді.
Оның ішінде:
- Қызылорда қаласы Жезқазған трассасының бойындағы 150 га жерге сыртқы электр желілері құрылысына – 162,30 млн.теңге;
- Саяхат мөлтек ауданын электр қуатымен жабдықтау желілері, Қорқыт Ата көшесін электр қуатымен жабдықтау желісіне - 691,1 млн. теңге;
- Саяхат тұрғын ауданы және Әл-Фараби мөлтек аудандарына тас жол құрылысына - 350 млн. теңге бөлінді.
*******
Білім беру мекемелерінің санын арттыру бағытында Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық мектеп құрылысын аяқтауға республикалық, облыстық бюджеттен 816,3 млн.теңге бөлінді.
Сол жағалауда 900 орындық мектептің, "Арай" ықшам ауданында 600 орындық, "СПМК-70" ауданында 600 орындық, Қызылжарма елді мекенінде 900 орындық, "Саяхат" ықшам ауданында 300 орындық, «Әл-Фараби» көшесіндегі №261 мектеп жанынан 150 орындық мектеп ғимараттарын салу үшін жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
"Өңірлерді дамыту - 2020" бағдарламасымен республикалық бюджеттен су жүйесін дамытуға 384 млн. теңге бөлінді.
Бағдарлама аясында Қарауылтөбе, Досан, Наурыз, Талсуат, Бірқазан елді-мекендерін, Сабалақ саяжайын сумен жабдықтау, су бұру жүйесінің құрылыс жұмыстарын жалғастыруға республикалық, облыстық бюджеттерден 1 млрд 82 млн теңге бөлінді.
Жібек жолы даңғылында ұзындығы – 2,5 шақырым болатын, ені 35 метр, жалпы ауданы 87 мың 500 шаршы метр аумаққа салынатын аллея, скверлердің эскиздік жобасы әзірленді. Жоба құны - 591 млн.теңгені құрайды.
«Сыр-ана» кешенінде қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге арналған эскиздік жобасы әзірленді. Жобаның құны - 280 млн.теңге.
Тәуелсіздік даңғылы С.Бейбарыс көшесінен Жібек жолы – «Қызылжарма» каналына дейінгі аралыққа ұзындығы 4,6 шақырым магистральді жол құрылысын жүргізудің сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 2,3 млрд. теңге.
2018 жылдың 5 қазанында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауы жарияланды. Осы құжатта Елбасы үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы көлемін 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Нәтижесінде бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға артады.
Міндеттерді іске асыру барысында қаламызда бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін, ең төменгі жалақы алып жүрген 4 мың 973 қызметкер анықталды.
Олардың жалақысын өсіру мақсатында 2019 жылға республикалық бюджеттен 635 млн. 286 мың теңге қаржы бөлінді.
Елбасымыздың Жарлығымен, 2019 жыл - "Жастар жылы" болып жарияланды.
Қаламызда қазірдің өзінде барлық салада мемлекеттік қызметте, өнерде, кәсіпкерлікте, ғылымда жастарға зор мүмкіндіктер беріліп, сүйікті істерімен айналысуға кеңінен жол ашылуда.
Биылғы жылы қаламызда жастарды қолдау мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылады.
Солардың бірі - жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын "Асқар Жұмаділдаев" атындағы жас математиктерге тағайындалатын сыйлық.
Биылғы жылы жүлде қоры 10 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Нәтижесінде Наурыз айында республикалық деңгейде жас математиктер арасында байқау ұйымдастырылады.
Елбасымыздың Жолдауымен ауылдық жерлердің әлеуметтік ортаны жаңғырту мақсатында республика көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы іске асады.
«Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігі құрылып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі күшейтіледі. Елбасымыздың «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде жаппай мектеп туризмі қайта жаңғыртылады.