GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Лого
Меню
Страницы
Құжаттар
Әкім аппараты
Байланыс ақпарат
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Пресс-центр
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
19 октября 2026
«Е-АРХИВ» АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ОҚЫТУ ӨТТІ
 
 Аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілептің төрағалығымен «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін (Е-архив АЖ) пайдаланушыларға арналған орталықтандырылған онлайн оқыту жұмыстары жүргізілді.
Оқытуға аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің, кент, қала және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының, сондай-ақ аудандық мәслихат аппаратының ведомстволық архивтерге жауапты мамандары қатысты.
Оқыту барысында жүйені баптау және базалық анықтамалықтармен жұмыс істеу, ұйымдарда құжаттарды қалыптастыру, сараптау және бекіту, құжаттарды архивтер арасында беру, өтініш берушілерге қызмет көрсету, қажетті құжаттарды іздеу және есептілік қалыптастыру мәселелері қамтылды.
Оқытудың мақсаты – мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, электрондық құжат айналымын жетілдіру және архивтік құжаттармен жұмыс істеу тиімділігін арттыру.
19 октября 2026
ҚАЗАЛЫЛЫҚТАР ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН САМАТ ОСПАНДЫ КҮТІП АЛДЫ
 
Қазалы жұртшылығы грек-рим күресінен ардагерлер арасында өткен Әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем еткен жерлесіміз Самат Оспан Қобыландыұлын салтанатты түрде күтіп алды.
Иорданияның Амман қаласында өткен дүбірлі додада 62 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз қарсыластарынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанған болатын.
Чемпионды күтіп алу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев қатысып, аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Самат Қобыландыұлының халықаралық аренадағы жеңісі Қазалы ауданы үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтіп, спортшыға зор денсаулық, отбасына амандық және алдағы жарыстарда толағай табыс тіледі.
Айта кетейік, Самат Қобыландыұлы №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде грек-рим күресінен жаттықтырушы болып еңбек етеді. Бұған дейін де Әлем чемпионаттарының үш мәрте жүлдегері атанған тәжірибелі спортшы бұл жолы чемпиондық тұғырдан көрінді.
Жерлесіміздің жарқын жеңісі – табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі, жас спортшыларға үлгі боларлық үлкен жетістік.
Әлем чемпионы атанған Самат Қобыландыұлын шын жүректен құттықтаймыз! Көк туымызды биікте желбіретіп, Қазалының абыройын асқақтата беріңіз!

 

10 октября 2026
Аудан әкімі білім және медицина саласының ардагерлерін 80 жас мерейтойларымен құттықтады
 
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов білім беру саласының ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Тілек Махамашұлы мен медицина саласының ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Болат Қабылұлы Сәдуовті 80 жасқа толу мерейтойларымен құттықтады.
Қабылдауда аудан басшысы қос ардагердің елге сіңірген еңбегіне тоқталып, олардың саналы ғұмырын білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне арнағанын атап өтті.
«Қасиетті Қазалының өсіп-өркендеуіне әр кезеңде аянбай еңбек еткен азаматтардың орны ерекше. Сіздер ұзақ жылдар бойы білім беру және денсаулық сақтау салаларында абыройлы қызмет атқарып, халықтың алғысына бөлендіңіздер. Зейнет жасына жеткеннен кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, елдің бірлігі мен ауылдың ынтымағын нығайтуға үлес қосып келесіздер. Өмір жолдарыңыз бен өнегелі істеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі. Сіздерді мерейлі 80 жасқа толған мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, абыройларыңыз асқақтай беруіне тілектеспін!» – деді аудан әкімі.
Жиын барысында мерейтой иелеріне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауы табысталып, қазақы дәстүрге сай шапан жабылып, гүл шоқтары мен сый-құрмет көрсетілді.
Салтанатты қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, Қазалы аудандық «Білім беру саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Қуанышбай, медицина саласының ардагері Алданазар Табынов және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Тілек Махамашұлы еңбек жолын құрылыс саласында бастап, кейін бар ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Ол 1972 жылы туған жері Аранды ауылындағы №97 мектепке мұғалім болып орналасып, 1973 жылдан 1996 жылға дейін осы білім ордасын басқарды. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде ел игілігіне қызмет етті. 2025 жылы ауданның дамуына қосқан үлесі үшін «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Жұбайымен бірге 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер бүгінде 26 немере мен 21 шөберенің қызығын көруде.
Болат Қабылұлы еңбек жолын 1969 жылы Бекарыстан би ауылдық ауруханасында дәрігер-стоматолог болып бастаған. 1984-2009 жылдары осы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосты. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметін жалғастырып, 2009-2023 жылдары ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Көп жылғы еңбегі мен қоғамдық қызметі үшін бірқатар марапатқа ие болып, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Жұбайымен бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер бүгінде 23 немере мен 4 шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Жиын соңында мерейтой иелері көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ел мен жердің амандығын тіледі.
10 октября 2026
Аймақта жылу беру маусымы басталды

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына орай өңірлердегі жағдайды баяндады.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.
«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін. 
Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мәжілісте цифрландыру бағыты бойынша ІТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандарды, сарапшыларды тартып, кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу, экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.
Озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, үздік жобаларды енгізуге және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға барлық басқарма, қала және аудан әкімдіктері қатысуы қажет.
Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр. 
Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған. 

Қызмет бағыты
ЦифрландыруТКШ
28 сентября 2026
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері, мәслихат төрағалары онлайн байланыс арқылы қосылды.
Сессия басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жүргізіп, күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Атап айтқанда, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын, тұрғынжай реновациялау бағдарламасын, облыс әкімдігі жанындағы cәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын бекіту, облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы өңірдің негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
«Қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қамтамасыз етіліп, аймағымыз республикада алдыңғы қатардан көрінді. Қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биылға 789 млрд. 200 млн. теңге инвестиция тарту жоспарланды.
Жыл басында облыс бюджеті 705 млрд. 548 млн. теңге көлемінде бекітіліп, нақтылаудың нәтижесінде 811 млрд. 467 млн. теңгеге жетті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «КазАтомӨнеркәсіп» компаниясымен облыс аумағында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, Жаңақорғанның Ақжол ауылында 150 орындық клуб, Жаңақорған кентінде емхана және Шиелі ауданының Бәйтерек ауылында заманауи спорт кешені салынуда. Аталған жобаларға «КазАтомӨнеркәсіп» есебінен 1 млрд. 677 млн теңге бөлінуде», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабек, облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Е.Бәкіров, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А.Әнуар, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Б.Ідірісов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Мұхамедияров баяндама жасады.

28 сентября 2026
Қызылордалықтар республикалық форумда марапатталды

Астанадағы Президент орталығында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» атты республикалық форум өтті.
Еске салайық, елімізде Еңбек күні 2013 жылдан бері атаулы күндер қатарында. 
Бұл форум түрлі салада ел игілігіне адал қызмет етіп, өнегелі ісімен көпке үлгі болып жүрген еңбек адамдарын кеңінен насихаттауға бағытталады. 
Аталған шараға Сыр өңірінің делегациясы да қатысып, арнайы номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясын қызылордалық Абдрахмановтар әулеті алды. Бұл әулеттің төрт буыны теміржол саласында еңбек етіп келеді, жалпы еңбек өтілі 318 жыл. Салаға сіңірген еңбек жоғары бағаланып, әр жылдары әулет мүшелері «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек даңқы» ордендеріне, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен қырық жылдан
астам «Жаңа жол» ЖШС механизаторы болып еңбек еткен Талғат Байымбетов, 31 жыл бойы «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-ның тас қалаушысы Мырза Малкенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

28 сентября 2026
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Қазалы ауданындағы тұқымбақ жұмысымен танысты

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровпен бірге Қазалы ауданына барды. 
Сапар барысында Қазалы қаласындағы жақында іске қосылған орман тұқымбағының жұмысымен танысты. 
Аталған жоба Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен 440 млн теңгеге жүзеге асырылған. 
Аумағы 33,5 гектар тұқымбақта 16 арнайы техника бар. Қара сексеуіл, жапырақты және жеміс дақылдары, үйеңкі секілді ағаш түрлері өсіріліп, қорғаныш жасыл белдеу жасау жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазір тұқымбақта 45 адам жұмыспен қамтылған. 
Бұдан кейін Қазалы қаласындағы республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының тұқымбағы таныстырылды. 
Жалпы ауданы 32 гектар тұқымбақтың 17 гектары орманмен қамтылған. Ал 15 гектары жайылымдық жер ретінде пайдаланылуда. Мұнда жылына 1-1,5 млн дана көшет өсіріледі. Сондай-ақ, таулы аймақтарға тән айлант, катальпа, туя секілді 10 түрлі ағаш көшеттері жерсіндіріліп, бес түрлі жеміс ағашы да өсірілуде. Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызылатын сексеуіл көшеттері де осы жерде дайындалады. Биыл тұқымбақта сексеуіл көшетін егу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мұнда 41 адам жұмыспен қамтылған. 

11 сентября 2026
Сессияда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер баяндалды
 

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 62 сессиясы өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш ашып, жүргізіп отырды.

Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбай, облыстық мәслихат депутаттары Ибайдулла Тілеп, Нұрлан Имандосов, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, білім, теміржол мекемелерінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселе аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі болды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы жыл басынан бергі аудан экономикасының әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы негізгі жоспарларға тоқталды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне деген айрықша қолдауының арқасында, аймағымызды 4 жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда. Бүгінде аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі.

2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 млрд. теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 18,9 млрд. теңгеге нақтыланды. Ауданның өз кірістерінің жоспары 4 млрд 269,0 млн. теңге болып бекітілді. Бүгінгі күнге жоспар 99,3 млн. теңгеге ұлғайтылып, 4 млрд. 362,0 млн. теңгеге нақтыланды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 2026 жылдың 7 айында оң тенденция сақталды. Өнеркәсіп өндірісі – 126,5, өңдеу өнеркәсібі – 129,9, сауда – 100,7, ауыл шаруашылығы – 104,3, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 103,6, құрылыс жұмыстарының көлемі – 115,4, тұрғын үй құрылысы – 102,0 пайызға артты. Жыл басынан бері ауданда Қазалы теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынды. Бекарыстан би, Қожабақы ауыдлдары мен Әйтеке би кентінде заманауи жаңа спорт кешендері ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін берілетін 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Халықты сапалы инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша аудан халқы 100 пайы зтаза ауыз сумен қамтылды. Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарына көгілдір отын жеткізіліп, биыл жыл соңына дейін төрт ауыл көгілдір отынның қуанышына кенелетін болады. Бұдан бөлек, Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистралдық газ құбырын тарту жоспарлануда. Ақсуат ауылына АГРС станциясы салу және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне ауылішілік газ құбырын тарту жобасы да жоспарымызда бар. Жоба құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыру үшін бюджет көздері қарастырылуда. Елді мекендердегі электр желілерін қайта жаңғырту бойынша Қазалы қаласы, Қожабақы, Ү.Түктібаев ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртылса, алдағы уақытта Жалаңтөс батыр мен Қ.Пірімов ауылдарының электр желілері жаңғыртылатын болады. Бүгінгі таңда аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі – Қарлан көпірінің құрылысыда қарқынды жүргізілуде. Әрине, мұнан бөлек білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және басқа да салалардың барлығында да көрсетілген қолдау мен елдің ауызбіршілігінің нәтижесінде ауқымды жұмыстар атқарылуда, - деді аудан әкімі.

Сессия отырысында аудандық мәслихат депуттаттары ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осындай аудан халқының игілігіне бағытталған ауқымды жобалардың жүзеге асуына тілектестіктерін білдірді.

Басқосу соңында Алмасбек Әбілқасымұлы ел ішіндегі жасалып жатқан нәтижелі жұмыстар аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе атқарғандықтың нәтижесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта да елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан реформаларды қолдауға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды ауызбіршілікпен бірлесе атқаруға шақырды.

11 сентября 2026
Облыстық тексеру комиссиясының құрылғанына 15 жыл толды

Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының 15 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Оған мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, Жоғары аудиторлық палатасы жоспарлау, сертификаттау және әдіснама департаменті директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева, еліміздің барлық өңірінен келген тексеру комиссияларының төрағалары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы мемлекеттік аудит саласының бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында қаржы тәртібі мен бюджет қаражатының ашықтығы қоғам сенімінің негізі екенін айтып, қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қатаң тапсырып келеді. Әрбір теңге халықтың игілігіне бағытталып, тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Бүгінде мемлекеттік аудит органдары жазалаушы емес, бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға ықпал етіп, тәуекелдерді алдын ала анықтап, әріптестік қызмет атқаруда. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы өңірде мемлекеттік ресурстардың тиімді әрі мақсатты пайдаланылуына зор үлес қосып келеді.
Мерейлі мерекеге орай салада қызмет атқарған ардагерлер мен мамандарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қажымас қайрат тілеймін!» – деді облыс әкімі.
Шарада бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев сөз сөйлеп, әріптестерін құттықтады.
Өңірде мемлекеттік аудитпен қамтылған қаржы көлемі 2025 жылы 2 трлн теңгеден асып, 2012 жылмен салыстырғанда 3 есе өсті. Тексеру комиссиясы заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар, оның алдын алуға басымдық береді. Әдістемелік және тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде бюджеттік ұйымдардың қаржылық сауаттылығы артып, кемшіліктер азайған.
Тексеру комиссиясының 15 жылдығы – өңірдің қаржылық бақылау жүйесінің дамуындағы маңызды белес. Осы уақыт ішінде комиссия кәсібилік пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, ауқымды жұмыс атқарды.

10 сентября 2026
ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРАСЫМЫ
 

Отбасы күні қарсаңында «Отбасы орталығында» тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар той», «Алтын той», «Лағыл той», «Інжу той», «Күміс той» белестеріне жеткен өнегелі отбасылармен және жас шаңырақ иелерімен жүздесті.

Жиында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызы жөнінде тағылымды әңгіме өрбіді. Ғибратты ғұмыр иелеріне құрмет көрсетіліп, олардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі ретінде насихатталды.
Тағылымды кездесуге Қазалы ауданынан отау құрғандарына 50 жыл толған Алтын той иелері – Қожаниязовтар отбасы да қатысты.
Жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен Сағындық Қожаниязұлы мен Ұлзира Нұрмаханқызының өмір жолы – адал еңбек пен отбасылық татулықтың жарқын көрінісі.
Сағындық Қожаниязұлы 1951 жылы 25 сәуірде Арықбалық ауылында дүниеге келген. Өмірлік жары Ұлзира Нұрмаханқызымен шаңырақ көтергеннен кейін бар ғұмырын ұстаздық еңбекке арнады.
Еңбек пәнінің мұғалімі ретінде ауыл балаларына түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар берді. Адал еңбегі мен абыройлы қызметінің арқасында ел-жұрттың сый-құрметіне бөленді. 2014 жылы ұзақ жылғы еңбек жолын абыроймен аяқтап, зейнет демалысына шықты.
Ал Ұлзира Нұрмаханқызы ауылдағы балабақшада ұзақ жыл еңбек етіп, бүлдіршіндердің тәрбиесі мен күтіміне жауапкершілікпен қарады. Бала тәрбиесін басты міндеті санаған Ұлзира апай 2012 жылы зейнетке шықты.

Бір-біріне әрдайым сүйеу болып, өмірдің талай белесін қол ұстасып өткерген қос ардагердің шаңырағы бүгінде берекелі әулетке айналған.

Бүгінде алтын той иелері –3 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана, 7 немеренің сүйікті ата-әжесі.

Социальные сети
Facebook
Instagram
Youtube
Вконтакте
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы