Жеке кабинет – зейнетақы жинағыңызды бақылаудың ең қолайлы тәсілі

 

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) берілетін төлемдердің мөлшері тұрақты әрі толық көлемде аударылатын жарналардың сомасына тікелей байланысты. Жеке шоттарға ай сайын аударылып отыратын жарналар инвестициялық табыс есебінен көбейеді. Сонымен қатар, олар 1998 жылдан бергі еңбек өтілін растайтын маңызды көрсеткіш болып саналады. Бұл өтіл зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімінің ұзақтығын, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен төленетін базалық зейнетақының мөлшерін есептеу үшін қажет.

БЖЗҚ зейнетақы жарналарының дұрыс және толық аударылуын, әсіресе, жарналар жалақыдан ұсталып отырған жағдайда жіті қадағалаудың маңыздылығын ескертеді. Мұндай бақылау азаматтарға өз жинақтарының дұрыс қалыптасып жатқандығына көз жеткізіп, болашақта лайықты зейнетақы алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде БЖЗҚ-да жеке шоты бар әрбір азаматқа enpf.kz ресми сайтындағы немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинетке еш қиындықсыз кіруге болады. Қызметтің бұл түрі арқылы жинақтардың жай-күйін бақылап, жеке шот бойынша жасалатын барлық операциялар туралы өзекті ақпаратты жедел ала аласыз. Жеке кабинетке тіркелу үдерісі өте қарапайым және мұндай қызмет түрімен алғаш рет танысып отырған жандар үшін де қолайлы.

 

 

 

Дата публикации
12 мая 2025