Әрбір елдің бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекет болып қалыптасуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі және оның дамуының өзегі – адам ресурстары болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдында тұрған басты стратегиялық міндеттердің бірі – мемлекеттік басқару ісіне жоғары моральдық жауапкершілікке ие, талантты әрі кәсіби білімді азаматтарды жұмылдыру болып табылады.
Қазіргі әлемдік жетекші елдердің тәжірибесін талдап және зерделей отырып, мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделі айтарлықтай белсенді дамуда.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы
17 шілдедегі №602 Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
(бұдан әрі – Тұжырымдама) мен Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді.
Жаңа Тұжырымдама «Ең алдымен адамдар» қағидасы негізінде мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталып отыр.
Тұжырымдамада мемлекеттік басқарудағы командалық-әкімшілік тәсілдерден бас тартып сервистік модельге көшу, әкімшілік рәсімдерді түбегейлі трансформациялау және цифрландыру бойынша қабылданатын шаралар нақты көрсетілген.
Қазіргі таңда, мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру процесін жеңілдетуге, бюрократияны қысқартуға және кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізуге бағытталған жаңашылдықтар енгізілді.
Қазіргі әлемде мемлекеттік және жеке секторлар үшін басым міндетке айналған адам ақыл-ойы мен таланттарды іздеу үшін күрес белсенді дамып келеді.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету мақсатында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындалу бойынша 2023 жылы қабылданған белгілі нормаларға сәйкес жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант есебінен үздік аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнамалардан ешқандай тест тапсырмастан конкурстан тыс тағайындала алады.