«Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысымен бекітілді.
Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп келеді.
Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 2025 жылы 92,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушыларының арасында «Үздік оқытушы-2025» облыстық байқауы өтті. Байқау қорытындысымен жеңімпаз деп танылған Орталықтың мемлекеттік тіл оқытушысы Г. Сембиева Қарағанды қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Сондай-ақ, жоба аясында жергілікті журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы өтіп, жеңімпаздардың материалдары республикалық байқауға жолданды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жылдығына орай «Абай - дана, Абай-дара қазақта» атты облыстық байқау өткізілді. Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан 8 топ қатысты. 5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Достық үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік шара, «Көрнекі ақпарат мәселелері» атты республикалық семинар ұйымдастырылды. Семинарға А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Әлеуметтік лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Г. Исаева қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Семинар барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы, қызметі, осы бағыттағы бірқатар заңнамаларға енгізілген толықтырулар туралы сөз қозғалды.
Алдағы уақытта «Этно quiz» ұлттық - танымдық интеллектуалды сайысын өткізу жоспарлануда.
Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 2025 жылдың қараша айының екінші онкүндігінде «Ақпараттық-талдау» орталығы арқылы жүргізілетін әлеуметтік сауалнама нәтижесі арқылы шығарылатын болады. (2024 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 99,7% құрады).
Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесін 98,6 пайызға жеткізу жоспарланған. Тоқсан сайын жергілікті басқармалар мен аумақтық департаменттерден құжатайналымы туралы мәлімет жинақталып отырады. 3-тоқсанның қорытындысымен бұл көрсеткіш 99,5 пайызды құрады.
Жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер санын 2025 жылға 1000 адамға жеткізу жоспарланды.
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ, жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Қазіргі таңда 775 адам мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтті. Жыл соңына дейін қалған 225 адам оқыту курсынан өтетін болады.