2026 жылға арналған жұмыс жоспары
Жылумен қамту бойынша
Облыс бойынша 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасап тұр.
2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымын тұрақты және іркіліссіз өткізу мақсатында, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-на газ отынын сатып алуға 375 млн.тг субсидия берілді.
Жылу желілерін жаңғырту бойынша бюджеттен 6 жобаны іске асыруға 2025 жылы бөлінген 3,6 млрд. теңге қаржыға 7,9 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Аталған жобалар 2026 жылға өтпелі.
Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі
2 пайызға төмендеді (42% дан 40% дейін).
2026 жылы аталған 6 жобаны толығымен аяқтауға республикалық бюджеттен 3,6 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылы жобаларды толығымен аяқтап, қабылдау жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №1102 қаулысымен бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында «Қызылорда қаласы БК-63-тен Қорқыт ата көшесі №136, 134, 136А, 136Б, 38А, 38Б, 140, Төле би көшесі №139, 141, 141А, 141Б,137, 145, 114 тұрғын үйлеріне, № 217 ОМ және № 6 емханасына дейінгі тоқсанаралық жылу желілерін реконструкциялау» жобасын жүзеге асыруға ұсынылған болатын. Қазіргі таңда қаржылық оператор тарапынан ескертпелер беріліп, ескертпелерді жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Абаттандыру жұмыстары
2026 жылға облыстық бюджеттен Қызылорда қаласында Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту (Қайта түзету) жобасы бойынша жұмыстарды аяқтауға 4,2 млрд.теңге бөлінді.
Сонымен қатар, мемлекеттік жекешелік-әріптестік тарапынан «Қызылорда облысы, Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» және «Қызылорда қаласының сыртқы жарықтандыру жүйелерін реконструкциялау, қызмет көрсету және күтіп-ұстау» жобалары бойынша жұмыстарды жалғастыруға 2026 жылға облыстық бюджеттен 3,7 млрд.теңге қаржы бөлінді.
Ыстық сумен қамту бойынша
Мемлекет басшысының өңірімізге жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берілген болатын. Осыған орай, жалпы құны – 26,2 млрд.теңгені құрайтын 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жобалар 2 кезеңмен іске асырылуда.
Бірінші кезең аясында 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі №327 қаулысына сәйкес Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін салу үшін Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 186 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталды.
Екінші кезең бойынша 2025 жылы Үкімет резервінен «Ақмешіт» және «Мерей» шағын аудандарындағы 61 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталған.
2025 жылы 176 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Арнайы мемлекеттік қордан 10,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 176 тұрғын үйде пәтерлерге дейін ыстық су жүйелерін жүргізу жұмыстары жалғасуда.
Газбен жабдықтау бойынша 2026 жылға жоспар:
10 елді мекенді (Ақжарма, Қамыстыбас, Төребай би, Иркөл, Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Түктібаев, Майдакөл, Шіркейлі, Қоғалыкөл) табиғи газға қосу жұмыстарын жүргізу;
Тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды тұрақты қатты отынмен қамтамасыз ету;
Көппәтерлі тұрғын үйлерді авариялық және пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және күрделі жөндеу бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту және жүзеге асыру.