Мемлекеттік органдардың және жобалау қызметіне басқа да қатысушылардың жобалық жетілуін айқындау құралдарының бірі «Qazaqstan Project Management AWARDS - 2023» жобалық басқару жөніндегі Ұлттық конкурс болып табылады.
Ұлттық конкурсқа мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор ұйымдары, бизнес-қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен ЖОО-дар қатысады.
Ұлттық конкурс өз қызметіне жобалық менеджменттің әдістері мен құралдарын белсенді енгізетін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қолдау көрсетуге арналған және ұйым қызметкерлерінің көшбасшылық пен жаңа құзыреттерді дамытуға уәждемесін арттыруға бағытталған. Айта кетсек, аталған конкурстың алғашқы басталған кезеңінде жобалық басқару саласындағы үздік практикаларды енгізуге байланысты 2021 жылғы өткізілген Ұлттық конкурста «Жылдың үздік жобасы» номинациясында Қызылорда облысы 2 орынды иемденді.
«Qazaqstan Project Management AWARDS - 2023» Ұлттық байқауына өтінім беру 2023 жылдың 1 маусымынан басталады және «Үздік жобалық кеңсе», «Үздік жоба» және «Үздік жобалық менеджер» номинациялары бойынша өтеді. Сондай-ақ, «Үздік гендірлік жоба», «Үздік жоба-балаларға қолайлы», «Үздік PM –жаттықтырушы (консультант)» номинациялары шеңберінде арнайы сыйлықтармен марапатталатын жеңімпаздар айқындалады. Әр номинацияда «алтын», «күміс» және «қола» жеңімпаздары анықталады.
Қорытындылау 2023 жылғы 14-16 қыркүйекте Digital Bridge халықаралық форумының алаңында жүргізіледі.
Қызылорда облысы әкімдігінің жобалық офисі Ұлттық конкурсқа белсенді қатысуға шақырады және конкурсқа ұсынылған жобаларды әзірлеуге, рәсімдеуге, ұсыну тәртібіне қатысты мәселелер бойынша толықтай сүйемелдеу жасайды.
Барлық сұрақтар бойынша облыстық жобалық офис қызметкерлеріне хабарласыңыздар. Байланыс телефоны: 60-53-77.