GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Басқарма туралы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
23 октября 2026
Сыр өңіріндегі инвестициялық жобалар KGIR -2026 алаңында марапатқа ие болды

Бүгін Шымкент қаласында IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. 
Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор, бизнес өкілдері жиналған халықаралық іс-шарада Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосқан «Aksa Energy Qyzylorda» және «Fabe agro» серіктестіктері марапатталды.
Форумда инвестициялық әлеуетті, экономиканы дамытудың басым міндеттеріне назар аударылды. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайыз өсіп, 300 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына жарты триллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған.
Инвестициялық саясаттың негізгі бағыты – озық технологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу және шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру. Сонымен қатар өңдеу және химия өнеркәсібін, тамақ өндірісін, машина жасау саласын, агроөнеркәсіп кешені мен агроөңдеуді дамытуға, IT инфрақұрылымды жетілдіруге, жоғары технологиялық қалалар салуға басымдық беріліп отыр.
Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында «Aksa Energy Qyzylorda» жылу электр орталығы мен «Fabe agro» заманауи жылыжай кешені бар.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында құрылысына 215 млрд теңге инвестиция салынған жаңа жылу электр орталығы пайдалануға берілді. Орталық 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Қаланың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындар мен кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Ал «Fabe agro» серіктестігінің заманауи жылыжай кешені жобасы агроөнеркәсіп саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және су, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Жергілікті тұрғындарды жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніспен қамтуға, баға тұрақтылығын сақтауға және отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.
KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжат рәсімделді. Олардың қатарында инвестициялар туралы келісімдер мен меморандумдар бар. 
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен Apex Packaging бас директоры Аңсар Мұқашев сомасы $8,8 млн болатын полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаны «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарлануда. 
Зауыт іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны құрылады, жылына 25 млн дана қапшық пен 1,5 млн дана биг-бэг өндіріледі.

22 октября 2026
Қызылорда облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Қызылорда облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді.

Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында 2026 жылғы
17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Қызылорда облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда нысандарының тізімі

«Republic Day» республикалық акциясы

1. «Aray city mall» СОС - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 13 А.
2. «Жібек жолы» СОС - Қызылорда қ., Жанқожа батыр көшесі, № 1.
3. «Байұзақ Плаза» СО - Қызылорда қ., Т. Рысқұлов көшесі, № 16.
4. «Ағжан» СҮ- Қызылорда қ., А. Тоқмағамбетов көшесі, № 16.
5. «Aizada Plaza» СҮ- Қызылорда қ., Қазыбек би көшесі, № 25.
6. «ADS Plaza» СҮ- Қызылорда қ., Қорқыт Ата көшесі, № 12.
7. «Отырар» СҮ- Қызылорда қ., Әйтеке би көшесі, № 1.
8. «Айтбек» СҮ- Қызылорда қ., И. Тоқтыбаев көшесі, № 7.
9. «Modnica» СҮ- Қызылорда қ., М. Әуезов көшесі, №1.
10. «Luxury mall» СҮ- Қызылорда қ., А. Байтұрсынов көшесі, № 46.
11. «Модный рай» СҮ- Қызылорда қ., М. Шоқай көшесі, № 42.
12. «Фристайл» СҮ- Қызылорда қ., М. Шоқай көшесі, № 21.
13. «Дәстүр» СҮ- Қызылорда қ., Жүнисова көшесі, №6.
14. «Ақтілек» СҮ - Тереңөзек кенті, Қ. Бөдеев көшесі, № 13.
15. «Айнұр» СҮ - Тереңөзек кенті, Қ. Бөдеев көшесі, № 23/а.
16. «Қарабура» СҮ - Жаңақорған ауданы, С. Сапарбеков көшесі № 108.
17. «Береке» СҮ - Жаңақорған ауданы, М. Кекенов көшесі, № 71.
18. «MARLEN» СҮ - Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Әйтеке би көшесі №82.
19. «Адина» СҮ - Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Сексенбаев көшесі н/з.
20. «Ботакөз» СҮ - Жосалы кенті, Амангелді көшесі н/з.
21. «Планета» СҮ - Шиелі ауданы, А. Байтұрсынов көшесі н/з.
22. «Bereke mega» СҮ - Шиелі ауданы, Абылай хан көшесі № 2.
23. «Аминок» СҮ - Жалағаш ауданы, Абай көшесі 41.

«Bereke Fest» республикалық акциясы

1. «Magnum» СЖ - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 13 А.
2. «Small» СЖ - Қызылорда қ., Н. Назарбаев даңғылы, № 20.
3. «Қызылорда оптомаркет» СЖ - Қызылорда қ., Ғ. Мүсірепов көшесі, № 21.
4. «Радуга» сауда желісі СЖ - Қызылорда қ., Қазыбек би көшесі, № 25.
5. «Анвар» СЖ - Қызылорда қ., Қ. Яссауи көшесі, № 23.
6. «Azhar city» СЖ - Қызылорда қ., Қараманов көшесі, № 96.
7. «Сымбат» СЖ - Арал ауданы, Бақтыбай батыр көшесі № 45.
8. «Green» СЖ - Арал ауданы, Әбілқайыр хан көшесі № 35.

12 октября 2026
Қала күнінде Қызылордалықтар қоныс тойын тойлады

Бүгін Қала күніне орай Қызылорданың сол жағалауында 168 пәтері бар 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мерекелік салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтайының дептутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Қазіргі уақытта сол жағалауға 25 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Мұнда 136 көпқабатты тұрғын үй, 20 әлеуметтік және 13 ірі бизнес нысаны орналасқан. Тағы 48 нысан салынып жатыр.
Аймақ басшысы екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда топырағында ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары тағдыршешті қадамдарға барып, болашаққа бағдар жасағанын атап өтті.
«Қаламыздың бүгінгі жаңаруы мен көркеюі – сол тарихи сабақтастықтың жалғасы. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, заманауи нысандар ел игілігіне берілуде.
Өңір экономикасының қуатын арттыратын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай игі шаралардың жалғасы ретінде бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 12 мың шаршы метр болатын 168 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаймыз.
Бүгін – Мемлекет басшысының қолдауымен баспаналы болып жатқан әрбір отбасы үшін айтулы күн. Меншікті үй – бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын! Әрбір отаудан бүлдіршіндердің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін! Қоныстарыңыз құтты, ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
​Жиында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
​ҚР Құрылтайының депутаты Серік Салауатұлы, қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы құттықтау сөз сөйледі.
​Кейінгі төрт жылда өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 625 пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адам баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін тағы 1 950 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
​Сол жағалаудың жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақында Иса Тоқтыбаев көшесінен осы шағын ауданға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталды.

01 октября 2026
Аймақ басшысы Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде Бәйгеқұм және Еңбекші ауылдарының тұрғындарымен кездесті.Онда елді мекендердің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамыту,халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Ауылдық округтерде көшелерге асфальт төселген, аяқсумен қамтылған және жарықтандырылған. Тұрғындар мал ұстайды, кәсіпкерлікпен айналысады.
Кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Аймақ басшысы Бәйгеқұм ауылындағы учаскелік полицияның жаңа пунктінің жұмысымен танысты. Нысанды демеушілік қаражат есебінен 22 млн теңгеге «Сәт-Сервис» серіктестігі салып, қыркүйек айында пайдалануға берілген.
Бұл ауылда 2330 тұрғын бар. Учаскелік полиция пунктінің ашылуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Одан кейін облыс әкімі «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігінің қаржыландыруы есебінен 1,2 млрд теңгеге салынып жатқан 4,3 шақырым «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолының құрылысын көрді. Бас мердігер «Орда АвтоДор» ЖШС қолға алған құрылысты авторлық қадағалауға «Димаш-Сервис», техникалық қадағалауға «Опора Строя» серіктестіктері жауапты. Қайта жаңғыртудан өткен жол Еңбекші ауылы тұрғындарының көлік қатынасын жайлы етеді.
Шиелі кентіндегі жол жөндеу жұмыстары, мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер мектебі де назардан тыс қалмады. Биыл Қожа Ахмет Яссауи, Бәкіров және Есабыз көшелерін, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 544,6 млн теңге, аудандық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
№9 Шиелі аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі күрделі жөндеуден өткен. Жалпы 249,9 млн теңге бөлінген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде мектеп ғимараты жаңартылып, спортшылар мен жаттықтырушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Айта кету керек, Шиелі ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325,9 шақырым болса, оның 80 шақырымы республикалық, 100,5 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар санатында.
Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 138,1 шақырымы (94,9 пайыз) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал облыстық және республикалық маңызы бар жолдар 100 пайыз асфальтталған.

30 сентября 2026
Алдағы жылдарға жоспарланған ауқымды жобалар талқыланды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен кездесіп, алдағы жылдарға жоспарланған ауқымды жобаларды жан-жақты талқылады.
Аймақта әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, газдандыру, сумен және электрмен жабдықтау, жол, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салалары қамтылады.
Қызылорда қаласында жалпы құны 114,4 млрд теңге болатын 104 жаңа жоба әзірленді. Негізгі бағыттар – тұрғын үй, жол және көпір құрылысы, сумен және кәрізбен жабдықтау, газдандыру, абаттандыру, жарықтандыру және көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту.
Арал ауданында 194,3 млрд теңгенің 8 жобасын іске асыру жоспарланған. Олар өңдеу өнеркәсібі, логистика, жол бойындағы сервистік қызмет, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын өркендетуге бағытталған.
Қазалы ауданында 48,4 млрд теңгенің 52 жобасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Білім беру, газ және жылумен жабдықтау, кәріз жүйесі, автомобиль жолдары, электр желілері және ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға арналған. Сонымен қатар 5,9 млрд теңгенің 5 жобасы әзірлену сатысында.
Қармақшы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 22 млрд теңгенің 16 жобасын іске асыру мақсаты қойылған. Жобалар ауыз сумен қамту, электр және газ желілерін жаңғырту, жол және әлеуметтік нысандар салу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мал шаруашылығын дамыту бағыттарын қамтиды. 
Жалағаш ауданында 16 млрд 531 млн теңгенің 33 жобасы межеленіп отыр. Негізгі бағыты – газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды жөндеу және абаттандыру.
Сырдария ауданы 26,5 млрд теңгенің 32 жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінімдер ұсынған. Білім беру, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды жөндеу және абаттандыру жобалары алдағы жылдардың жұмыс бағытын айқындайды.
Шиелі ауданында 42 млрд. 898 млн теңгеге бағаланған 98 жоба бойынша бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Білім беру, газдандыру, электрмен жабдықтау, жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарға қатысты жобаларды жүзеге асыру межеленіп отыр.
Жаңақорған ауданында жалпы құны 607,8 млрд теңге болатын 8 ірі инвестициялық жоба көзделген. Олардың қатарында жеміс-көкөніс сақтау және өңдеу кешені, күн-электр станциясы, цемент зауыты, тауарлы сүт фермасы, Шалқия кен-байыту фабрикасы және полиметалл кен орындарын игеру жобалары бар.
Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, өндірістік және инвестициялық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.

29 сентября 2026
Арал аймағының экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар таныстырылды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Арал ауданындағы Көкарал бөгетіне барып, облыстың су шаруашылығының қазіргі жағдайымен танысты.
Бүгінгі мәлімет бойынша Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы су көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Шардара су қоймасына секундына 193,9 текше метр су түсіп, 999 млн текше метрге жетті. 
Ал Шардарадан төменгі ағысқа секундына 200 текше метр су жіберілуде. Соның нәтижесінде 217 текше метр су келіп жатыр. 
Облыс аумағындағы негізгі су тораптарында да су өткізу көлемі артқан. Мәселен, Қызылорда су торабынан төменге секундына 250 текше метр, Әйтек су торабынан 235 текше метр, Қазалы су торабынан 200 текше метр және Ақлақ су торабынан 150 текше метр су жіберілуде. Ал Арал теңізіне секундына 150 текше метр су түсіп жатыр. 
Әрі қарай делегация тікұшақпен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізілген жұмыстарды көрді. 
Құрғаған табаннан көтерілетін тұзды шаңның қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында Қазақстан бөлігінде бірнеше жылдан бері орман отырғызылып келеді. Мәселен, 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 192,8 мың гектар жер игерілген. Оның ішінде 1991-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен 119,7 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Халықаралық ұйымдар да қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Халықаралық Аралды құтқару қоры есебінен 1,1 мың гектарға, Германия ынтымақтастық ұйымы арқылы 1,3 мың гектарға, Қазақстан және Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 57,4 мың гектарға, Оңтүстік Кореяның қайтарымсыз қаржысы есебінен 13,3 мың гектарға орман отырғызылды. Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2021-2026 жылдары 1,1 млн гектар алқапқа фитоорманмелиорация жүргізілді. 
Экожүйені қалпына келтіру мақсатында «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қаржыландыруы есебінен 500 метр тереңдіктен екі тұщы су ұңғымасы қазылып, іске қосылды. Қазіргі таңда ұңғымалардан шыққан су жайылған аумақта шөптесін өсімдіктер пайда болып, табиғи орта қалыптаса бастаған. Жабайы аңдар мен құстар көбейген.
Алдағы уақытта №1 су ұңғымасы орналасқан 15 гектар аумақта орман тұқымбағын құру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, министр сапары Қызылорда қаласындағы қайта жаңғыртылған Президент саябағы мен Ботаникалық бақта жалғасады. 

28 сентября 2026
Қызылорда қаласын аяқсумен қамту мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда Қызылорда қаласын аяқсумен қамтудың және суару жүйесінің қазіргі жағдайы, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.
«Су ресурстарына толық талдау жүргізіп, қалаға қажетті көлемді нақтылап, келесі жылға су беру мүмкіндігін қарастыру маңызды. Әуежай маңы мен Белкөл кентіне кіреберіс аумақтардағы жасыл белдеуге аяқсу тұрақты берілуі және тал отырғызылуы керек.
Арық жүйелерін толық түгендеп, су жетпейтін учаскелерге қатысты нақты жобалық және қаржылық ұсыныс енгізіңіздер. Аяқсумен қамтылған аумақтарды кезең-кезеңімен ұлғайту үшін нақты жоспар әзірлеңіздер. Көшет отырғызу және оларды суаруды ұйымдастырыңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бүгінде қала аумағына аяқсу 15 нүктедегі 22 насос қондырғысы арқылы беріледі. Оның 4-еуі биыл орнатылған. Арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 98,8 шақырым, 68 көшені қамтиды. «Жібек жолы», «Сарқырама» және «Қызылжарма» каналдары арқылы 14,4 шақырымдық үлкен лоток жүйесі, 39 көшеде 68,6 шақырым болатын кіші лотоктар, ал 26 көшеде 15,8 шақырымдық лотоксыз арық жүйесі бар. Қала ішіндегі арықтарға су 6 аумақтағы насос қондырғылары арқылы таратылады.
Алдағы уақытта №217 мектеп ауласындағы су ұңғымасы жөнделіп, қайта іске қосылады. Бұл Қорқыт ата көшесінің бір бөлігіне аяқ су жеткізуге мүмкіндік туғызады. Аяқсу жеткізілген аумақтарды көгалдандыру мақсатында М.Шоқай, Қожа Ахмет Яссауи және Д. Қонаев көшелерінің бойына көшет отырғызылады.

24 сентября 2026
Шаһизада Әбдікәрімовтің мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті

«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен ақын, қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жасқа толуына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті. Оған ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Шахмардан Байманов,
Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен, Мағжан Ералиев, Қырғызстаннан және еліміздің өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Кеш ақынның шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы еңбегін қамтыған бейнероликпен басталды.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Шаһизада Өтетілеуұлының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасқан парасатын, отандық тележурналистиканың дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
-Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш ана тілімізде жарық көрген «Ақжол» газетінің негізін қалады.
Сол кезеңде Байқоңырдан қажетті жабдықтардыжеткізіп, өз қолымен іргетасын қалаған «Қоғам ТВ» телеарнасы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналды.
Шаһизада Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Сізді адамзат ғұмырының жемісті шағы - 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Әрі қарай да еліміздің рухани дамуына өз үлесіңізді қосып, отаншыл жүрегіңізден отты жырлар туа берсін»,- деді Мұрат Ергешбаев.
Мерейтой иесіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Иығына шапан жабылып, темір тұлпардың кілті берілді.
Жиында ардагер Сәби Аңсат, ақын, аудармашы, Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса , ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйледі.
Ақынның өзі сахнаға шығып, әр жылдары жазылған жырларын оқыды. Бұл өлеңдерде қоғамдағы сан алуан тақырып қамтылған. Адам болмысы, тіршілік түйткілдері, туған жер туралы көркем кестеленген өлеңдер жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Сондай-ақ мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндер орындалды. Сырдың жас ақындары да поэзия кешіне келген көрерменге өз өлеңдерін ұсынды.

23 сентября 2026
Көтерілген мәселелер заң аясында шешіледі

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 19 адам жазылып, оның үшеуі онлайн форматта қатысты. 
Негізгі көтерілген мәселелер – әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жұмыспен қамту.
Тасбөгет кентінің тұрғыны Ә.Молдағұлова көшесі бойынан балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысын жеткізді. Бүгінде Тасбөгет кентінде 14 балалар ойын алаңы, 1 стритбол және 1 жаттығу алаңы бар. Өткен жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қ.Баймағанбетов және З.Шүкіров көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі үйлер ауласына балалар ойын алаңы салынды.
Қазір кенттің басқа да аумақтарына ойын алаңдарын салу жолы қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Ә.Молдағұлова көшесі бойынан бос жер учаскесі анықталды, осыған орай ұсыныс енгізіледі. Бюджеттен қаржы бөлінген соң, кезең-кезеңімен салу жоспарланған.
Қармақшы ауданының тұрғыны Төретам және Жосалы кенттеріндегі автобекеттердің жұмысына қатысты мәселе көтерді. Бұған дейін Жосалы кентіндегі «Шынар-Ана» және Төретам кентіндегі автостансалар жолаушыларға қызмет көрсеткен. 
Алайда ғимаратты осы мақсатта пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, жұмысын тоқтатқан. 
Жосалы кенті арқылы өтетін бағыттарда жолаушыларға қызмет көрсету үшін бұрынғы «Самара–Шымкент» автодәлізі бойындағы «Айым» кафесінің жанынан диспетчерлік пункт ашылды. Пункт 15 шілдеден бастап жұмыс істеп келеді, 15 автобус және 5 «Спринтер» автокөлігі жолаушы тасымалдайды.
Қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелерді жан-жақты саралап, заң аясында шешу жауапты басшыларға жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыра алады.

18 сентября 2026
Инвестициялар тарту кеңесінің отырысы өтті

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялар тарту кеңесінің отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Аймақта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының айналма жолы, «Қызылорда – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарында жол салынып жатыр.
Қала маңындағы айналма жолдың құрылысы басталды. Мердігер «Қыран» ЖШС тас, қиыршық тас төседі. Свай қағылып, көпір тіреулері бетондалып, су құбырлары орнатылуда.
Мемлекет басшысының қатысуымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы телекөпір арқылы басталып, қазір қарқын алды. «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «ЭлитСтройКомплект» және «АРЕ-2013», «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Коммерческая фирма «УНА», ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолының мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігерлері «E.S.T. Construction» және «СТАНДАРТ-1» серіктестіктері. Қазір геодезиялық және топографиялық жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселуде. Құрылыс алаңдарында жұмысшылар, арнайы техникалар жұмылдырылған.
Аталған жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін, елді мекендер арасындағы жол қатынасын жақсартуға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы