GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Онлайн қабылдау
Все материалы
20 октября 2026
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДА ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ ПРОФИЛАКТИКАСЫ, ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ МИКРОБҚА ҚАРСЫ ТӨЗІМДІЛІК ТАҚЫРЫБЫНДА ШЕБЕРЛІК СЫНЫБЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Көпбейінді облыстық ауруханасының мәжіліс залында медициналық көмек көрсетудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі инфекциялардың алдын алу және дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында медицина ұйымдарының бас дәрігерлері мен сала мамандары арасында шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Шараға ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы, эпидемиолог Ағажаева Гаухар Өнерханқызы қатысып, тәжірибесімен бөлісті.
Шеберлік сағатында «Медициналық ұйымдарда инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау», емдеу мекемелеріндегі инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен заманауи халықаралық стандарттарды іс-тәжірибеге енгізу және «Микробқа қарсы төзімділік», бактериялардың антибиотиктерге төзімділігінің артуына жол бермеу механизмдері, микробқа қарсы препараттарды орынды, тиімді және негізді тағайындау, дәріге төзімді инфекциялардың алдын алу және емдеудің жаңа хаттамаларын қолдану бағыттары түсіндірiлдi.
Сондай-ақ, шарада медицина мамандарының кәсіби деңгейі артып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал жасалды.

20 октября 2026
ИММУНОПРОФИЛАКТИКА ЖҰМЫСТАРЫ МЕН ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТКIЗIЛДI

ИММУНОПРОФИЛАКТИКА ЖҰМЫСТАРЫ МЕН ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТКIЗIЛДI
Көпбейінді облыстық ауруханасының мәжіліс залында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер мен арыз-шағымдар талданумен қатар, иммунопрофилактика мәселелері қаралды.
Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасарлары мен бас дәрігерлер және қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы және Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, ҚР ДСМ С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Қызылорда облыстық филиалы, «СҚ-Фармация» ЖШС Қызылорда облысы бойынша филиалы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басшылары қатысты.
Жиында алдымен облыс бойынша азаматтардың өтініштері «Е-Өтініш» және «Тұлғалардың өтініштерін бірыңғай есепке алу» ақпараттық жүйелеріне талдау жасалды. Арыз-шағымдарға жүргізілген талдау нәтижелері мен анықталған негізгі мәселелер бойынша алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Сарманова Динара Сардарбекқызы баяндама жасады.
Одан соң тақырыпты қосымша ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Жақсылық Жанерке Алмасқызы тарқатты.
Әрі қарай күн тәртібіндегі екінші мәселеге кезек беріліп, облыс көлемінде 2026 жылдың 8 айында 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші айтылып, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында екпе жұмыстарымен қамту туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мирзанова Мая Миранбайқызы баяндаса, иммундау шаралары бойынша Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әбдіқайымова Әлия Мүтәліпқызы баяндады.
Баяндамалар легінен соң Данияр Еренғалиұлы "Біздің мақсатымыз – шағымдардың санын формалды түрде азайту емес, олардың туындау себептерін жою, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайту. Сол себепті арыз-шағымдарды азайту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын", - дей келе, жұқпалы аурулардың алдын-алу жолы – тек иммунизация екендігін ескере отырып, мақсатты топтағы балаларды кемінде оңтайлы деңгейде қамтылуын қамтамасыз ету, күнтізбелік егу жұмыстарының сапалы орындалуы үшін жұмысты күшейтуді тапсырды.

20 октября 2026
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСТА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ТОБЫ ЖЕҢIМПАЗ АТАНДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСТА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ТОБЫ ЖЕҢIМПАЗ АТАНДЫ
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығының аумағында халықаралық медициналық жедел жәрдем бригадаларының қатысуымен II Республикалық чемпионаты жарысы өз мәресіне жетті.
Беларусь, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан Республикаларынан және Қазақстанның 20 өңiрiнен барлығы 27 команда қатысқан командалар үш күн бойы шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі теориялық білімдерi мен практикалық дағдыларын, сондай-ақ командалық үйлесімділік пен жедел әрекет ету қабілеттерiн көрсеттi.
Сайыс қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы командасының құрамы бас жүлденi иемдендi.
Жеңiмпаз әрiптестерiмiздi жеңiстерiмен құттықтаймыз!

19 октября 2026
Медициналық нысандар құрылысы қарқынды жүргізілуде

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Мемлекет басшысы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында:
«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады» деп атап өткен болатын.
Нұрлыбек Машбекұлы Титов шағын ауданында салынып жатқан, бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын №5 қалалық емхананың құрылыс алаңына барды.
Бүгінде аумағы 9 мың шаршы метрлік медициналық нысанның үшінші қабатының монолитті бағандары бетондалуда. Бірінші қабаттың аралық қабырғалары қаланып, ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр. Жертөле қабатының аралық қабырғаларын қаланып біткен.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанның іргетасы қалануда. Көпсалалы орталықта амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетіледі. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері орналасады. Сондай-ақ, 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Сол жағалаудағы 300 төсектік көпбейінді аурухана - бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емханасы бар медициналық кешен. Онда емхана, пансионат, операция, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, физиотерапия, қабылдау және әкімшілік блоктары болады. Қазіргі уақытта абаттандыру және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін бетондалып, аралық қабырғалары қаланып және сырланып біткен, еденнің тегістегіш қабаты құйылған. Осы кезде керамикалық плитка төселіп, сыртқы қасбетке линеарлы панель орнатылып жатыр.

03 июля 2026
Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары тағайындалды

Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының №263-ж Бұйрығына сәйкес, еңбек шарты бойынша 2026 жылдың 3 шiлдесiнен бастап Сарманова Динара Сардарбекқызы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу - алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.
Динара Сардарбекқызы 1986 жылы 1 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ұлты - қазақ.
2012 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген.
2013 жылы «Оториноларингология» мамандығы бойынша қайта даярлау курсы бойынша бiлiктiлiк арттырған.
Еңбек жолын 2013 жылы №3 қалалық емханасында аймақтық дәрігер болып бастаған.
2013-2016 жылдары аралығында ЖШС «Доктор Матаев» клиникасында лор дәрігер;
2016-2016 жылдары Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс методист маманы;
2018-2021 жылдар аралығында басқарманың бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы;
2021-2022 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің стационар және стационар алмастырушы басқармасының бас сарапшысы;
2022-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінiң басшысы;
2023-2024 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы;
2024 жылдың 16 қыркүйегiнен бастап бүгінгi күнге дейін Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

 

 

09 июня 2026
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина»,«Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық № 3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған.
2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

15 апреля 2026
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тағайындалды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі негізінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы таныстырылды.
Нұрлыбек Машбекұлы денсаулық сақтау басқармасы басшысының жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырма жүктеді.
«Ана мен сәби өлімі, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетудегі жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс. Тұрғындарды профилактикалық, оның ішінде онкологиялық және жұқпалы емес ауруларға тұрақты тексеріп, алдын алу шараларын күшейту керек. Саланы цифрландырып, қағазбастылықты азайтуды тапсырамын. Алмас Әбдіғаппарұлының тәжірибесіне сүйеніп, халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруда аянбай еңбек етеді деп сенім артамыз», –деді Н.Нәлібаев.
Алмас Әбілпатта 1987 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Денсаулық сақтаудағы іскерлік әкімшілендіру» магистрі.
Еңбек жолын облыстық медицина орталығында қабылдау бөлімшесінің хирург-дәрігері ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық көпбейінді аурухананың хирург-дәрігері, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. 2023 жылдан осы кезге дейін Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып келді.

15 апреля 2026
Денсаулық сақтау министрі «Қамқорлық» ерте араласу орталығының жұмысымен танысты

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «Қамқорлық» ерте араласу орталығының және жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысымен танысты.
Аймақта жыл сайын шамамен 20 мың нәресте дүниеге келеді, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 322 мыңға жетеді. Балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы «Қамқорлық» орталығы ашылған болатын. Оған жергілікті бюджеттен 205,6 млн теңге бөлінді, ал «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қамқорлық» қорынан қаралған 103,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктілігін арттырды.
Орталық ашылған төрт жыл ішінде 6 000-ға жуық бала оңалту қызметін алды. Қозғалу, сөйлеу дағдыларын дамытып, әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңдерін сәтті аяқтады. Мұнда балаларға медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, медициналық оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ еңбек терапиясы.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өтіп, өткен жылдың соңында толықтай пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралды. Бүгінде жаңартылған бөлімшелер пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жоғары бағасын алуда. Соңғы үш жылда аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590 840 153 теңге қаржы бөлінген, 49 млн теңгеге 2 автокөлік сатып алынды.
Өткен жылы клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта физиотерапиялық емдеу бөлімшесін іске қосу және медицина қызметкерлерінің шетелде біліктілігін арттыру жоспарланған.

15 апреля 2026
Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының ардагері Бисенкүл Кәрібаеваны 70 жас мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласының ардагері Бисенкүл Өтегенқызы Кәрібаеваны 70 жас мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарған ел ағалары мен ақ жаулықты аналарымыздың ерен еңбегін құрметтеу қасиетті парыз екенін айтып, мерейтой иесіне құттықтауын жеткізді.
«Өңірімізде медицина саласының өркендеуіне, халықтың денсаулығын сақтауға ерекше еңбек сіңірген ардақты аға-апаларымыз аз емес. Сол кісілердің ізін басып, ел игілігі үшін атқарған абыройлы қызметтерін жалғаған дәрігерлеріміздің қатарында бүгінде мерейлі 70 жасқа толған Бисенкүл Өтегенқызын ерекше атап өтуіміз керек.
Ол 1955 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде білім алған.
Еңбек жолын 1979 жылы №2 Қызылорда қалалық емханасында дәрігер болып бастап, бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметтерін атқарды. №5 қалалық емханада, иммунтапшылығы синдромымен күрес орталығында бас дәрігер болған кезінде білікті маман әрі ұйымдастырушы ретінде халықтың ризашылығына бөленді.
Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін медицина орталығында қызметін жалғастырып, жас мамандарға саланың қыр-сырын үйретумен айналысып келеді.
Бисенкүл Өтегенқызының еңбегі бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сізді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай құрмет көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абдулла Шүленбаев, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Қаракөз Балабекова сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

15 апреля 2026
Аймақ басшысы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті.
Басқосуда аймақ басшысы Арал теңізінің ахуалы тек бір өңірдің немесе бір елдің ғана емес, әлемге ортақ, жаһандық экологиялық мәселе екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1 миллион 100 мың гектар аумаққа климатқа бейімделген өсімдіктер егіп, ормандандыру көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын.
2021-2024 жылдары 659 мың гектарға сексеуіл көшеті егілді. Қалған 441 мың гектар жердегі жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады.
Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау бағытында шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдардың қолдауымен де ауқымды жұмыс атқарылуда.
Құрғаған теңіз табанындағы құм көшкінін тоқтату үшін Германия, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттарының, ірі халықаралық ұйымдар және қорлардың қолдауымен 73 мыңнан астам гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды.
Бұдан бөлек, биыл Дүниежүзілік банк есебінен 441 млн. теңгеге аумағы 33,5 гектар орман тұқымбағы пайдалануға берілді. Бұл әлемдік қауымдастықтың Арал теңізі мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсетті. Сондай-ақ, достық байланыстардың жолға қойылғанының дәлелі деп білеміз.
Ауқымды жобалар Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға, су құрамындағы тұз мөлшерін азайтуға мүмкіндік туғызды. Бұл балық шаруашылығының дамуына оң серпін берді. Мәселен, 2004 жылы 400 тонна, 2024 жылы 6 мың тоннаға жуық балық ауланды.
Біз осы бағытта әріптестік орнатуға, бірлесіп жұмыс атқаруға әрқашан дайынбыз!», – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда сөз алған Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Робб Батлер әріптестікке жол ашық екенін жеткізді.
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Арал теңізі дағдарысының денсаулық пен қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы делегациясы өңірімізге жұмыс сапарымен келген болатын. Елдік миссия өкілдері теңіздің жағдайымен танысып, өңір халқының денсаулығына әсер ететін негізгі факторларды анықтауға, қауіп-қатерлерді жоюға қатысты арнайы форум өткізді.
Форум алаңында үкіметаралық жұмысшы топ өкілдері Арал өңірінің климаттық жағдайын, қоршаған ортаның денсаулыққа әсерін бағалап, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жобаларын кеңінен талқылады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы