«Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» деген болатын. Бұл сөздің салмағы ерекше. Шын мәнінде, ұстаз – баланың алдына білімнің ғана емес, өмірдің жолын ашатын тұлға.
Бүгін осы залда отырған әр педагогтің еңбегі – бір шәкірттің тағдырымен, бір отбасының үмітімен, тұтас елдің ертеңімен сабақтас.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жоймады.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби өрлеу тілеймін! Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында Сыр елінің үлгілі ұстаздарына «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» медальдары табысталды.
Сонымен қатар, бірқатар ұстаз «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдарымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шарада еңбегімен көзге түсіп, шәкіртімен бірге білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама берілді.
Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Бүгінгі мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстазды Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда Сыр өңірінің ұстаздары да құрметке бөленді. Атап айтқанда, Қазалы ауданы Б.Мергенбаев атындағы №226 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Нұрмахатов «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірдің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Кейінгі төрт жылда салаға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 млрд теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы кәсіптері бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Жұмысшы кәсіптері бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері жайында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасады.
«Жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша кадр даярлаудың мемлекеттік тапсырыс көлемін анықтап, 30 қарашаға дейін ұсыныс енгізіңіздер.
Облыстық білім басқармасы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, колледждерде мемлекеттік тапсырыспен білім алатын студенттер тәжірибе жинақтау үшін дуальды оқытумен қамтамасыз ету қажет.
Кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының нақты қажеттілігіне бейімдеу маңызды. Жыл сайын жаңа технологиялар енгізіліп, заманауи талаптар күшейіп келеді. Осы ретте өңіріміздің ауыл шарашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, энергетика, коммуналдық салаларына алдағы 3-4 жылда қандай мамандар қажет екенін анықтауымыз керек», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, облыстағы 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 87 мамандық 153 біліктілік бойынша 20 873 студент оқиды.
Биыл 1-курсқа 5 584 студент қабылданды, 15 477 студент мемлекеттік тапсырыспен білім алады, 24 колледжде дуальды білім берілуде, 17 колледж шефтік қамқорлыққа алынған.
«Өнер орталығында» «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті.
Алқалы жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.
Тамыз конференциясында аймақтың білім беру саласындағы жетістіктер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында алдағы даму бағытын белгілеу өте маңызды. Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп атап өтті. Басымдықтардың қатарында кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру, аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу, балаларды қорғау және олардың тәрбиесіне мән беру секілді негізгі бес бағыт айқындалды.
Президентіміз өз сөзінде Қызылорда облысының мектеп бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Түлектеріміз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орында. Бұл ең алдымен ұстаздардың табанды еңбегі мен мемлекет қолдауының нәтижесі деп білемін.
Облыстың 967 түлегі «Алтын белгі», 1124 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды. Білім алушылардың жетістіктерін мониторингтеу нәтижесінде оқушыларымыз 4-сыныптар арасында республика бойынша үшінші, 9-сыныптар арасында екінші орынға ие болды.
Бұл – жақсы нәтиже. Бірақ осы жетістіктермен шектелуге болмайды.
Президентіміз ауыл мектептерін дамыту және білім сапасы төмен аймақтарға нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Осы ретте қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартып, әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Сонымен бірге, халықаралық және республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобалар мен зияткерлік жарыстарға қатысатын дарынды оқушыларды қолдау жүйесін күшейтуіміз керек.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы». Осы жауапты жолда Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы баршаңызға тың бастамалар мен жарқын жеңістер әкелсін!» – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі жауапты тұлғаларға жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуде педагогтердің цифрлық құзыретін арттыруды, оқу процесінде тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың озық тәжірибелерін енгізуді тапсырды.
«Адал азамат», «Заң мен тәртіп», Конституциялық құндылықтар тәрбие жұмысының негізгі өзегіне айналуы керек. Бұл міндетті тек мектепке жүктеп қоюға болмайды. Мемлекет, мектеп, ата-ана және қоғам бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтиже шығады.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы педагогтердің біліктілігін арттыруды, жас мұғалімдерді қолдау және тәлімгерлік институтын күшейтуді, балалардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, әлеуметтік осал топтағы балаларға көмек көрсетуді, қосымша білім беру ұйымдарының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, балалардың бос уақытын ұйымдастыруды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды тапсырды.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, №10 Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Нағиша Есбосын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана қаласында өткен тамыз кеңесінде Жалағаш ауданы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған болатын.
Ал «Орта білім беретін үздік ұйым» аталымы бойынша берілетін 34 млн теңге грантқа Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің № 286 мектеп-лицейі лайық деп танылды.
Бүгінгі басқосуда білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, «Орта білім беру ісiнiң үздiгi» құрмет дипломы, Құрмет грамотасы, министрдің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте басты назарда болуы тиіс мәселелер жан-жақты талқыланды.
«Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Барлық қажетті шараларды қабылдап, дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет. Қазіргі уақытта 31 мектепте ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Қала және аудан әкімдіктері, 20 тамызға дейін білім беру ұйымдарының дайындығын толық қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтаңыздар.
Жаңа оқу жылындағы өзекті мәселелердің бірі – оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамту. Бұл жұмыстар да сапалы ұйымдастырылып, оқулықтарға қатысты шағым түспеуі қажет. Тағы бір маңызды міндет – балаларымыздың мектепке дайындығы. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Мемлекеттік мектептерде білім алатын, бірақ тиісті көмекпен қамтылмай қалған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы балаларына қажетті көмек көрсетілуі тиіс.
Ал жеке мектептерде оқитын көмекке мұқтаж оқушылардың мәселелерін демеушілер есебінен шешуіміз қажет.
Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында базарлардағы, сауда орындарындағы оқу құралдары, мектеп формасы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкелерін тұрақты өткізіп, оқу құралдарының жеңілдікпен сатылуын ұйымдастырыңыздар», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақта 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп, 28 колледж бар. Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушыларының саны 190 мыңнан асады. Ал биыл бірінші сыныпқа 17 700 бала қабылданады. Құжат қабылдау осы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Өңірдегі 63 қосымша білім беру ұйымында 70 мыңға жуық оқушы қамтылған. Жақында пайдалануға берілген «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ жыл бойы жұмыс істейді.
Жиында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де қаралды. Облыс әкімі бейнебақылау камераларын Жедел әрекет ету орталығына толық қосу, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп маңында жол полициясы инспекторларының күнделікті кезекшілігін ұйымдастырыңыздар. Әсіресе, оқушы саны мен көлік қозғалысы көп мектептер аумағындағы қауіпсіздікті күшейту қажет. Жаяу жүргіншілер жолы, жол белгілеріне қатысты кемшіліктер бар. Қала, аудан әкімдіктері 25 тамызға дейін аталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіріңіздер. Кейінгі үш жылда білім беру ұйымдарын инженерлік, техникалық жабдықтармен жарақтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Балаларымызға қауіпсіз, қолайлы орта қалыптасып, бейнебақылау камералары, турникеттер орнатылды.
Ендігі мақсат – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған құқықтық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру», – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасап, жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтты. Мәжілісте суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары, алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы да талқыланып, қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарында Мемлекет басшысының қолдауымен ашылған Ботаникалық бақ пен «Ai-Kerim» оқу-сауықтыру орталығына барды. Еске салсақ, Президент саябағы аумағындағы бұл нысандар аймақты Нұрлыбек Машбекұлы басқарған кезде салынған. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген Ботаникалық бақ жобасының бас мердігері - «Alem Qurylys AQ» ЖШС.
Экологиялық мәдениет пен туризмді дамытуға бағытталған заманауи көпфункционалды кешенде бірнеше мемлекеттен арнайы әкелінген экзотикалық және тропикалық өсімдіктер бар. Атап айтқанда, Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америка, Австралия, Мадагаскар сияқты елдерде өсетін 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Жасыл желекке қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқарудың, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.
Аймақта Президент қолдауымен халық игілігіне табысталған тағы бір нысан – жыл бойы қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы. Құрылысына 10 млрд теңге бөлінген 300 орындық тынығу лагерінің материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. Орталық аумағында әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат бар.
Сонымен қатар балалар демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында барлық қажетті инфрақұрылым мен заманауи жабдықтар орнатылып, демалыс аймақтары жасақталған. Аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған.
Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация спорт залын, бассейнді, кітапхананы, инклюзия, робототехника, 3D графика, ғарыш инженериясы, өнер, ғарыш және радио байланыс, астрономия, әуе және ұшқыш, биология кабинеттерін, лагерь ауласындағы амфитеатр, киіз үй және жатақхананы аралады.